Өнер қуып ой түзе, жұмыс қылып бой түзе

Өнер қуып ой түзе, жұмыс қылып бой түзе
жеке
блог

     

     Осыдан тоғыз жыл бұрын сексеннен астам адам улап-шулап №156 жалпы білім беретін мектепте жиналды. Кішкентай бүлдіршіндер өмірлерінде пайда болатын жаңа тұлғаны тағатсыздана күтіп тұрды. Солардың арасында, әрине, мен де бармын. Ол кезде маған тек он жас. Жанымда құрбым мен әпкем бар еді. Бәріміздің күтіп тұрғанымыз биден беретін апай болатын.

     Біраз уақыттан соң жастары шамамен он тоғыздағы екі бойжеткен келді. Аты-жөндерімізді параққа тізіп, жанына жастарымызды жазды. Міне, осылай бүгін тоғыз жасқа толып отырған «Айнұр» би тобы дүниеге келді.

     Жастарымызға орай бізді топ-топпен бөлді, сөйтіп әпкем жоғарғы топқа түсті, ал мен болсам кішісіне бардым. Мұғалімдермен танысып, дене жаттығуын жасап болғаннан кейін бірден би үйренуге кірістік. Бір топта қырыққа жуық адам  апыр-топыр, билеуге әлі икеміміз де жоқ болып алғашқы сабағымызды өткіздік.

     Шыны керек тоғыз жыл ішінде ансамбль ішінде неше түрлі жағдайлар болды. Жарыстардан ұтып келгендегі мадақтама қағаздарымыз қолымызға түспей, жоғалып та жатты, ансамбль бір  жасы тойланар алдында  костюмдер сақталатын бөлмеміз тоналып та үлгерді. Біреулер келіп, біреулер  үн-түнсіз кетіп жатты. Біреулер мадақтаса, енді біреулері аяқтан шалып, сүріндіруге тырысты. Бастықтар ел қызының жоғын шағарамын деп, біздің барымызды басып отырған кездер де болды. Дегенмен, біздің хореограф апайымыз – Айнұр Айдарқызы ешуақытта қаймыққан емес. Біреулер ту сыртынан оқ атып,аяқтан құлатуға тырысқан кезде, ол одан сайын бар ынтасымен алдыға ұмтылады.

     Бізді де "өнер қуып ой түзеуге, жұмыс қылып бой түзеге" үйретті. Күнделікті кештен түнге дейінгі дайындықар бізді қажытқан уақыттың өзінде маған «шаршадым деген сөзді айтпандар», « шаршасаңдар, мүлде билемей-ақ қойындар» дейтін. Ол кезде әлі студент апайымыз сабақтан кейінгі бос уақытын және барлық демалыстарын бізбен дайындық үстінде өткізетін. Түнге дейінгі дайындықтан кейін әр қайсымызды  үйімізге дейін апарып тастап, аман-есен қайтқанымызды қадағалап отыратын.

     Бүгінгі таңда хореограф апайымыз берекелі шаңырақ құрған, 3 кішкентай қызы бар. Біз де бой жеттік, ансабльдің кейбір шаруаларын өз мойнымызға алатындай дәрежедеміз. Өзімізден кейін өсіп келе жатқан биші қыздарымызға да айтар ақылымыз « ең бастысы – талап пен көп еңбекқорлық».

     Біз бірден тамаша өнер көрсеткен жоқпыз, ансамбль тоғыз жыл өмір сүрсе, біз де тоғыз жыл бойы өз қабілетімізді зор еңбектің арқасында жақсартып келеміз. Өнерде жүргеннің де өз қиындығы бар, бәрі шетінен бір-біріне қырғи қабақ, бәсекелес. Бетіне күліп тұрып, аяғыңнан шалатындары да бар. Сахна пердесінің ар жағын көріп жүріп, ненің жақсы, ненің жаман екенін біз де анық біліп алдық.