Өнер құдіреті

 

Сәлем достар! Сіздермен бүгін, яғни жетінші желтоқсан күні Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өткен кезекті қойылымынан алған әсеріммен бөліскім келеді. Есмахан  Обаев режиссерлық еткен драма «Жүрейік жүрек ауыртпай» деп аталады.Спектакльді  мен алғаш теледидардан көрген едім. Әрине, театр қойылымын көгілдір экраннан тамашалап  көңіліңізді көншіте алмайсыз.Сол кезде кейін өнер ордасынан өз көзіммен көрем деп ой  түйген едім. Бүгін соның сәті түсті.Жатақханаға сағат түстен кейінгі төрттер шамасында оралып, Гүлдана  құрбым екеуіміз театрға қарай ақырын аяңдадық.

Өнер ордасы  әдеттегідей   «Сәлеметсіз бе?», - деп сыпайы сызылған сұлу жүзді аруларымен  қарсы алды.Байқағаным , жастардан гөрі, егде тартқан кісілер, орта жастағы көрермендер көп жиналған. Спектакль басталып, бәріміз назарымызды кең сахнаға қарай бұрдық. Сахнаның екі қапталына диван, ортада үстел, ыдыс – аяққа арналған жиһаз тағы сол сияқты сахна көрнекіліктері аядай ғана үйдің көрінісін берді. Ортаға сақал- шашы ағарған жасы үлкен кісі шықты. Содан соң арсыз келіні мен ынжық, әйеліне қарсы сөз айта алмайтын ез ұлы шықты. Сахна көріністері бірін – бірі іліп әкетіп отырды. Жанымда отырған адамдарды сезуден қалдым. Қойылымға еніп кеткенімді бірінші көрініс аяқталған кезде «Он бес минуттық үзіліс» деген дауысты естігенде ғана білдім. Екінші көріністі асыға күттім. Он бес минут өтіп, екінші бөлімге де кезек келді. Алдына алжапқыш байлаған отағасы, тағы да сол долы келін қонақ күтпекші болып, апы  кіріп, күпі шығып жүргені...  Ақырында шақырған дөкейлері келмей мазаққа қалады. Ал ақсақалды әлдеқашан қарттар үйіне жіберген. Бір кезде қарттың денсаулығы жарамай, дәрігер оны қайта әкеліп тастайды. Қарттың жағдайы бір кездері хал үстінде жатқан өзімнің нағашы атамды елестетті.

 «Еңбегі шексіз асыл атам, сізде осы ақсақал секілді туған жеріңіздің топырағын аңсадыңыз-ау. Қасыңызда жүрген,басында билігі жоқ бейбақ балаңыз сезді ма екен соны? Ал екінші ұлыңыз ше? Қанша жыл сарғайып күткен, із- түзсіз кеткен  ұлыңызды бір көруге зар болып  аттандыңыз- ау. Жұдырықтай жүрегім сол уақыттағы сіздің арманыңыз еске түскенде қақ айырыла жаздайды».

 Қойылым менің өмірімнің сағыныш пен өзегімді өртеген  өкінішке толы сәтін бейнелеп берді. Өнер деген қандай құдіретті еді! Менің көзімнен парлап аққан жас тоқтамастан еріксіз аға берді, аға берді... 



Бөлісу: