Өнер белестерін бағындырып жүрген ТӨРЕҒАЛИ Төреәлімен сұхбат

«Отанды сүю-Иманнан» әнімен қалың жұртшылықтың ықыласына бөленіп, елбасымыздың алдына да барып осы әнін тарту еткен әнші, «Мемлекеттік тіліміз-Медведьев, Ресми тіліміз – Путин боп тұр ай» деп ақиқатшылдылығымен  ақындар айтысында өзіндік із салып жүрген айтыскер ақын Төреғали Төреәлімен сыр сұхбат. 
Өмірде бағындырғыңыз келетін шың қандай? Мақсатыңыз не?

-          Өнерде, айтыста бағындырғың келетін шың – барлық ақындарды жеңу, халық ықыласына бөлену шығар, әнші ретінде әнің тыңдармандарға жетіп, хит болса деп ойлауың мүмкін.  Өмірде белгілі бір белгілеген мақсатым жоқ, бірақ бағындырғым келетін шың бар. Енді, барлығы өзімнің ойымдағыдай болса, ер жігітке жалпы, үй салу, әке-шешеңді дұрыстап бағу, жақсы жар таңдау, ісіңді адал істеу болса, мен үшін шың сол деп ойлаймын. Мақсатым адам боп келген соң адам боп кету. 

 2. Өмір заңы мен өнер заңындағы қарама-қайшылықтар тудыратын қиындықтарға қалай қарайсыз?

(Мысалы, өнерде жүргенде адамгершіліктен аттап кету, біреулердің ақысын жеу болады. Өзіңіздің дегеніңізге жету үшін, сондай кезде қандай шешім жасайсыз, дегенмен өнер заңынан көрі өмір заңын биік қоясыз ба?)

-          Енді, өнерде көп жасап қойған ештемем жоқ, осы уақытқа дейін, әйтеуір, бірен-саран, бірен-сараннан да көп шығар, өнердегі тосқауылдар, көзіңе көрсетіп тұрып істейтіндер болды.  Өзім ешкімнің ала жібін аттамауға тырысамын. Ахрет күнінде, Алланын алдында есебіміз түгел болатын шығар, мен оған басымды қатыра бермеймін.

3. Қашан, қалай айтысқа бет бұрдыңыз, өнер болғандықтан ба, әлде, «айтып қалуым керек» деген ой болғандықтан ба?

-          Ақындық деген негізі мамандық емес, Құдайдан берілетін бір ерекше дарын. Кез келген адам «ақын боламын» деп ақын бола алмайды. Жалпы, айтысқа еліктеп келдім. Теледидардан аға буынды көріп. Солай, айтысқа келуіме себеп болған айтыс болатын. Бір кішкентай домбырам бар үйде. ))) Бала күнімнен қызығып, арман қуалап қой. Жүрсін ағаның дауысымен атым айтылып, сахнаға шақырылсам деген ұлкен арманым болатын.

4. Сіздіңше айтыс қандай өнер, мәнісі неде?

-          Айтыс деген халық пен билік арасындағы алтын көпір сияқты. Халықты сабырға шақыратын да, бірлікке шақыратын да, жалпы имандылыққа шақыратын да айтыс.  Ақындардың аузымен, ойымен көтерілетін не ақындар айтса құнды боп көрінетін сияқты. Айтыс қасиетті төл өнеріміз.

 5. Айтыстың бүгіні және ертеңі жайлы не айта аласыз?

-          Негізі, айтыстың өткені жақсы еді. Халық мәз-майрам, арқа-жарқа болып теледидардан да көре алатын, ақындардың орыны ерекше болатын сияқтытын, мен үшін. Енді қазір де жаман емес, жуаны жіңішкеріп, жіңішкесі үзілгелі тұрған  сәт. Басты проблемасы эфирге шыға алмауы. Қаншама жас ақындар шығып келе жатыр, олардың елге танылуына, халықтың біліп, ақынды таныған соң олардың не айтып жүргенін біледі, соған себепкер телеэфир тұғын. Енді, үмітті үзбейміз ғой. Айтысты сүйетін көрермен, Алматыда емес, Астанада болады десе, шын жанашыры сонда барып тұрып көреді. Қазақ аман болса, айтыс аман болады ғой.

 6. Айтыста сындар қатты айтылады, сол сындарға көзқарасыңыз?

-          Сын түзелмей мін түзелмейді.

 7. Ал, өзіңіз сын қабылдай аласыз ба? Осыған дейін сізге қатысты қандай сын қуантты немесе көңіліңізге тиді?

-          Қазіргі заман қиын ғой. Сындардың өзі тікелей өзіңе жетпейді. Бір ортада айтылады да сол жерде өсек болып қалуы мүмкін. Өзіме жеткен сындар, мақтау ма даттау ма білмеймін, «Төреғалидің айтыста дауысы жақсы, әні мен мақамы жақсы» дейді. Ауыр сындар да айтылған шығар, мен кекшіл болмаған соң есімде қалмайтын да шығар. Сынды жақсы қабылдаймын. Біреу мен туралы бірдеңе айтып жатса, жаныма жағады, (күлді). Кемшілігімді түзеуге тырысамын.

 8. Қазір эстрадада да біраз биікке шыға бастадыңыз, жүрегіңізге әншілік жақын ба, әлде, ақындық жақын ба? Екі салада да белгілі бір мақсат, жоспарыңыз бар шығар, айта аласыз ба?

-           Екеуі бір бірінен өте алыс өнер емес қой. Біте қайнасып, қабысып-қарысып жатқан өнер. Айтысқа әншілік керек, ән айту үшін ақындық керек деген сияқты. Мысалы, маған өзіме, әннен тақырып қозғайтын болсам, оны ақындығым қолдап, айтыскерлігім көмектеседі. Айтыста да айтайын деп тұрған шуағыңды халыққа жеткізу үшін әншілік міндетті түрде керек. Айтыс фольклорлық өнер болғандықтан ол жерге шынымен де бәрі керек. Сауат та, әншілік те, білім де, әртістік, ақындық, тапқырлық,  сондықтан жігітке жеті өнер де аз деген әңгімемен өзімізді ақтап шығамыз ғой ондай кезде. Екеуі де жаныма қатты жақын, қайсысын қуып кетеміз, оны Алла біледі.

 9. Ақындардың саяси көзқарасы жайлы не айта аласыз? Мәселелер қозғап елді дүрліктіретіндер мен шынымен ашынатын, немесе «айтыс заңы болған соң айту керек» дейтін ақындар болып бөлінеді ме, солай болса, сіз қай топтасыз?

(Мысалы, кейде бостан бос халықты шулатып, дүрліктіретін ақындар болады)

-          Иә, не болып жатқанын айтып, не істеу керек екенін айтпай, шулатып қана кететіндер бар. Енді, топқа өзімді өзім жатқыза алмаймын. Қолдан келгенше шындықтың айтылып қалғаны жақсы. Кейде, шындықты айтамыз деп өзіміздің таяқ жеп қалатынымыз да болады. Билікке жақса, халыққа ұнаса, бәрін орынымен айту керек, оған қарсылығым жоқ. Шындықты шырқыратып ақындардың қатарында болғым келеді. Шындық айтыстан өзге жерде айтылмайды ғой.

10.  Қай саланың білімгерісіз?

-          Ол да менің өнерім, ол да менің бала кезімгі арманым. Негізі актермін мен. Муз-драманы бітіргенмін. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегімін. Есім Жүкеұлы Сегізбаве деген атақты ұстаздың шәкіртімін.

11.  Қазақ жасы ретінде қоғамда,саясатта не мазалайды, ойландыратын жағлайлар бар ма?

-          Жастардың арасына белең алып тұрған нәрсе, былай қарасаң тіл, айналып келсең дін. Біздің жастардың клубтарда жүретіндігі, рухани байлықтары – өз әні мен термесін тындамайтындары, ол айналып келіп тілге тіреледі. Түнгі клубтарында жүруіне тыйым тек дінмен ғана келуі мүмкін. Менің да жанымды қынжылтатын сол мәселелер. Бізге енді көбіне ауызбіршілік жетпейтін сияқты.

12.  Жастарды ұлтжанды ету үшін қандай шара жасау керек деп ойлайсыз, әр жерде «елім» деп еңірейтіндер бар, бірақ бірігіп амал жасауға еш талпыныс жоқ. Жалғыздың үшін шықпас демекші, енді қандай амал қажет?

-          Жастарға өнер адамы ретінде, айтыскер ақын ретінде, жастардың айтысын көп қолға алу керек деп ойлаймын. Айтыс көп болса, тек қана жас ақындар қатысатын. Жастарды айтысқа тарту үшін шоу жетіспейді. Айтысқа қызылды-жасылды бояулар енгізіп, жас аудиторияны тарту қажет. Бір сарында емес, жастарды қызықтыратын нәрселер жасауға болады, енді ол біздің міндетіміз. Дәстүрлілігін жоғалтпаған заманауи әдіс керек.

13.  Сіздер айтысты теледидардан көріп соған ынтығып өстіңіздер. Қазір ол жоқ, ол түгілі дәстүрді дәріптейтін, жастарды қызықтыратын бағдарламалар өте аз, жоқтың қасы, бұның себебі неде? Аудитория жоқ па, саясат па?

-          Бұл қып-қызыл саясат қой. Біз демократиялық елміз дегенмен, шындық қаншалықты жағатын... Негізі, мен ойлаймын, біздің Қазақстанда бәрі шүкір, жақсы. Кемшіліксіз ештеме болмайды, заманның кем тұстарын жырлайтын ақындармыз, жарайды, бірақ сүрініп  жатқанда шалындырудың да қажеті жоқ. Эфирдің жабық болып тұруы да сол ғой.

 

14.  Билікке ұмтыласыз ба? Ел мүддесі үшін тұтқалы болып жатсаңыз не істер едіңіз?

-          Қатты құмар емеспін. Бірақ қолға билік берсе, ойлап, армандап жүрген жұмыстар көп. Айналып келгенде жастарды қолдау. Біріксек, көп жобаларым бар, ойлап жүрген. Арманым арман болып қалмаса екен деймін. Жиындар жасасақ, айтыс жасайтын болсақ, жастар рухани байып қалатын еді. Билігіміз болмаса да пайдамызды тигізетін іс жасауға барынша тырысамыз ғой.

15.  «Сөз мергені» болашақта сөз мергендерін іздегісі келмейді ме, бағдарлама жалғасын табады ма?

-          Негізі, бағдарламалардың ішіндегі жүргізушілері әр түрлі болса да ғұмыры ұзақ болған бағдарламалардың бірі. Жоба сол күйінше аяқталған болуы керек. Жаңа түрі шығатын шығар, қазаққа керек бағдарламалардың бірі еді. Биліктен рұқсат болса, ашылып, жалғасын табар, бірақ «Сөз мергені» деген атаумен ол жабылды.

18.  Қазіргі қазақ қыз-жігіттеріне бағаңыз, қандай болса дейсіз? Білімі, тәрбиесі, өмірлік ұстанымын қалай сипаттайсыз? (Меніңше жақсы буын бар)

-          Тырнақтың астынан кір іздей берсен көп. Кемшілік өзімізде де жетіп артылады. Менімше, қазір жақсы сияқты, жастардың көбі дінде, ұл-қыздарымыз да құдайға шүкір. Арасында бір қарын майды шірітетін құмалақ сындылар бар. Соның бәрі имансыздықтан туатын нәрселер ғой. Мен жалпы ризамын.

Қыздары бар дәстүрден жаңылмайтын,
Көлде жүзген аққудай мамырлайтын.
Бірімізді біріміз батырым дейік,
Біз біріксек қамал жоқ алынбайтын.

Қазақ жастары, қия баспады, 
Алға бастады, көзімді ашқалы.
Көзді жұмбағын, биік тұр бағы,
Қазақ халқының қыздары, ұлдары.

Сұхбатты дайындаған: "Қазақстан-ZAMAN" халықаралық газетінің, Қазақстан Респулбикасы, Алматы қаласының редакциясының тілшісі - Адамқұл Айдай Айтуғанқызы "Өнерде де өмірде де ағамдай қатты сыйлаймын. Алла ісінің берекесін берсе екен..."



Бөлісу: