"ӨНЕГЕ"

       Бүгінгі таңда қазақ баспасөзінде күн санап газет-журналдардың жарық көруі үйреншікті үрдіске айналды. Бір-бірін қайталаған басылымдар отбасы, ошақ қасы тақырыбынан ұзап кете алмай жүрген сыңайлы. Біз де бір Аллаға сыйынып, тәуекелге бел буып, талғамы биік қазақ халқына «Өнеге» атты жаңа журналды сыйға тарттық. «Өнегенің» көркемдік сапасы жоғары, өзіндік үні, көтерер жүгі бөлек. Ұлт өмірі ұлттық өнермен айшықталады. Ал ұлттық өнеріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген тұлғалар да аз емес.

     Тірлігінде адам баласы өнегелі өмір сүруге, сөйтіп өзгелерге үлгі болуға жарап жатса, мұның өзі үлкен бақыт... Біздің журнал өнегелі өмір иелерімен сырласуға жол ашпақ. Өнерімен, халқына адал қызметімен, мінез-құлқымен, ақыл-парасатымен жұрт назарын аударған тұлғалармен оқырманын таныстыру «Өнегенің» басты мақсаты. 

    Осыдан 1,5 жыл бұрын баршаңызға танымал әнші Мейрамбек Бесбаев іріктеу арқылы бірнеше жас буынды жиып, жаңа журнал ашпаққа бел буды. Әрқайсымыз өз ойымызды ортаға салып, басылымның консепциясын құрастырып, ерекше рубрикалар дайындауды ұйғардық. Басты мәселе - журналға жақсы ат қою болды. Түрлі атауларды айтып, басымыз қатып жүргенде, бір күні  басшымыз Мейрамбек Бесбаев маған қоңырау шалып: «Гүлнұр, журналды «Өнеге» деп атасақ қалай қарайсың? Сен бас редакторсың ғой. Сенің пікірің маңызды», - деді. «Шындығында, құлаққа жағымды естіледі екен. Қаптаған сары басылымдардың қатарынан емес, елге сыйлы азаматтардың өнегелі істерін жария етуді басты назарға алғандықтан осы атау журналымызға сай келетін сияқты» деп өз ойымды айттым. «Ендеше, редакциядағылармен кеңесіп көр, ұнап жатса, осылай атайық», - деді Мейрамбек. Ұжымдағыларға «Өнеге» деген атау ә дегеннен ұнап, бірауыздан келісті. Шын мәнінде, қазақ өнер әлемінде талантымен танылып, талай көрерменнің жүрегінен орын тапқан дарабоздар аз емес. Бұған санамызды мазалаған бүгінгі қоғамның сан дертін қосыңыз. Өнер адамдарының бойындағы өнегелі тұстарды халыққа паш етіп, қазақ шоу-бизнесін бір қадам алға жылжытып жатсақ қанекей? «Өнеге» тек шоу-бизнес әлемімен шектеліп қалмайды. Журналымызда қоғамды дүрліктіріп отырған толғауы таусылмайтын дін мен діл жайлы мәселелерде талқыланады.

    Бүгінде қазақ эстрадасына тағылар сын, айтылар мін көп-ақ. Алайда өнердің өзі халықтың тікелей қолдауымен дамитыны жасырын емес. «ӨНЕГЕ» арқылы біз сіздерге «өнер» атты алып әлемнің қыр-сырын көрсетпекпіз. Жастарымыз жаппай Батысқа еліктеп, өзге мәдениетті бойына сіңіріп жатқан мына заманда қазағымыздың төл мәдениеті мен өнерін насихаттау қажет-ақ. Осындай ой оқырман қауымға жаңа журнал ұсынуымызға түрткі болды. Әрине, тәй-тәй басқан баланың жүрісінде олқылықтар болатыны секілді, алғаш адымдап келе жатқан  біздің басылымымызда да қателіктер болары хақ. Дегенмен талғамы биік оқырман, мына сіздер болып, «Өнегенің» талапты ұжымы болып, басылымымыздың өркендеуіне үлес қосайық.

     Біздің негізгі демеушіміз - оқырманның ықыласы. «Өнегеден» көз жазбаңыздар! Пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды асыға күтеміз!

 



Бөлісу: