Өндірістік тәжірибе - кәсіби маман даярлаудың кепілі

    Қазақстанның білім беру кеңістігінде қара шаңырағы  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алдыңғы қатардағы көшбасшы университеттің бірі. Оқу ордасының тарихы мемлекеттің тарихымен, оның ғылымымен, мәдениетімен, жоғары білім беру жүйесімен сабақтасып, ұштасып жатыр. Университет құрылғаннан бері Қазақстан Республикасы бойынша ғана емес, әлемдік деңгейдегі оқу ордаларымен бәсекеге қабілеттігі дәлелденді.

    Қазіргі таңда, жаһандық ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) аналитикалық есебі бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болып табылады. Әлемнің 12 елінде әл-Фараби орталықтарын ашылған болатын. Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы рейтингінде ҚазҰУ жоғары бағаланып, еуропалық жетекші жоғары оқу орындарының қатарына енді. ҚазҰУ әлемдегі үздік 200 экологиялық және ең озық технологиялық университеттердің үздік 50 тобына кіреді. Жоғарыда аталған көрсеткіштер нәтижесінде, ҚазҰУ түркі және ислам әлеміндегі ең үздік университет ретінде танылған еді. Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институттары, орталықтар кітапхана, мен технопарк жатады. Әрбір факультеттің кадрлық әлеуеті көп жылдық педагогикалық өтілі бар тәжірибелі оқытушылардан тұрады. Дәріс сабақтарға кафедралардың ғылыми құрамы, оқытылатын пәннің жетекші мамандары, сондай-ақ еңбек сіңірген өнер және мәдениет қайраткерлері жіберіледі.

    Қазақ Ұлттық университетінің тарихы тереңнен бастау алатын Филология және әлем тілдері факультеті.  Факультеттің негізін қалаған қазақ халқының, ұлтымыздың ұлы тұлғалары – М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев. Факультетте әр жылдары тіл мен әдебиеттану ғылымының Республикаға белгілі аса көрнекті ғалымдары ұстаздық қызмет атқарды. Атап айтсақ, Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев, академик Рымғали Нұрғали, филология ғылымдарының докторы, профессорлар Кәкен Аханов, Хайролла Махмұдов, Мая Бағызбаева, Талғат Сайрамбаев, Алма Қыраубаева. Факультетін бітірген түлектер арасынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақ руханиятындағы орны бөлек ақын-жазушылар да біршама. Қазіргі уақытта факультет құрамындағы әрбір кафедра мамандар дайындау үдерісін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Білімгерлерге сапалы біліммен қатар, жаңа уақыт құндылықтарына  негізделген: бастамашылық, шығармашылық, толеранттылық, көшбасшылық, шығармашылық өзін-өзі көрсете білу, салауатты өмір салты мен мәдени құндылықтарды ұстануды да басты негізге алады. Білімгерлердің мамандану тәжірибелері ғылыми-шығармашылық ортада өтеді.

    Әрбір мамандық өз білімгерлеріне сапалы білім ғана емес білік пен дағдыны қалыптастыру мақсатында тәжірибелер ұйымдастырады. Университтеттің ғылыми-әдістемелік кеңесі отырысында, оқу жұмысы жөніндегі проректор А.К.Хикметов «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттерінің өндірістік тәжірибесінің өту орнын «Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу әдістемелік, ғылыми зерттеу орталығы» деп бекіткен болатын. Өндірістік тәжірибе бойынша жауапты  зерттеу орталығының жетекшісі Имаханбет Райхан Сахыбекқызы , қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасынан аға оқытушылар: Л.Мекебаева, Ш.Шортанбаев, оқытушы А.И.Есентаева бекітілген болатын. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы жайында талай деректі ахметтанушы ғалымдардың жинағаны белгілі. Жаңа ақпарат, жаңа заманда Ахмет бабамызға байланысты өндірістік тәжірибемізде ғылыми тұжырымды дұрыс қалыптастыру,  библиографиялық тізім құру, каталогпен жұмыс жасау сияқты  жұмыстар ұсынылған болатын. Соның нәтижесі ретінде, әрбір білімгер әдістемелік қабілетін жетілдіріп, кәсіби қасиеттеріні қалыптастырып, дамытқан болатын.

 

 

          Жылқайдар Сымбат Асылбекқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазақҰУ

Филология факультеті

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті;

 

Имаханбет Райхан Сахыбекқызы,

Ф.ғ.к., аға оқытушысы

 



Бөлісу: