Ондай ақындардан өнеге алғым келмейді!
блог
Лақтырған таяғың ақынға тиіп кететін болды ғой өзі. Массагеттегі блогтардың көбі өлеңмен өріледі. Қуантатын жайт. Бірақ менің айтпағым басқа...
Ақындар ең таза халық па десем, кейінгі кезде ақындарға жақын жүрем деп, біраз нәрсеге көз жеткізіп жатырмын. Өкініштісі, ақындар қауымы көз алдымда ең лас, ең пәс халыққа айналып барады. Әлбетте, көпке топырақ шашпаймын...
Адамгершілік тұрғысынан алғанда, көп ақын "Мен ақынмын" деп кеуде кере ме, білмедім, әйтеуір дүниенің ең пасық мінезін бойына жиып алғандай. Несіне кеуде кереді екен? Қазақ өзі әу баста ақынжанды халық боп жаралған!!! Ата-бабамыздан жалғасқан тамыр үзілмей, сол тамыр ұрпаққа дарып, ақындық содан қонған. Дүниенің небір нашар әдеттері әлде сол өлеңмен бірге келе ме, ол жағы маған түсініксіз. Сондай пасық, лас адамнан қалайша таза, мөлдір өлең туады екен?
Асылзат Арыстанбек деген ақын қыз бар. Өлеңдерін оқыған да шығарсыз. Басқа бағыттағы өлеңдеріне әңгімем жоқ, бірақ эротикалық бағыттағы өлеңдері... Өз басын құрбандыққа шала отырып, осындай өлең тудыру, жалпақ жұртқа жария қылу батылдығынан ба, әлде тәрбиесінің кемшіндігінен бе? Қазақты әу бастан тәрбиелеген де осы ақындар болған. Сол Асылзат деген қыздың қазаққа беріп жатқан тәрбиесі, өнегесі осы ма? Әлде атың шықпаса, жер өртенің кебі ме? Қазақ қызының құны Мұхтар Әуезов жазған Сыздықтың Жәмиләсіндей ғана болғаны ма?! Ең қызығы қазақтың қаймағы деп жүрген ағаларымыз бұл өлеңдерге жылы қабақ танытып, Асылзаттың шашбауын көтерумен жүр. Қазақ тентегін тыйған халық еді... Жалғыз Асылзат емес, ондай ақын "қыздар" көп болып тұр...
Ал кейбір ер ақын айрандай ұйыған отбасын сақтай алмай, әр қызға бір тиіп-қашумен жүр! Мойындамай көріңіз... Мен әлбетте, сөзіме тиек боп отырған ақындарды тағдыр нендей тосын сыйлармен сынап жатқанын білмеймін. Бірақ адам баласының осы өмірдегі ең ізгі, ең ұлы мақсаты – отбасында ұлықты отағасы, жарына сүйеу болу емес пе еді?! Әлде ұлттың ұлы мұраты жолында жүріп, бір отбасын сақтай алмау ақындардың бұлжымас қағидасы ма?! Абайды айтып ақталар. Бірақ қазір Абайдың заманы ма?!! Ірілігі кәне? Тектілігі кәне?
Пендешілігін ақындыққа теліп қою қағидасы басым тұрған заман болды. Барып тұрған екіжүзділік!
Біреудің жеке басында не шаруаң бар дейтіндер табылар, бірақ ақындар ұлтты тәрбиелейтін қауым. Ал мен осы ұлттың бір бөлшегі ретінде ондай ақындардан тәрбие, үлгі алғым да келмес еді...
Сөз соңында әлеуметтік желілерде қызу талқыға салынып жүрген "керемет ақынның" "әдемі өлеңін" ұсынамын...
Сурет: anypics.ru