«Онда тұрған не бар?»: қазақты құртқан осы сөз!

Көшпелі қазақ жұртын бәле-жаладан, жамандықтан, тексіздіктен сақтап келе жатқан үш ауыз сөз бар: «Ұят болады!», «Жаман болады!», «Обал болады!».

Ұят болады!

Қазақ тектілікке аса мән беретін халық. Ол тегінен солай. Ең арысы фольклорымызда да бар. Ұят пен арды бәрінен биік ұстаған қазақ халқы: «Өлімнен ұят күшті» дейді. Мың жылдар мейлі, ғасырлар ауыссын бұл үш сөз қанға сіңіп, заң болып кеткен еді. Қандай жағдай орын алмасын ең бірінші сақталу керек дүние – ұят. Қоғамдық ортада, үйде болсын ол бірдей сақталады. Ең қарапайымы, үлкен кісімен амандасау керек. Сәлем бермеудің өзі ұятқа жатқан. Сыйластық, адамгершілік, адалдық, жақсылық атаулы бәрі-бәрі ұяттың ішінде жатқан қасиеттер.

Обал болады!

«Обал» сөзі қазақ адамға көп қарата бермейді. Сирек кездеседі. Ал обал деп табиғат аясындағы тіршілікке, жан-жануарға айтады. Себебі көшпелі жұрт үшін төрт түліктің, аңның рөлі ерекше. Сиырды тепкізбеген қазақ «Обал болады!» дейді. Себебі етін жеп, сүтін ішесіз. Сол секілді өсіп тұрған өркенді жұлмайды, құрмысқаны да мыжбайды. Обал болатынын біледі. Аяушылық таныту – ұлы қасиет.

Жаман болады!

Ұят пен обалға қарағанда бұл сөздің астары тереңде. Тіпті түсіндірме сөздікке салып, мың жерден іздесеңіз де жауабын таба алмайсыз. Себебі тегінде қазақ «жаман болады!» деп айтып кеткен бітті. «Неге?» дейтін сұрақ қойылмайды. Өйткені жаман болады. Ал сөздің киесін түсінген халық жамандықты не екенін біледі. Мәселен, аяғыңды көкке көтерме, түнде тырнақ алма деген секілді ырымға жақын дүниелер бар. Бұларды істеуге болмайды. Себеп біреу – «жаман болады!»

Уақыт сырғып, ғасырлар тоғысындағы ең бір көзқарасы өзгеше заман келді. Бұл ХХІ ғасырдың бәріне қол сілтеп қарайтын, еркіндікке ұмтылуға асыққан дәуір. Қазақтың сақтап келген үш-ақ ауыз сөздің күлін көкке ұшырған «Онда тұрған не бар» сөзі келді.

Онда тұрған не бар?!

«Қызым немесе жарым, тым қысқа киініпсің» деген сөзге бір-ақ жауап: «онда тұрған не бар?!» онда тұрған ұят бар еді.

«Көк шөпті жұлма!» десе: «онда тұрған не бар, шөп қой!». Оған обал болатын еді.

«Түнде тырнақ алма!» десеңіз: «онда тұрған не бар, сондай ырымдарыңды қойсаңдар, тегінде қазақта түнде жарық болмаған соң тырнақ алмаған». Ал ол жаман болатын еді. Себепсіз!

«Халық айтса, қалып айтпайды». Тектіліктің қадірі мен қасиетін сезген бабалардың сақтаған дәстүрі де, заңдылығы да бек дұрыс. Адамның адамдығын, табиғаттың заңын, жаманның жамандығын о баста аңғарса, тегінен сезсе ұрпаққа тегі теріс өсиет қалдырмасы анық.

Мәдениет – ойыңа келгенді жасап, еркін сөйлеп, еркін киініп, зайырлы тұлға болумен емес, заңға бағына отырып, дәстүрді сақтай отырып, адамдық қасиетіңді шынайы көрсету.

Ұят екенін біле тұрып, обал қылмаңыз. Жаман болатынын біле тұрып, жаңсақ кетпеңіз...

(с) Марғұлан Ақан



Бөлісу: