ОҢБАҒАН
блог
*** Көзімді тарс жұмып, басым ауған жаққа қашып кеткім келіп жүр. Байланыс желісінің бәрін өшірсем, өзі де сондай бір керемет, еркін, өзгеше күй кешетін шығармын, ә? Байқап көру керек.
Н.ғ.: ...сіңлім: "сен біреуге керек едің тегі"- деді, ойнап жатқанымызда...қалжыңдап айтты. Бірақ рас айтты. Ойнап жатсақ та, жүрегім "шым" ете қалды...
*** "ОҢБАҒАН!" Осы сөздің мағынасы жақсы сияқты. Тек "ң" дыбысына бірде тілі келмей қалған адам шығарған сияқты. "Оң" "бағаң". Яғни, сенің бағаң оң, дұрыс, түзу, дұрыс адамсың дегені шығар, ә? Осылай болса, бұл сөзді маған да айта беріңіздер. Жақсы қабылдаймын.
Н.ғ.: ...мен шындықты жақсы көремін, әрі жақсы қабылдаймын...
*** Ұнатсам, ұнаттым деймін. Ұнамаса, ұнамайтынын айтамын. Ренжітіп алдым деп ойласам, тезірек кешірім сұрауға тырысамын. Ренжітсе де, ренжімеймін, тым құрығанда ренжімеуге тырысамын. Ары кетсе бес минут бұртиямын, сосын өкпе жазылып кетеді. Достарыма, жалпы адамдарға адал болып, жақсы қарым-қатынас жасағым келеді...барынша... Айтқым келгенді айтып, жазғым келгенді жазамын. Ойыма сатқындық жасап, не миыммен санаспай қойғым келмейді. Қаншалықты мыжыма да, пайдасыз һәм қызықсыз болсам да...өкінішке орай, бәлкім... бірақ осы күйімде мен өмірде бармын. Жауапсыз болса да, Адамды сүйіп қалсам, жүрегім сыр берсе...айтып саламын. Одан екі жақ та ештеңе жоғалтпайтындықтан (менің хәлім маңызды емес), жәй ғана айтып саламын... Сірә, осылайша жан жарамды, сағынышымды "емдегенім", не "жылы жауып" қойғаным шығар. Ұнататынымды, сүйетінімді жүрегіммен сезіп, санаммен ұғынғанда жарты жаһанға жар саламын. Бұл "қылығымды" ұят, осалдық, қызға тән емес деп тауып, мені жазғырып, айыптап, күле қарайтын жандарға айтарым: мен дәл бүгін, дәл қазір ұнатамын, сүйемін, ал, ертең...білмеймін. Осы Ұлы "лүпілдің", маған жараспас нәзік сезімнің барын, болғанын білсе деймін... Жәй ғана...керек етемін...бәлкім,енді тек керек еткенмін. Өтіп кетсе де, сол бір сезім басымнан, жүрегімнен, санамнан, түйсігімнен, өн бойымнан...менен өтті. Шүкір. Сондықтан, дер кезінде, құны, мәні бар кезде айтып қалғым келеді... Болды. Басқа ештеңе.
Н.ғ.: олар көп емес...сондық ұнатқаным екі-ақ адам. Екеуі де жоқ. Хайыр.
*** Ештеңенің мәні жоқ... біреуді сүйесің бе, күтесің бе, ақшаң бар ма, жоқ па, бір жерің ауыра ма, жоқ па, саған бірнәрсе керек пе, жоқ па, арманың не, ұйқың қанды ма, жоқ па, жазды қыдырғың келе ме, жоқ па... жалпы саған не керек... Адамды ешнәрсе қызықтырмай қалады... Сен интернетте мәні жоқ, болмайтын дүниелерді қарап, бос уақыт өткізіп, түн жарымға дейін отырғаныңда, Әкеңнің, не Анаңның аяғы тартылып, не жүрегі қысылып, қан қысымы көтеріліп, өн бойы ауырып, айғаймен шошып оянып, жаны қиналып, өмірмен күреске түскенін көргеніңде... жоғарыда аталғандардың бірінің де мәні болмай қалады. Рас!
Н.ғ.: ... шырмауықтай шырмап алған қу желінің дегені болып жатыр әзірге. Тек әзірге ғана...
*** Біздің қолдар...Біздің деймін-ау, ешқашан "біздікі" деген ұғым Бізге ортақ болған емес те екен-ау. Біздің қолдар ұстаспақ, жетектеспек түгілі, ендігәрі, жанарларымыз да түйіспес. Әгәрәки, Сізді көріп қалсам, танымастай боламын, Сіз де сөйтіңіз, Мереке Иесі, жарай ма?
Мереке дегенім-Сізді ойлайтын әрбір күнім мереке ғой, мен үшін...
Н.ғ.: ...мен өтірік айтпаймын. Көзімнен ұяламын...
*** Ойлаймын да... Егер Адам өзгеге айтқандарының, ендігі айтуым керек деп жүргендерінің тым құрығанда 50 пайызын өзі орындаса, онда тәп-тәуір керемет Адам болып қалар еді. Ақыл айтуға келгенде, бәріміз "мәстірміз", иә?
Н.ғ.: ...кейде айнаға қарап, өзіме өзім ақыл айтқым келіп кетеді...
*** "Менен қорқасың ба? Неге сөйлескің келмейді менімен?"...дейді біреу. "Мен Алладан ғана қорқамын, басқа ешкімнен де, ештеңеден де қорықпаймын. Ал, бөтен ешкіммен сөйлескім келмейді." - десем, "Неге Алланы барлық жерге қоса бересіңдер"- дейді. Аллах қалауымен ғана тірі екендігіміз, бәрінің тек Аллах қалауымен болып жатқанын... қысқасы, оның санасының есігін қаға алмадым. Жәй ғана диалогтың есігін жаба салдым.
Н.ғ.: ..біртүрлі адамдар көп дейін десем, біртүрлі. Одан да қызық адамдар көп дейін.
*** ...мен түсімде көрген сүгіретін негізгіден алып тастағалы... басқа сүгіреттерін де, өзін де көрмейтін болдым түсімде де, өңімде де. Жақсы болды.
Н.ғ.: ...айттым махаббат далбаса деп...
*** Сағындым. Саған кім, не керегін білмеймін, ал, маған Сен керексің және кемпірқосақты көргім келіп жүр...
Н.ғ.: ...жаңбыр жауарда қарлығаш жер бауырлай ұшады...
*** Бірін-бірі көре алмайды Адамдар. Құдай ақы, неге өйтеді екен, а? Миыма сыймайды. Шаршатты. Неге бірін-бірі түтіп жеуге дайын осы? Сыймайды-ау, сыймайды Құдайдың мына кең жеріне! ... ауыр күрсініс...
Н.ғ.: ...мен оңай-ақ сыйып жүрмін жерге...
*** Не ғо, құлақ-миды жеу не әдет осы? Күйеу тақырыбын айтамын. Ендігі ол тақырыптан желкем жауыр болғалы қашаааан. Басында қызық көріп, қалжың ретінде тыңдадым, сосын ақыл деп, сосын мысқыл, сосын... Маған бәрібір. Ол тақырып ендігі құлақ тұсымнан желдей еседі.
Н.ғ.: ...ендігі қашатындар қашып кетті де...
*** Маған ұнауға міндетті емессіз! Мен де Сізге ұнауға тырыспаймын, маған ұнайтын Жан!
Н.ғ.: ...сезімсіз де өмір сүруге бола ма өзі?
*** Өмірге келген соң, әрбір Адамға жетекші, үйретуші, жолсілтеуші, бастаушы, ұстаз керек. Егер Оның бағыт берушісі жақсы Жан болып, дұрыс бағдар берсе, Ол Адам өскенде өзі де біреуге бағыттаушы болады. Дүние-керуен.
Н.ғ.. ...кімді адастырып, кімге жақсы жол көрсете алдым екен осы жасқа дейін...
*** -Тссс, тыныш, ұятым ұйықтап жатыр. Оятып алсақ, көзімізге көкемізді көрсетеді. Нағыз той сонда болады.-депті Ар Намысқа.
Н.ғ: ...менің ұятыма прожектор жағып, дәл тұсына колонкамен музыка қойса да, оянбас...
*** Жаңғырық!!! Құлағым тұнады кеудемде шыңғырған жанымның айқайынан! Жүрегім алабұртып, кең жаһанға сыймайды! Үнсіздіктен асқан айқай жоқ! Бақытты болу қиын екен...
Н.ғ.: ...адам өмірі бақытты іздеумен өтіп кетсе, не мән?
*** Сыртта үрген иттер. Тықылдаған сағат. Әкемнің қорылы, ұйқысырап сөйлеп жатқан сөздері, өздаусынан, өз қорылынан өзі шошып, оянып кететін. Жүрегімнің дүрсілі. Қараңғылық. Тоқта, тыныс алуым естіліп жатыр және. Ұйқы жоқ. Жатыс осы. Соңғы кезде дем жетпей жүр, не ауа жетпей жүр. Зоб дегенін қаратпап ем. Сол сыр беріп жүр, шамасы. Содан тыныс алуым естілетін дәрежеге жетті ғой деймін. Қолдың бәрі мазоль, буындардың тұсы, әсіресе. Осы қолыммен автобуста тұрсам, мені емес, әуелі қолымды көрсе, "мужчина, уберите руку" дер. Үйдің тірлігі ғой. Ақсаусақ бола бастаппын. Ауылға келіп, тірлік қылып, өмірді сезініп жүрмін барынша. Өмір сүру жақсы екен. Еңбек тіпті де! Мыжып кеттім. Енді сол жатырмын, барша жұрт футбол көріп жатқан болар. Айналдырған бір доп бүкіл әлем таласқан. Қызық. Ермек қой ол да. Біреуге өмір мәні, біреуге жәй ойын, біреуге ақша, біреуге мансап, біреуге сүйіктісіне жағудың бір амалы... Жәрайды, мен жәй ғой...
Н.ғ.: ...ауылда "жұлдыздар" көп...