Он сегізден он алтыға хат

Қымбатты, он алты жасар Әсел! Сен қазір барлық уақытыңды сабақ оқуға, білімге құштар көңіліңді қанағаттандыруға арнап жүрсің. Бір уақыт бауырларыңа да көңіл бөл. Оларға кейде тым қатал болып кетесің. Бір құрсақтан шыққан бөлшектерің ғой. Көп мейірімділік таныт. Әрдайым сөзіңмен емес, ісіңмен үлгі бол. Ата-анаңа орынсыз өкпелеме. Өзің тым еркесің. Ата-анаң барлығын сенімен ақылдасып отырып жасағанға етің үйреніп кеткен. Ал, өмір барлығын сенімен ақылдасып жасамайды. Басқа адамдар сенімен мүлдем санаспауы мүмкін. Ата-анаң өмір бойы жаныңда болмайды. Көп ұзамай олардан жыраққа, алыс қалаға білім қуып, арман қуып аттанасың. Сол кезде қиын боларын бір сәт ойыңа ал.Өмірге басқа көзқараспен қарай бастайсың.

         Ешкімнің өзіңді ренжітуіне жол берме. Адамдардың барлығы өзің сияқты деп ойлайсың. Сенің жаныңды мүлдем түсінбеуі мүмкін. Қаладағы барлық адам сенің сыныптастарың, ауылдастарың сияқты емес. Сен "жолдасым" деп ойлап, өзіңді еркін ұстағанда, ол саған үнемі сын көзбен қарап отыруы мүмкін. Олар басқаша тәрбие алған, басқаша түсінікпен өскен. Сенің жасаған мейірімділігіңді екіжүзділік деп түсінуі мүмкін. Жағымпаздық деп түсінуі мүмкін. Алайда ешқайсысын жүрегіңе жақын алма.  Алып шаһардан, жаңа ортадан "досым" дейтін қасиетті атауды көтеріп жүре алар бір жан болмағанына қайран қалатын кезің де болады. Сол себепті уақытша бақыттың құшағында жүріп, ескі достарыңды жаңа достардың көлеңкесінде қалуына жол берме. Жұртқа жасаған қайырымдылығыңның қайтарымын күтпе. Жақсылығың адамнан емес, Алладан қайтарына сен. Бұл сөздерді анаң да құлағыңа құйып тастаған болар.

         Сезім мәселесіне келер болсақ, жақсы жанның жолығуын күт. Ол екі жылдан соң немесе төрт-бес жылдан соң жетуі де мүмкін. Тек шыдамдылық таныта біл. Ұлдарға өзің бірінші қадам жасаудан аулақсың, бірінші болып хабарлама жіберуді де әбестік санайсың. Мұныңды тым тәкаппарлық деп санайтындар бар. "Тәкаппарлықты тәңірі сүймес". Алайда қыз балаға орнымен тәкаппар болу жарасымды. Басқалар сияқты саған жігіттерге сәл жұмсақ бол, көкіректігіңді кеудеңе тығып қой деп ақыл айтпаймын, себебі өзім әлі ондай емеспін. Осы қалпыңнан танба. Сені жақсы көремін ! 



Бөлісу: