ӨМІРЗАҚТЫҢ ОЛЖАСЫ. 3-парақ. 1-бет
блог
Мұхтар әдетінде бір күні таңертең ерте тұрып құс атуға, екінші күні ителгісін алып, атқа мініп, оны үйрек, қазға, не қоянға салуға жүріп кететін. Кей кездерде таңертеңнен кешке дейін кітап оқып, жазу жазып отыратын. Бір күні бие байланып болған соң ол қымыз ішіп, жеңгесі Мекежан мен апасы Зураға балқуырдақ қуыртып жеді де, Жұмақанға тор бестіні ұстап әкеліп ерттеп қой деді. Содан соң мені шақырып алды да, көк тайыңды ұстап ертте, қазір Өмірзақ келеді, бүгін ителгіні алып шығып үйрек, қазға саламыз деді. Содан өзі мылтығын алып, иығына ілді де, Өмірзаққа ителгіні берді. Ауылдан екі-үш шақырым шыққаннан кейін Туманың бас жағындағы шалшық суда жүрген төрт үйрек көрінді. Сәл ойланған Мұхтар Өмірзаққа: «Қолыңдағы ителгіні маған бер де, өзің ар жағынан барып үйректерді ұшыр», – деді. Бір мезгілде үйректер көтеріле бергенде ителгі зуылдап барып бір үйректі аяғымен қағып қалды да, жерге топ еткізді. Содан соң екінші үйректің бауырынан алып, екі аяғына қысты да, өзі жерге бірге құлады. Мына көрініске мәз болған Мұхтар олжаны Өмірзақтың қанжығасына байлап тұрып: «Әй, Мәжит, мен ителгіге Көктұйғын деген ат қойсам қалай болады», – деді. Сөйтті де: «Ал енді Қарадырды аралайық. Онда қоян көп болушы еді ғой», – деп, атының басын сол жаққа бұрды. Қарадыр жеті шақырымдай жер еді. Оған иек артқан соң: «Мен ителгіні ұстап мына бетте тұрайын, екеуің екі жағынан барып қоянды үркітіңдер», – деді. Өмірзақ екеуміз шауып бардық та, қалың қараған, тобылғының арасын қаға бастадық. Бір кезде жалғыз қоян безе жөнелді. Қарсы бет жайдақ еді, соған өрлей бергенде Мұхтар ителгісін жіберіп қалып еді, ә дегенше ол белден асырмай қоянды басып қалды. Мұхтар ителгісін қояннан айырып алды да, Өмірзаққа қарап: «Шіркін, аң аулағанда ылғи осындай жағдай болса, адамның көңілі көтеріліп, түрлі образдар көз алдыңа елестеп, жазғың келеді де тұрады», – деді. Өмірзақ: «Мұқа, осы сіз ептеп жазып жүрсіз ғой, аңшылардың өмірін неге жазбайсыз?» – деп сұрады. Оған Мұхтар езу тартып күлді де: «Өмеке, кейінірек барлығы жазылады. Ал мына олжаны жаныңа байла», – деп атына мінді.
Осыдан кейін біз ауылға оралдық. Шәй ішіп болған соң ол жататын үйіне барды да, біраз кітап оқып демалды. Кешке жақын ағасы Разаққа оқу басталғанша қаладағы кітапханаға барып, сабаққа дайындалатынын айтты да, үш-төрт күннен кейін Семейге жүріп кетті. Мұхтардың бұл кетісі енді қаңтар айындағы қысқы каникулға дейінгі үйге келмейтін кетіс еді.
«Мұхтар Әуезов туралы естелік» кітабынан
Қосымша:
Ителгі – (латынша Falco cherrug) ірі жыртқыш құс. Қазақстанда биік таулар мен ормансыз жазықтардан басқа жерлердің бәрінде кездеседі. Әсіресе, Маңғыстау мен Сарыарқаның аласа таулы өңірлерінде көп ұшырасады. Баянауылдың, Ерейментаудың, Қызыларайдың, Қарқаралының, Көкшетаудың қия тасты, қалың қарағайлы таулары ителгінің негізгі мекені болып табылады. Қазақстанда ителгінің бес түрі кездеседі. Олардың реңі таралған аймағына қарай әртүрлі. Ортақ белгі – сырт жоны қоңырқай сұрғылт, бауыры – сарғылт теңбілді. Ителгі қанаттарын жиі қағып, ауыр ұшады. Өте биіктеп, ұзақ қалықтайды. Қорегі: құмтышқан, сарышұнақ, майда құстар (торғай, кептер, түркептер, кекілік), бауырымен жорғалаушыларды, ірі қоңыздарды, көкқасқа шегірткелерді де жей береді. Жемтігін бір орнында ұзақ отырып, тасадан күтеді, оны көре салысымен өте шапшаң ұшып ұстайды. Тамыз-қыркүйек айларында жылы жаққа ұша бастайды. Көпшілігі Таяу және Орта Шығыс Азияда қыстайды. Арқа құсбегілері ителгіге қоян, үйрек алдырса, Сыр бойының құсбегілері қырғауыл, құр, шіл, кекілік алдыратын болған. Ал араб елінің құсбегілері ителгіні көбіне жорға дуадаққа салады. Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін Қазақстанда 2-3 мың бас ителгінің ұялаған. 1992 жылдан бастап бұл құсты шет елге сату науқанының кең етек алуына байланысты саны күрт төмендеді. Қазақстанда ителгі Ақсу-Жабағылы, Наурызым, Үстірт қорықтары мен «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында қорғалады. 1996 жылы еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген.
Бал қуырдақ көбінесе жас малдың жұмсақ етінен даярланады. Ерекшелігі: етті майға емес, пісірілген сүттің бетінен түскен қаймаққа ғана куырады. Өте жұғымды, жүрекке көп тимейтін қуырдақтың бұл түрін көбіне қарт кісілерге, сыйлы қонақтарға беретін болған.
Жұмақан Маусымбайұлы Күдерин 1891 жылы 20 қыркүйекте Аягөзде дүниеге келген. 1938 жылы 7 наурызда Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында қайтыс болған, яки атылған. Қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі, қоғам қайраткері. 1913-1917 жылдары Қапал ауыл шаруашылық мектебін бітірген. Лепсі қаласында 1918 жылы Кеңестердің 1-съезіне делегат және Жер комиссары болып сайланған. 1920 жылы «Қытайға кеткен қазақтарды қайтару» комиссиясында жұмыс істеп, Қытайдан 6 мың отбасы еліне қайтып оралды. 1921 жылы Жетісу өңірін жайлаған тырысқақ індетіне қарсы емдеу жұмыстарына қатысты. 1930 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. Осы университетте оқып жүріп, Түркістанның табиғи ресурстары мен осы өңірді аудандарға бөлуді зерттеумен айналысқан экспедицияға қатысты. Сондай-ақ, осы жылдары «Қытайдағы босқындар өмірі» (1920 жылы жазылған), «Қазақтардың ата-тегі туралы материалдар» (1930 жылы жазылған) деген этнографиялық еңбектері, «Ботаника» (1927 жылы жазылған), «Қой мен оның жүні» (1930 жылы жазылған), «Кендір» (1931 жылы жазылған), т.б. еңбектері жарық көрді. Ең құнды еңбектері – араб және латын жазуымен тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген «Орта Азиядағы жыландар түрі» (1925 жылы жазылған) мен «Өсімдіктану» оқулығы. 1935-1936 жылдары Қазақ КСР-і Жер халкомының Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, ал одан кейін «Каучуконос» тресінде нұсқаушы агроном болып қызмет атқарған.
Өмірзақ Атаев (1900-1948) – Мұхтар Әуезовтің досы. Шыңғыс елінің тумасы, Тобықты руынан. Тілі майда, жолдастыққа сенімді, саятшы адам болған, Абай ауылында өскен. Әуезов Семейде оқып жүрген кезінде демалысқа шыққан шақтарында көлік әкеп, ауылға алып қайтып жүрген. Сауатты, кейін кеңсе қызметінде істеген. Әуезов 1920 жылы Кәмила Мағауияқызына үйленген кезде екеуінің қосылуына көп септігін тигізген. Сот ісінде куәлік жасаған. Кәмиланы ұзатылған жерінің адамдары қайта алып кетуге әрекеттенгенде оны жасырып ұстаған. Кейін үй іші тәркіге ұшыраған. Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауданына барып паналаған. Өмірзақ Алматыға қызмет бабымен келген сапарында Уәсила Мағауияқызының үйінде кенеттен қан қысымынан қайтыс болған.
Қараадыр – Ханшыңғыс жотасының солтүстігіндегі таулар. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Бестамақ ауылының шығысында 28 км жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 684 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 37 км-ге созылып жатыр, енді жері 10-12 км шамасында. Беткейлері көлбеу, көптеген ұсақ шоқылардан тұрады. Солтүстігінде Үлкен Шонай, Шонай, шығысында Ордатас таулары орналасқан. Бозғылт, қоңыр топырақ жамылғысында тал, терек аралас далалық өсімдіктер өседі. Тау етегі мал жайылымына қолайлы.