Өміріңді 90 күнде өзгертуге болады ма?

Дәл осы минутта дүние жүзінде қанша адам өз өмірін өзгерткісі келеді екен?

Жайдары жаздан кейін маужыраған, меланхолияға ұшыратын күз мезгілінде өмірдің мәні, қоғамдағы рөлі туралы көп адамдар ойлана бастайтын сынды. Сондайлардың қатарында мен де бармын.

Көңіліме қаяу түсіп, күні-түні ұйықтап, ештеңкеге зауқым соқпай, өмір ағысымен жүзе бергім келеді. Әйтсе де, ондай өмір сүргім келмейтіні анық.

Интернет парақшаларын ашып қалсаң, "Өміріңді өзгерткің келеді ме? Өзгерту үшін не істеу керек? Өз-өзіңді 100 күннен кейін, 90 күннен кейін танымай қаласың!" атты мақалалар жылтың етіп шыға келеді.

Шынында да қалыпты өмірімді жақсы жаққа бұрып, өзгерте аламын ба деген ой келді. Сол себепті алдағы 90 күн ішінде күнделікті блог жазып, эксперимент жасап көрмекшімін. Ол үшін: 

1. Психологтар ұсынғандай, тағдырыма не үшін рахмет айтатынымды күнделікті жазу.

2. Осы 3 айда 5 кітап оқу.Әзірге қандай екенін білмеймін. Бірақ өзім оқымайтын жанрда кем дегенде 1 кітап болуы тиіс. Мысалы, фантастика.

3. Әрбір күні жаңа зат үйренуге тырысу. Алыстағы бір шетелдің астанасын немесе қызықты бір факт, әлде сөздікті алып, өзім білмейтін 1 жаңа сөз үйрену.

4.  Назаланып, өмірге ренжу, негативті ойларға ырық беруге, өсек соғуға ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ! Егер де ойыма негативті ойлар келсе, жақсы аффирмациялар қолдануым қажет.

5. Қаражатымды қалай, қайда жарататынымды егжей-тегжейлі жоспарлап, есептеу. Жинақ сандықша сатып алып, әрбір ұсақ ақшаны сонда салу.

6. Қосымша қаражат табу жолдарын күніне кем дегенде 1 сағат уақыт бөліп, іздестіру.

7.  Уақытымды үнемдеу үшін:

Теледидарды 1 сағаттан артық көрмеу. Әлеуметтік желілерге (Фейсбук, Вконтакте, Инстаграм) 1 сағат қана уақыт бөлу. Әрқайсысына 1 сағат емес, әрине. Телефонмен жарты сағат қана сөйлесуге рұқсат.

8. Кешкі мезгілден бастап, ертеңгі күннің жоспарын жасап қою.

9. Күніне медитацияға 20 минут уақыт жұмсау.

10. Істеу қажет істердің тізімін жасап, орындағаннан соң қызыл пастамен сызып тастап отыру.

11. Ең соңғы, әрі басты пункт- КҮНДЕЛІК жүргізу. Күнделігімнің рөлін осы блог атқармақ.

P.S. Шыдамым жетпей, 90 күннің ішінде жоспарлағанымды іске асырмаған жағдайда, көршім, ішімдікке салынған Дядь Коляға 30 мың теңге беремін деп уәде бердім. Ол кісі жоспарымның аспауын тағатсыздана күтетін секілді.

Ендеше, бастайық ;) 0/90



Бөлісу: