Өмірін мәнді әрі сәнді еткендер

Өмірін мәнді әрі сәнді еткендер
жеке
блог

Бұл сұрақтар мына қамшының сабындай қысқа, жалған дүниенің ең қадірлі қонағы болып табылатын Адам ата ұрпағы үшін өзекті әрі ауадай маңызды. Өйткені адамның қоршаған ортамен, қоғаммен қарым-қатынасы өзіне деген көзқарасынан туындайды. Өкінішке орай, көптеген адамдар сүйіспеншілікті басқаларға сыйлы әрі бағалы болумен ғана өлшейді. Сондай-ақ кейбір жандардың қоғамда өзі туралы оң пікір қалыптастыруға талпынуы тәкаппарлыққа ұрындырып жататыны ащы да болса шындық.

   Негізі адамзат баласының өзіне деген көзқарасын екіге бөліп қарастырсақ жаңылыспаймыз. Біріншісі адам нәпсісінің өзі туралы түйген түйіні болып табылады. Алайда мұндай түйіндердің ақиқаттан ауылы алыс жатыр. Қазіргі таңда екінің бірі алдына бай, қуатты әрі атағы жер жарған тұлға болу сынды мақсаттар қоятыны бесенеден белгілі. Адамның биік шындарды бағындыруға ұмтылуы жөн-ақ, бірақ кейбір кісілер аталмыш жолда шектен тыс қажыр-қайрат жұмсап, өзімшілдікке бой алдырып жатады. Адам баласы қашан тек «өзім, өзім» деп қара қам, қара басын ойласа, 18 мың ғаламдағы барша жаратылысты естен шығарады. «Мен, мен» деп менменшілдік дертіне шалдыққан ондай адамдар нәпсісін қатты жақсы көру арқылы өзін тез жек көру қақпасының іргетасын қалайды. Егер бір күні ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жатса, өзін ерекше жақсы көріп, өз-өзіне таң қалып, мына кең дүниеге сыймай кетеді. Алайда егер өмір сынақтарынан сүрінсе, «неге болмады? неліктен?» деген сауалдар астында қалып, бірте-бірте өзіне деген сенімділігі мен сүйіспеншілігін жоғалта бастайды. Ал енді мына өткінші ғұмырдағы ең кемел жаратылыс болып табылатын адам баласы мұндай қасіретті дерттен қалай айықпақшы?

    Жалпы, дүниедегі барлық жаратылыс атаулы бізге қызмет етуде. Су, ауа, жан-жануарлар, өсімдіктердің жаратылыс хикметі біздің қажеттіліктерімізді өтеу  болып табылады. Біздің өне бойымыз түрлі кемшіліктерге тұнып тұрғаны баршамызға белгілі. Біз сондай әлсіз жаратылыс иесі екенімізді біле тұра, осынау керемет ғаламды жаратып, біздің игілігімізге берген рақымы шексіз Жаратушы Иеміз екенін ұмыт қалдырып жатамыз. Мұның басты себебі біздің тәкаппарлығымыз бен өзімшілдігіміз екені даусыз. Құранның кейбір аяттарында Аллаһ Тағала: «Адамдарға паңданып (тәкаппарлықпен) қырын қарама және жерде тәкаппарланып жүрме. Шынында, Алла тағала дандайсыған мақтаншақтарды сүймейді»-деп, баршамызға тәккаппарлардың оның рақымынан құр қалатынын білдірді. Төрткүл дүниедегі барлық жаратылыс атаулыға ұстаздық еткен рақым Пайғамбарымыз (с.а.с): «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді»,-деп ескертті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни сараптау және талдау бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Қарақұлов: «Біз көбінесе бір істі жасай салып шүкір етудің, сол арқылы тірліктің берекесіне қауышудың орнына «Мен олай еттім, мен бұлай еттім. Мен, мен…» деп білместікпен күнәға барып жатамыз. Ал негізінде әрбір адам «мені де, амал-тірліктерімді де жаратушы Алла» деген түсініктің аясынан шықпауы тиіс. Алла  тағаланың мейірімділігімен жасауға мүмкіндік берген істерді өзіне таңып, нәпсісін еркінсітуден аулақ болуы керек»-дейді. 

    Адам баласы қайырымы мен рақымы шексіз Құдай Тағалаға бет бұрып, нәпсісінен артық сүйгенде ғана игіліктерге қол жеткізбекші. Барлық жақсылықтар Одан, келеңсіздіктер өз кемшіліктерімнен деп білген жан өзімшілдік дертінің алдын алмақшы. Міне, бұл-адамның өзіне деген көзқарасының екінші бір түрі. Сөзсіз, екінші пікір иелері өмірін мәнді әрі сәнді сүреді.

 Қазыбек Халықбек