Өмірімізді өлшейтін уақыт па бақыт па?
блог
Адам баласына берілген ең үлкен нығметтердің бірі ол-уақыт. Оны дұрыс әрі тиімді пайдалана алсаңыз-ол сіздің бақытыңызға айналады. Өмірдің өзі уақыттан тұратынын, ал сол уақыт арқылы біздің бақытымыз өлшенетінін түсіне бермейміз.
Сіз өз өміріңіз туралы қаншалықты жиі ойланасыз? Иә, біреудің өмірі емес, тек өз өміріңіз туралы...
Уақыт – ақсүйектікті мойындамайды. Ханға да, қараға да берілетін мерзім – тәулігіне жиырма төрт сағат. Кім уақытын бағалай білсе, сол ғана тектілердің қатарына қосылмақ. Адам уақытты сезінгенде ғана өзін-өзі қадағалап отырады. Өзіне-өзі есеп беруді үйренеді. Өзін нағыз адам етіп тәрбиелеп шығады. Енді бір сәт, әлеуметтік желіде сағаттап отырып, көңіл көтеруге немесе нәпсінің қалауын орындап қыдырып келген уақытыңызды,бос уақытта ұйықтап,аш болмасаңыз да тамақтанған уақытыңызды есептеп көріңізші?.. Өз басым өткен жылдың соңғы айларында өмір мен уақыттың қадірін жақсы ұғына бастадым. Адамның бір нәрседен жақсы сабақ алса ғана,оны өзгертуге тырысатын әдеті ғой. Шіркін, «уақыт артқа айналып келсе ғой» деген сан түрлі ойлар есімнен шықпай, өзімді іштей қажаумен болдым. Десек те жағдайымыз қалыпқа келгеннен кейін, сол бір сәттің қаншалықты ауыр өткенін,сансыз сабақ болғанын ұмытпай, соған сай әрекет етіп жүрсек,бір өкінішіміз азаяр еді..
Байқап отырсаңыз, адамға берілген уақыт қаншалықты аз болса, адам соған сәйкес тез нәтижені көрсетуге,үлгеруге тырысады. Біздің миымыз соған әбден үйренген. Мысалы, жұмыс барысымен 2 сағат аралығында құжатты жасаптапсыру керек болса, сіз оны сол берілген сағат аралығында жасап тастайсыз, ал дәл сол 2сағаттық жұмысты айдың аяғына дейін тапсыру керек болса,сіз берілген уақытқа санаулы күн қалғанда ғана жасап бастайсыз. Өмірде де дәл солай, тек күйбең тіршілік пен асығыс өмір толқынында жүріп байқамайсыз, не оны байқағыңыз келмейді.
Сіз үшін өте маңызды кездесуге кешігіп, енді ол мүмкіндік қайта келмейтінін білсеңіз, ауруыңыз жаныңызға батқан кезде ғана тексеріліп дәрігерден естігіңіз келмеген үкімді естісеңіз, жарыста қарсыласыңыздан 2секундқа кешігіп,ұтылғанығызды мойындасаңыз, «әттең сәл ертерек келгенімде ғой», деп бәріне уақытты кінәлі қылып,көкірегіңізді ащы шер кернегенін түсінесіз. Бірақ, сол уақытыңызды басқаратын тек өзіңіз екенін түсінгіңіз келмейді.
Уақыт - бақытымыз бен жабырқауымыздың өлшеушісі екен. Өмірге келген адамның да туған күнін естен шығармай, әр жыл сайын атап өтеміз,өмірден өткендерді де уақытпен санап, еске алып жатамыз. Өмірден өткен ата-әжемізді, жақындарымызды сағынғанда, шіркін, уақыт кері айланып, олармен бірге болып, мауқымды бассам ғой дейміз. Өкінетін, қиналыс сәттерінде, бұл бір түс болып, оянғанда олай болмай шықса екен деп, уақытты алдағымыз келіп жатады. Оны біреулер ақшаға, алтынға теңейді, бірақ, уақыт - сіздің өміріңізге ғана тең.
«Судың да сұрауы бар» демекші, уақыттың сұрауы өте үлкен,өткен уақыт-сіздің алтын әріптермен сақталатын бақытыңыз екенін және әр құр өткен уақыттың соңында, орнын толтыра алмайтын - өкініш деген сезімнің тұратынын ұмытпайық.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Философия және саясаттану факультеті
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы
Исламтану мамандығының 4-курс студенті
Марат Әсел
Жетекші: Абдуллаев Нұржан