Өмірімдегі ең тәтті кез

Өмірімдегі ең тәтті кез
жеке
блог

Испанияда Салоу жағажай қаласында балконы (қылтима деуге аузым үйренбеген) теңізге қараған кереметтей қонақ үйде тұрып жаттық. Түнімен ұйқы жоқ, су үстіне салынға түнгі клубтар, көше қыдыру, түн қараңғысында теңізге түсу, күндіз түсірілген суреттерді әлеуметтік желілерге салу деген секілді.  Бір түні жанымдағы бала кілтті өзімен бірге алып бөлмеге кіріп, қатып ұйықтап қалыпты. Түнгі 3-4-тердің кезі. Есікті дамылсыз тақылдатамын. Көрші бөлмеден қыздар қайта-қайта шығып, кіріп, өзім ұялып кеттім. Қалған ұлдардың бөлмесіне бардым. Әрине, оларда бос төсек жоқ. Бәрі ұйықтап жатыр. Балконда темекі шегіп (ауылдағы достарым «менің атымнан Испанияда бір темекі шекші» деп еді, әйтпесе үйір емеспін) тұрып, түнгі қалаға қарап отырып, әрдеңені ойлап отырдым.

Кенет басыма су жаңа ой сап ете қалды. Мына балкон керемет орын емес пе! Артық көрпе-төсектерді жинап балконға салған күйі сәби құсап ұйықтап қалыппын. Таңда тұрғандағы сезімді айтсаңшы. Өмірімде бұлай анамның құшағында ғана ұйықтаған шығармын. Күн енді көкжиектен көтеріліп келеді. Теңіз шулап жатыр. Қала тып-тыныш. Ауа сондай таза. Ұйқым қаныпты. Ішімнен «молодец, ұйқым, қаныпсың» деп мәзбін.

Ең ұлы жаңалықтар кездейсоқ ашылған. Жаман шешімнің соңынан жақсы не қызық нәтиже келеді. Бақытсыздық деп ойлаған жағдайдың соңынан күтпеген бақыт келеді деген осы.