Өмірлік кеңестер.
блог
1. Ерте тұруға дағдылан. Әрине, ол үшін сәйкесінше ертерек жатуың керек. Таңертеңгі бос уақытты өзіңнің тұлғалық дамуыңа жұмса: кітап оқы, тіл үйрен, гимнастикалық жаттығулар жаса, не болмаса шығармашылықпен айналыс.
2. Уақытыңды үнемдеп жұмса. Уақытты қарапайым, біз мән бере бермейтін іс – әрекеттерімізден үнемдеуге болады. Мәселен, тез жүріп, тез әрекет етуді үйрен. Әр істен 5 – 10 минут уақыт ұтсаң, 5 – 6 істен 1 сағаттай уақытыңды үнемдеуге мүмкіндік бар.
3. Күніне 10 – 15 минут тыныштықта бол. Ойлан... Болашағыңа көз жүгірт... Жетістіктеріңді елестет...
4. Өтірік дегеннен мүлдем аулақ болшы. Әйтпесе, бір өтірігіңді жамау үшін бір өтірікті айтуға тура келеді де, олардың саны өсе береді. Тіпті, өзің де байқамай қаласың мұны.
5. Өз пікіріңді қалыптастыр. Біреудің жетегінде кетіп, өз дамуыңды тежейсің.
6. Жасалуы тиіс жұмыстарың мен тірліктеріңді кейінге қалдырма. Өзім солай жасайтынмын. Кейін, кейін деп жүре беретінмін. Сөйтіп уақыт созып жүрген сайын олар көбейе береді, әрі уақытың жетпейді.
7. Өз – өзіңді күт. Қымбат болмаса да, әдемі киін, шашың үнемі тараулы болсын. Бұл өзіңді жақсы көруің үшін.
8. Кемшіліктерің үшін ұялма. Кемшіліксіз адамдар болмайды бұл дүниеде. Тек, оларды түзеу үшін әрекет жасасаң болғаны.
9. Әлеуметтік желіге уақытыңды көп жұмсама. Білем, заман талабы сол... Бірақ заман сондай деп жақсыны да жақсы, жаманды да жақсы деуге болмайды ғой. Әлеуметтік желіні өз ретімен қолдансаң, пайдалы тұстары көп. Музыка тыңдауға да көп уақыт кетіп жатады жастарда. Өз басым, құлаққаппен (наушник), тіпті онсыз да өлең тыңдағанды ұната қоймаймын. Осы бір тұсыма көбі таң қалады.
10. Айналаңда тек жақсы адамдар болсын. Жанашыр жақындарың, шынайы достарың, жақын бауырларың. Әр кез жаныңнан табылатын адамдар болғаны жақсы ғой...