Өмірге кұштарлық...
блог
Айтыңыздаршы, бізді осы өмірде алдыға қарай не жетелейді? Ия, қазір көпшіліктеріңіз «Не жетелейтіні несі? Жарқын болашаққа деген АРМАН, сол арманға жетер МАҚСАТ, ертеңгі күнге деген ҮМІТ, сол арман мен мақсаттарға үмітіміздің алдамай жететініне деген СЕНІМ, айналамызға деген СЕЗІМ », -дейсіздер. Барлығымызға ортақ дүниелер бар, олар: ата-анамыздың үмітін ақтап, жетістіктерге жетсек, отбасылы болсақ дейміз. Тіпті көпшілігіміз алдымыздағы бірер жылға жоспарда құрып тастағанбыз. Алайда осы армандар мен жоспарлардың ішінде ӨЛІМ бар ма? Біз осы жоспарларымыздың бір жерінде ал МҮМКІН сол күнге жетпей қалсам деп ойланамыз ба? Түнгі ұйқыға кетерде: «Таңертен аянбай қаламын ба?», деп ойланамыз ба? Жоқ, жатарда азанға, бүгін ертеңге жоспар құрып өмір сұреміз. Жоқ, мен өлім туралы ойланбаймыз дегім келіп тұрған жоқ. Біз ажалды мешітке барғанда, намазда тұрғанда, біреу бұл фәниден қайтқанда еске аламыз. Ал басқа уақыттарда келесі күнге деген сеніммен өмір сүреміз.
Ал мен бір жанмен таныстым. оның ең үлкен арманы - Жаратқан оған ертеңгі күнді нәсіп етуі, оның мақсаты - қазіргі, дәл қазіргі уақытын босқа өткізбеу, бүгінгі күннен ләззат алу, үміті - азаңғы күннің шапағын көру, сенімі бүгінгі күнім босқа өткізбегеніне деген сенім, сезімі – қорқыныш... Мен бұл жанмен жолыққанда осы өмірде көп нәрсені жоғалтып жатқанымды түсіндім. Неге дейсіздер ғой?. Біз кейде данасынып «Әр күніңді соңғы күніңдей өмір сүр, айналаңа тек жақсылығыңды тарат, позитивті бол», дейміз. Алайда олай бола бермейді. Ұмытып кетеміз. Күйбең тіршілікте бәрі қалады. Ал ол болса шынымен әр күнін соңғы күніндей өткізеті, әрқашан позитивті, тіпті қасында отыра берсең күлкіден жарылатындайсың. Оның шытырман оқиғалар мен қызыққа толы өмірін естігенде «Міне өмірге деген ҚҰШТАРЛЫҚ осы екен-ау» деп ойлайсың. Бұл жанның есімі - Самат. Ол жасөспірім кезінде көлік апатына ұшырап, клиникалық өлімде жатқан. Алланың қалауымен, ата-ананың тарпынысымен, дәрігерлердің еңбегімен бірнеше ота жасалынып өмірге қайта келеді. Алайда осы оталардың нәтижесінде оның басына жасанды аппарат орнатылады. Алайда бұл беймаза өмірдің кепілдігі емес. Бастағы аппарат кез-келген уақтта істен шығуы мүмкін. Кез-келген уақытта, ол мезгілді, қай жерде не істеп отырғаныңа байланысты емес, ажалың қасыңда. Осы уақытқа дейін Самат бес отаны өткізді. Әр кез баласы отаға жатқанда отбасы жерлеу рәсіміне дайындық жасайды екен. Себебі әр отада тірі қалуға деген мүмкіндік өте төмен. Міне, осындай аппаратпен өмір сүріп жүрген жанның өмір туралы түсінгі ерек, құштарлығы зор, ол әр сәттен ләззат алуға тырысады. Тек өзі ғана емес, ол айналасындағыларға да өзінің шуағың шашып, мәселелеріңді ұмыттырады. Кейде бөлемнің үйіне барарда «Бір рахаттанып күлмегелі біраз болды, бүгін Самат сендердікінде ме, келе ме?», деп сұраймын. Онымен әңгіме айту бір ғанибет. Самат құрметке лайықты жан. Себебі бұлай өмір сүру қиын. Меніңше ол ғашық болудан да қорқатын сияқты. Біз сүйе аламыз, сүйсек сүйгенімізге қосылып, отбасы болуға асығамыз, ата-ана атанып, бала өсіретінімізге сенеміз. Ал ол, жоқ олай емес, ол отбасын құруға қорқатын сияқты, артымнан жесір мен жетім қалдырамын ба деп қорқатын сияқты. Бірақ ештеңеге қарамастан ол осы бір сәттен барынша керектісін алуға талпынады, мойынсұнбайды. Менің денсаулығым мұны көтермей қалуы мүмкін-ау деп ойламайды, керісінше бізге қарағанда екі есе позитивті өмір сүреді, ештеңеден бас тартпайды, әр нәрсені көріп, басын сұға береді. Құдді бір бәрін көріп үлгерейін дегендей. Бірақ, менің оған жаным ашиды. Оның денсаулығына байланысты емес, оның иманына жаным ашиды, оның исламға деген көзқарасына жаным ашиды, оның мешітке аяқ баспайтынына жаным ашиды, өлімнен кейін өмір барына сенбейтініне жаным ашиды. Оған осыны жеткізгім келеді, Аллаға бір табан жақын жүрсе екен деймін, алайда бұл қолдан келмейді. Иманды біреудің жүрегіне күштеп сала алмайсың, сенімді зорлықпен орната алмайсың. Жаратқан оған жар болып, жүрегіне иман нұрын жіберіп, сәждеге маңдайының тиуін нәсіп етсе екен. Оған тек осы жетіспейді. Аурудың өзі Алланың сынағы ғой, ауруды жіберетін де шипасын беретінде Жаратқан...