Өмірге кедергі стереотиптер

Осыдан біраз уақыт бұрын фильмдерге байланысты тематикалық блогтар жазушы едім. Фильмдегі кейбір эпизодтар күнделікті өмірде болатын қателіктер мен әрекеттерді бейнелейді. Оны көре білген адам түйсігіне түйеді, ал кейбірі елемей өте шығады. Сондай бір элементтерді жинақтауға тырысамын.

Кезекті жазбам, «Жасыл миля» фильміндегі бір эпизодқа арналады. Бұл фильмді бүгінде көрмеген адам кемде-кем шығар. Стивен Кингтің романының желісі бойынша түсірілген бұл фильмде хеппи енд жоқ, алайда, фильм әлемнің әрқилылығы мен кереғарлығын көрсетеді. Мейірімділік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық ұштасып жатқан заманда кейде ара-жігін ажырату да қиын болып кетеді. Және көбіне көп бұған адамдардың қатып қалған стереотиптері мен біржақтылығы кінәлі болады.

Том Хэнкстың кейіпкері, түрме басшысы Пол Эджком, екі кішкентай қызды зорлап өлтірді деп айыпталып, өлім жазасына кесілген қара нәсілді Джон Коффидің қылмысына сенгісі келмейді.

Оқиға ХХ ғасырдың 30-жылдарында орын алып жатқандықтан, ол кезде қара нәсілділер әлі құл болып есептелген, сол себепті олардың құқықтары да толыққанды қорғалмаған. Пол Эджком әділеттік іздеп, Джон Коффиді қорғаған адвокат Хаммерсмитке барады. Сонда Хаммерсмит:

- Біз бір құл әйелді үй күтушісі ретінде қабылдаған едік. Әдетте біз оларды аяймыз және олар бізді жақсы көреді деп ойлаймыз. Егер жолыңыз болса, ол сізді жақсы көрмейтінін білмей өтесіз. Әйеліміз екеуміздің жолымыз болмады. (Осылай дейді де ұлының мертік болған бір көзін көрсетеді). Екінші көзі аман қалғанына шүкір. Дұға жасап, оның соқыр болып қалмағанына тәубе дейміз. Ол баламды себепсізден-себепсіз мертіктірді. Жай ғана иттік істеді. Джон Коффиде де сондай жағдай. Ол қыздарды аяды, білемін. Бірақ кейін, өлтірген соң. Бірақ ол қыздар бәрібір зорланып, өлді. Бәлкім бұрын ол мұндай істемеген шығар. Менің итім сияқы. Бірақ мені бұл толғандырмады. Мен оны миын шашып жібердім. «Коффи кінәлі ме» дейсіз бе? Иә, әлбетте және күдігіңіз де болмасын. Бүгін жолы болғанымен, ертең бәрібір жауап береді.

Қарап тұрсаңыз, бір ұлттан, нәсілден көңілі қалып, екінші адамға кесірі тиді, одан бұрын өліміне себеп болды. Жеке басының ұстанымы үшін басқа іске жан-жақты қарай алмай, үкім шығарды. Біз де көп жағдайда бір адамнан, не бір ұлттан, мамандардан және т.с.с. топтардан көңіліміз қалып, барлығына сол қателікті тели беретін жағдайлар көп болады және бұл өмірімізге көптеген кедергі келтіретінін түсіне бермейміз.

Әр адам — әртүрлі тағдыр, әртүрлі түсінік, тәрбие, білім, орта, туыс және т.б. Сол себепті бір адамға тән қасиет, қателік, жамандық сол ортадағы барлық адамға қатысты болмауы мүмкін. Біз әртүрліміз және әрқайсымыз түсінуге лайықпыз, ал түсінігімізге сыймайтын дүниелерді Құдайға тапсыру керек деп ойлаймын. 

Оқи отырыңыз:

Қирау – бұл сый, қираған үйінді – жаңаруға жол

Әркімнің өз ережесі бар

Адамдар және тіршілік циклі




Бөлісу: