Футболдан 1950 жылғы әлем біріншілігінде Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқан Англия құрамасы топтық турнирдің екінші матчында күтпеген жерде АҚШ құрамасынан 0:1 есебімен ұтылып қалған. Бұл ойын әлем чемпионаттары тарихындағы ең шулы сенсациялар қатарына кіреді. Ойын 1950 жылы 29 маусым күні Белу-Оризонтиде өтті.
Англия құрамасы бұған дейінгі әлем чемпионаттарына бойкот жасап қатысқан жоқ. 1950 жылы олар бірінші рет әлем чемпионатына барды. Ол кезде Англия құрамасы әлем футболының бойтұмары саналатын. 1950 жылғы әлем чемпионатында жеребе бойынша ағылшындар Испания, Чили, АҚШ клубтарымен бір топқа түсті де, квартеттің фавориті саналды.
АҚШ құрамасы болса, 1930 жылғы әлем біріншілігінде жартылай финалға шыққаны болмаса, ойнап жарытып жүргені шамалы еді. 1930 жылдан кейін қатарынан жеті матчта қарсыластарынан жалпы 2:45 есебімен ұтылды! 1950 жылғы матчтың қарсаңында ағылшын басылымдары "әлемде футболды тек эскимостар мен солтүстік америкалықтар ғана ойнай алмайды" деп жазғанынан-ақ АҚШ құрамасының сол кездегі қауқарын аңдауға болатын еді.
АҚШ құрамасы Бразилияға ұшардан алдын бір жолдастық кездесу өткізді. Басқа-басқа емес, болашақ қарсылаcы Англия құрамасымен ойнап, 0:1 есебімен ұтылып қалды. "Минималды есеппен ғана ұтуға әзер шамасы жетті" деп Англиядағы БАҚ өкілдері футболшыларын күлкіге айналдырды.
Ал чемпионат басталардан алдын америкалықтардың бас бапкері Билл Джеффри бұл есепті сәттілікке балап, "әлем чемпионатындағы жағдай басқаша, біз ол жерде тең түсеміз деп те үміттенбейміз" деп сұқбат берді. Өзінің футболшыларын не қылса да үндемей көне беретін кәдімгі қойға теңеді. Ағылшын газеті "Daily Express" болса, "бәрі де әділетті болу үшін, ағылшындар әлем чемпионатында олардың қақпасына үш гол соқса да жеткілікті, қарсыласты қатты ренжітуге болмайды" деп жазды.
Топтық турнирдің алғашқы турында Англия құрамасы Чилиді 2:0 есебімен ұтты, ал АҚШ футболшылары Испаниядан 1:3 есебімен ұтылып қалды. 29 маусым күні жергілікті уақыт бойынша 15:00-де қос құрама Белу-Оризонтидегі "Индепенденсия" стадионында алаңға шықты.
Ағылшын футболшылары матчты керемет құлшыныспен бастады. Алғашқы минутта-ақ қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ қақпашы Фрэнк Борги қырағылық танытып, өткір шабуылдың бетін қайтарды. 12-минутқа дейін Англия алты соққы бағыттады, екеуі бағанадан қайтты. Америкалықтар алғашқы қауіпті шабуылын 25-минутта жасады. Бірақ гол болмады. Ары қарай да ағылшындар қарқынын бәсеңдетпеді. 30, 31, 32-минуттарда үш соққы жасады. Екеуі биік кетті. 38-минутта америкалықтар бір шабуыл өрістетті, Уолтер Бор 23 метрден қатты соққы жасады, айып алаңындағы Джо Гатьенс қақпаға бұрып жібере салды. Доп торда тулап қалды — 0:1. Голды да, гол соққан футболшыны да ешкім суретке түсіре алмады, фотографтардың барлығы америкалықтардың қақпасының артқы жағына жиналып алған-ды. Бірінші тайм осылай күтпеген жерде АҚШ құрамасының есептегі басымдығымен аяқталды.
Гол соғылған сәтте стадион шу ете түсті. Себебі бразилиялық жанкүйерлердің өзі АҚШ құрамасына жақтасып, Англияның финалға шықпауын тілеп отыр екен.
АҚШ құрамасы екінші таймды қарқынмен бастады. 54-минутта есепті еселеуге мүмкіндік алды, бірақ пайдалана алмады. 59-минутта АҚШ-тың қақпасына айып добы белгіленді (кей деректерде айып добы емес, пенальти белгіленді деп те көрсетілген). Стэн Мортенсеннің тепкен добын қақпашы тырп еткізбей ұстап алды. Бұдан кейін де ағылшындар толассыз шаубылдаумен болды. Бір сәтте бос қалған қақпаға қатты соғылған доп қақпа сызығына жақын жердегі... ағылшын футболшысына тиіп кері серпілді де, есеп теңеспей қалды. Шабуылдардың бірінде АҚШ қорғаушысы Чарли Коломбо англиялық Мортенсенді шалып құлатты, бірақ неге екенін, айып алаңының ішінде тәртіп бұзылса да, төреші пенальти емес, айып добын белгіледі. Айып добын Альф Рамсей баспен ұрып, Джимми Малленге бағыттады. Гол болуы тиіс 100 пайыздық мүмкіндік тағы жоққа шықты, доп қақпа сызығынан қайтты. Ағылшындар "доп сызықтан өтіп кетті" деп төрешіге шағымданып, олары зая кетті: тағы біраз уақыт жоғалтты. 85-минутта АҚШ футбошылары есепті еселей жаздады, Фрэнк Уоллас бос қалған қақпаға допты дарыта алмады. Доптың жолына Альф Рамсей көлденең құлап, қақпаны аман сақтап қалды.
Ағылшындар қанша тырысса да есеп өзгеріссіз қалды. Төрешінің соңғы ысқырығы естіліп, АҚШ құрамасы жеңіске жетті. Америкалық футболшылар дереу гол соққан Гатьенсті көтеріп алып, аспанға атты. Ал қорғаушы Харри Кио "Біз мына сілімтіктерді ұттық" деп бар даусымен айғайлапты... Шамасы, матчтан алдын ағылшындардың бұларды мүлде менсінбей, көзге ілмегеніне зығырданы әбден қайнаған болса керек.
Күтпеген жеңіліс ағылшын футболшыларына қатты соққы боп тиді. Олар келесі ойында да оңала алмай, Испаниядан 0:1 есебімен ұтылып қалды да, финалдық пулькаға шыға алмады. АҚШ құрамасы да ауыр жеңістен соң қайта тіктеле алмай, соңғы турда Чилиден 2:5 есебімен ойсырай ұтылды. Соған қарамастан, "жұлдызды жолақтылар" елі елдеріне орасан зор қуанышпен қайтты. Оларға топтан шығудан гөрі, Англия секілді менмендігі асып-тасқан құрамаға тосқауыл қоя алғаны маңызды боп қала берді.
Мұнан соң АҚШ құрамасы әлем чемпионатына тек 1990 жылы ғана жолдама алды.
Ойын нәтижесі 0:1 есебімен АҚШ-тың жеңісімен аяқталды деген ақпаратқа ағылшындар тарапы да, америкалықтар тарапы да сене қойған жоқ. Әсіресе англиялықтар "0:1 болуы мүмкін емес, телетайптан қате кеткен болар, 10:1 шығар" деп өз беттерінше шамалап, елге солай таратып жіберді. Кейін бәрі анықталып, ағылшындардың ұтылғаны белгілі болғанда, ағылшын газеттері кәдімгідей аза тұту жариялапты деген де деректер бар. Ойын барысын, тарихын елеп-екшеп тексерген Англия тарапы АҚШ құрамасындағы 11 ойыншының сегізі АҚШ азаматтары емес, жан-жақтан жиналған келімсектер екендігін анықтап, осы жәйтті желеу етіп ФИФА-ға шағымданады. Бірақ ФИФА басшылары бұл шағымды негізсіз деп тауып, аяқталып қалған ойынның нәтижесін өзгерту мүмкін емес деп мәлімдейді.
Англия құрамасы ойында көк жейде киіп шыққан-ды. Енді "көк жейде бізге сәтсіздік әкеледі екен" деп оны қайта кимеуге ұсыныс тасталады. Уолтер Бардың айтуынша, құрама қайтадан көк футболканы мүлдем кимепті, бірақ шындығында арада тоғыз жыл өткен соң көк футболкамен бәрібір алаңға шыққан. Сәйкестігі сол, тағы да ұтылып қалған. Перу құрамасы 1959 жылы бұларды 4:1 есебімен ұтып кеткен.
1953, 1954 жылдары Англия құрамасы екі рет мажарлардан оңбай сүрінді: 3:6, 1:7. Осыдан соң британдықтар "әлемдегі футболы мықты елміз" деп мақтанып жүре бермей, елдегі футбол мәселесіне шындап кірісуге мәжбүр болыпты. Олардың өздерінен басқа ешкімді менсінбей өздерін әлемдегі №1 футбол елі санауының үлкен қателік екенін ең әуелі беттеріне басқан сол баяғы 1950 жылғы АҚШ құрамасы еді...
Қалай болғанда да, бұл ойын Англия футболына үлкен төңкеріс жасады.
* * *
2005 жылы осы матч жайлы түсірілген "Өмірге айналған ойын" атты көркем фильм экранға шықты.
АҚШ мәдениетінде бұл ойын "Көгалдағы ғажайып" деп аталады.
Бұл екі құрама әлем чемпионаттарында 60 жыл өткен соң ғана, 2010 жылғы Әлем чемпионатында кездесті. Бұл жолы есеп тең аяқталды — 1:1.