Өмірдің үлкен апаттары

 


 

Немістің психотерапевт ғалымы Н. Пезешкиан қоғамдағы нәзік жандылардың бүгінгі жай-күйін бағамдай келе, «қазіргі қыз балаларға ертең ана боласың, бала тәрбиелейсің. Балаларыңның болашақта жаман қылықтардан аулақ болып, жақсы жетіліп, дұрыс тәрбиелі адамдардың қатарына қосылуы сендердің қолдарыңда десең, оған бас қатырып не керегі бар. Баланы туғаннан кейін бәрі өзінен-өзі бола жатар. Әзірге жастық шақта ойнап-күліп көңілді өткізіп алайық деген сипаттағы жауап аласың» дейді.

Баланы тәрбиелеп, оны бағып-қағудың салмағы мәшине жүргізгенмен бірдей. Кез-келген адам көлік айдауды еркін меңгеріп кету үшін, алдымен, жол ережесін үйрететін мектептен өтеді. Бұған кемінде, орта есеппен алғанда, төрт ай шығын болуы тиіс. Оны аман-есен аяқтаған соң, емтихан тапсырып, жүргізушілік құжат алады. Хош, сөйтіп, көшеде темір тұлпармен емін-еркін жүре алатын халге жетіп, көңілді бір демдедік. Алайда көшеде жүру ережесінің қыр-cырын толық біліп шықтым дегенмен,  мектеп оның жазатайым жол апатына ұшырамайтынына кепілдік бере алмайды. Екінші жақтан тағы бір түйткілді мәселе қылтиып бас көтеріп тұрады. Мәшине тез тозып, мерзімінен бұрын керексіз темірге айналып қалмау үшін, оның жанармайының сапалы болғаны жөн. Ал бұлай болмаса, бірден моторы істен шығып, шашылып қалады. Тек 93, 96 маркалы бензинін құю керек. Сонда мәшинең де жақсы жүреді, өзіңнің де көңілің тоқ болады. Сол секілді баласына жақсы тәрбие беруді қалаған әйел адамның арнайы дайындықтан өтуі  қажет. Ал егер бұл жауапты жұмысқа самарқау қарап, қолын бір сілтесе, немесе нәрестенің тамағын дұрыстап бере алмаса, онда оны өмірде үлкен апат күтіп тұр. Тағдыры жолықтырған МАЙ қызметкері қайта-қайта тоқтатып,  айыппұлдың үстіне айыппұл сала береді,  – дейді ғалым.

Сонымен қатар, Н. Пезешкиан ханым өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, болашақ аналар типтерінің тізімін жасайды.

Қуыршақ шеше. Қуыршақтардың қатарына жоғарыда айтып өткендей, жастық ғұмырын қызық қуып, тойдан-той, дискотекадан-дискотека қоймай өткізген, мағынасыз дырдудың мастығында ыршып жүріп ән салған  шырылдауық шегіртке тәріздес қыздар жатады. Босанған соң баласын жаялыққа қалай орап, қалай емізу керектігін білмей, басы қатып, ақылынан адасып кетуге сәл-ақ қалады. Ол былай тұрсын, баланы қырық күн шомылдыру, тырнағын алу, шашын қию, қырқынан шығару, бесікке бөлеу, бесік жырын айту т.б. толып жатқан дәстүрлерден о баста мақрұм қалғандықтан, бала күтудің азабына шыдамай, қатты қиналады. Мұндай ананың балалары есейгенде, шешесі секілді ойын-күлкіге еріксіз байланып, бір күн көше адақтап келмесе, басы ауыратын дертке шалдығады. Ақырында «қызық қуған құздан құлайды» демекші, бір күні баласы өмірде күтпеген жерден апатқа ұшырап, тағдырынан мықтап таяқ жеген кезде, анасы «жас кезімде былай жүруім керек еді», «егер баланы былай тәрбиелегенде ғой, мұндайға ұшырамас еді» деп бармағын тістеп өкініп, қалған өмірі өксікпен өтеді. «Сондықтан қуыршақ құрбыңның күйін кешпес үшін, сенің жас кезіңде қамданғаның жөн»-дейді сіңлілеріне Пезешкиан ханым.

Балажанды шеше. «Жүрегі тек бала» деп соғатын қыздардың көбі ауылдан, орта немесе төменгі отбасынан, ағайыны мол үйден шығады. Мұндай бойжеткендердің көкірегі бауырмалдық, ақжүректік, мейірімділік қасиеттерге толы болады. Бірақ бұл қыздардың көбі қалаға келген соң, бұрынғы жүрісінен жаңылып, қала қыздарына еліктеп, өзінің табиғи сымбатын жоғалтып алады. Сондықтан олардың болашақтағы бала тәрбиесіне үйрететін даярлық мектебінен қайта тәлім алғаны артықтық етпейді. Себебі, бұл әйелдер «баланы бағып-қағудың басы осы» деп, бөбегін өбектеп,  асты-үстіне түсіп, аналық жылуын аямайды, бірақ шынайы тәрбиеге келгенде, олақтық танытады. Бүкіл жиған-тергенін ұл-қызының жолына сарп етіп, қолындағы соңғы тиын-тебеніне дейін санап бергенімен, балалары анасына еркелеп, еркетотай, жалқау боп өседі. Кейін өзі жеке өмір сүре алмай тентіреп, өмірдің апатына ұшырауы мүмкін.

Өгей шеше. Бұларды Қар ханшайымы (Снежная королева) деп атаған жөн. Себебі бұл типке жататын әйелдің жаны мұздан, жүрегі тастан жаралған. Айтпақшы, сіз «өгей» деп біреудің баласын асырап алған адамды көз алдыңызға елестетін шығарсыз. Жоқ. Олай емес. Егер болашақ ана бөтеннің баласы тұрмақ, өзінің туған ұл-қыздарына жылулық, мейірім таныта алмаса, ондай әйелді «өгей» деп те атайды екен. Мұндай типке шалдығатын қыз балалар жас күнінде теледидардан, DVD-дан мағынасы жоқ  қорқынышты, атыс-соғыс, адам өлтіру т.б. киноларды көп көрген болып шықты. Сонымен қатар қыз бала жас кезінде жалғыз отырып тамақтануға дағдыланса немесе шошқа етінен жасалған харам тамақтарды бет алды талғамай жей беретін болса, шошқа сияқты кесір мінезге ауысып, тәкаппар, менмен, тасжүрек әйелдің кейпіне енеді. Баласы 17-18 жасқа келген соң, қолына жол пұлы мен төлқұжатын ұстатып, «ал балам, бүгін кәмелеттік жасқа толдың. Ары қарай өз күніңді өзің көр. Университетке түсесің бе, әлде қара жұмыс істейсің бе еркіңде. Кейін үйленген соң, немерелерімді ертіп үйге келіп-кетерсің, тек бұзықтық жасап әкең екеумізге залалыңды тигізбесең болғаны» - деп шығарып салады.  

Мұндай ананың құрсағынан өрбігендер туысқан, бауырдан жұрдай, жалпы ондай ұғымның бар екендігінен де бейхабар, қатыгез болып өседі. Керек десеңіз, туған әке-шешесіне де қайыр көмек көрсетпей, өз қарақан басын күйттеп, өмірінің соңын темір тордың ар жағында аяқтап қалуы бек мүмкін. Әрине, туғанынан бастап, ана жылуын сезінбеген бала, есейгенде басқаларға жылулық шашады деп ойлайсыз ба? Қайта басқалардың мейірім, шапағатын  қызғанып, соларға зиянын тигізумен болады.

Ғылыми шеше. Бұл типтес қыз балалар көбінесе ғылымға, оқу-ағартуға аса ден қояды. Яғни алдыңғы орынға «отбасын, бала тәрбиесін» емес, карьера қууды қойып, ғылыми жаңалықтар ашуды мақсат етіп белгілейді. Себебі ағартушы әйелдердің көбі әдемі, көрікті болады да, жас күнінде ешқандай жігітті менсінбей, басқаларға өзін тек сабақ оқумен айналысатын  ақылды, білімді жан етіп көрсеткісі келеді. Сонымен қатар өзінің жанын түсінетін, өзі секілді сұлу, оқыған азаматты іздейді. Ал ондай адамның ілуде біреу-ақ екені белгілі. Осылайша, бір күндері жасының 23-24-ке таянып қалғанын, оқуды қалай аяқтап, қалай бітіргенін ұқпай дал болады. Жан-жағына қараса, өзімен қатар құрбылары баяғыда үйленіп, үй боп кеткен. Енді ой түсіп отбасын құрайын десе, бұрынғыдай соңынан шұбырып хат жазып  жүретін көп жігіттердің бірі де қалмаған. Барлығы оқуға жаңадан келген уыздай жас қыздарды жар қылғанша асық. Басқа амалы қалмаған соң, магистратура оқып, ғылымға, оқу-ағартуға біржолата бет бұрады. Бірақ бұл типтегі қыз балалардың азғантай бөлігі тұрмыс құрып үлгіреді екен.

Ал, енді бала ісіне келер болсақ, ғылымға ғұмырын арнаған қыздар ешқашан сәбиге жібі түзу тәрбие бере алмайды. «Алдымен мына ғылыми жұмысты аяқтайын, балаларымды кейін тәрбиелей жатармын» деп ойлайды. Күні-түні жанталасып, бірінші кезекке «оқу-ағартуды» қойған  ананың ұл-қызына арнайтын уақыты болмай, таңертең кетіп, кешке шаршап бір-ақ келеді. Балаларының барлығы анасының «айналайын» деген жылы сөзіне зар боп, бұзақы, тәрбиесіз болып өседі. Негізінен қоғамдағы нашаға, спирттік ішімдіктерге құмар болып келетін жастар көбінесе осы типтегі әйелдердің балалары көрінеді.

Қызғаншақ шеше. Бұл топтағы әйелдер лауазымды орындарда отырып, шалқыған байлық пен дәулеттің арасында күн кешуімен ерекшеленеді. Күйеулерінің де қызметі әжептәуір. Балаларын өте тәрбиелі, ақылды, білімді етіп өсіреді. Олар үшін ештеңені де аямайды. Қымбат ақылы мектептерде  оқытады. Неше түрлі тілдерді меңгеруіне күш салып, өнермен де, спортпен де шұғылдануына күш салады. Бірақ бұл отбасындағы қызықтың көкесі ұлдары үйленіп, қыздары тұрмыс құрған кезде барып басталады. Ұлдарының жетістіктерін айтып жағы сембей мақтанатын «данышпан» шеше келінінің көзінше «мен баламды қалай тәрбиелегенімді көрдің бе, оқу оқыған, бой десең бойы, ой десең ойы бар, ажарлы. Жақсы отбасында тәрбиеленген. Жәй теңін таппағаны болмаса» деп аузына не келсе, соны айтып, одан қала берді, келінінің басқан ізін аңдып, ыдыс-аяққа да, төсек-жастыққа да, ұлы мен келінінің киім-кешегіне дейін араласатын болады. Мұндай қызғаншақ әйелдер келінінің жақсылығын асырып, жамандығын жасырудың орнына мінін кез келген отырған жерінде айтып, ақырында жас отаудың шаңырағын ортасына түсіріп, ұлы мен келінін айырып бір-ақ тынады.

Сырлас шеше. Баласымен өзінің дос, құрбысы сияқты сырласып, мұңдасып отырады. Бұлар негізінен дәстүрлі отбасы үлгісінен бас тартып, жаһанданудың жалынына шарпылғандар. Былайша айтқанда, демократтар. Отбасында авторитарлық яғни отағасылық билікті құлатып, «әркімнің өз құқығы бар, кім не істеймін десе, не сөйлеймін десе, өз еркі, балаларға «әй дейтін әженің», «қой дейтін қожаның» қажеті жоқ» деп есептейтін ханымдар. Бұлар «баланы тәрбиелегенде, батыстық ұстанымдарды ұстанып, шетелдің психологиялық-әдістемелік кітапшалары, психо-тренигтері арқылы оқытамын» деп, ұл-қызымен емін-еркін сөйлесіп, түнде төсек астында болатын жабық мәселенің барлығын ашық айта береді. Ұл-қызымен кей мерекелерде «демократия» деп, стақан соғыстырып қоюдан тайынбайтын мұндай шешенің балалары, есейгенде ойына келгенін істейтін оңбағанның өзі болып шығары хақ.

Кәсіби шеше. Бұл типтегі қызбалалар өзін болашақта «дана, кемеңгер балаларды дүниеге әкелемін» алдына мақсат қойғандар. Сондықтан сол үлкен арманға жету үшін, өзінің жастық шағын құрбан етіп, жан-тәнімен отбасы институтын қалыптастыруға бел шешіп кіріседі. Бесік жырын, ертегілерді жаттап, салт-дәстүрлерді меңгеріп, таза тамақ жеп, таза киініп жүреді. Күйеу таңдағанда да жігітің беті шырайлы әдемісіне емес, ақылы асқан имандысын іздейді. Ондай жігіт жолыға қалса, сөзге келмей тәуекел етіп, етегінен ұстауға әзір. Және ондай қыздар өмірден көп нәрсені үйреніп, көкейіне тоқып жүретіндіктен, барлығын да алдын-ала біліп, тәжірибелі бойжеткенге ғана тән сұңғылалықпен батыл қадам жасауға бекініп қояды. Ерінің қалауын қабағынан танып, дер кезінде жасай қоятын мұндай асыл жардың алдына тағдырдың тартар сыйлығы өлшеусіз. Олар сонымен қатар еріне риясыз қызмет етуді парызым деп санап, оған сүйеніш, тірек бола біледі. Отбасын кемеліне келтіріп, ауыл-аймақтың берекесін сақтап отыратын «кәсіби шешелердің» көп болуы ғана қазақ қоғамын гүлдендіріп, болашақта нағыз елін сүйетін азаматтардың қалыптасуына жол аша алады. Асыл ананың алақанының жылуын жүрегімен сезіп өскен жас ұрпақтың мәуелі жемістей жұртына берері мол болмақ.

Сондықтан отбасының бақытына бітетін, сіздің де, біздің де мерейімізді өсіретін осындай бойжеткендер кезіксе, құр қол қалудың реті келмес. Бөпеміздің жаны сау, тәні ширақ, ата-анасын да, атамекенін де құрметтей алатын кәміл азаматқа айналуы үшін осындай жарды «идеал» етіп алғанымыз дұрыс шығар.  

 

 



Бөлісу: