Өмірдің өзі өлең…

Өмірдің өзі өлең…
жеке
блог

Мен өзім қалада өссем де,

Бақытты ғұмырды кешсем де,

Кейде осы ауылды аңсаймын-

Әлде бір ауылға көшсем бе?!


Барлығы қалада жат анық,

Отырсам үлкеннен бата алып…

Дәстүрін ауылдың аңсаймын-

Қалада қорғансыз атанып.

 

Теңсіздер отырса төрлерде,

Үмітті шырағым сөнгенде,

Адамын ауылдың аңсаймын-

Адалын арамның көргенде!

 


Кейде тоя алмай далаға,

Жаным жабырқап бара ма…

Иісін ауылдың аңсаймын-

Арзанға уланып қалада!


Білемін бәрінің танымын,

Тәндері бақытты, жаны мұң!

Әйтеуір ауылды аңсаймын,

Іздеумен қаланың жарығын.

 


Түйгенім жаулады санамды,

Мөлдіретіп мұң жанарды:

Мен өзім қалада туылдым

Жүрегім ауылда жаралды… 

***********

Қыз құшағы

Қыз жолының кесу үшін тұсауын,

Міндетті емес бастан кешу құса-мұң.

Болашақта болу үшін бақытты-

Қыз толтырар өсиетке құшағын!

 

Жақсы қыздар-көше кезбес түндерде;

зейін қоймай, өсек кезген үндерге:

Қыз құшағы бармай кешкі самалға,

Қыз құшағы толу керек гүлдерге!

 

Бақыт деген үзіп ағаш бұтағын,

Жүрекке егіп, бар қайғыны ұтамын

Тәрбиеге қажет етер білімді

Қыз құшағы құшу керек кітабын.

 

Қыз құшағы таза болмыс, таза арын

Жоғалтпасын, мөлдіретсін,- жазарым

Сәтті сәттік тәтті сөзден құралған

Нағыз ару жаулар әлем назарын

 

Алмастырар ғажап күшпен бар емді,

Әсемдейтін, көркемдейтін әлемді,

Білемісіз?! Мендік құшақ- Бірақ та,

Бір-ақ жанға өле-өлгенше тәуелді..!

********

Күл

Сезім сендік “құны аз” деген

Шындық үшін тым аз ғой!

Күлге айналды біраз өлең,

Күлге айналды біраз ой…

 

Жүрегімің қақ төрінің-

Сезімі едің ақ, кие!

Күлге айналды тақ сенімім,

Күлге айналды пәк ниет!

 

Жігерімнің тарылысын

Айта алмадым ашып түк.

Күлге айналды сағынышым,

Күлге айналды қашықтық…


Деп ек бірге жан-тәніміз

Болсын мейлі қай қала.

Күлге айналды арманымыз,

Күлге айналды айнала…

 

Наз нәзіктен түзілуші ем,

Үзілетін келді уақ…

Күл дегенге қызығушы ем

Бала болдым мен бірақ…

*******

Тағдыр

Тағдырға еш таңданбаймын,

Арлансам да армандаймын.

Ұнатып та қалдым сізді,

Сағынып та қалғандаймын.


Асылыммен теңдей көрдім,

Сезімім де өрлей берді.

Мойындау да қиын, мырзам,

Аңсағым да келмейді енді!


Көңілге мұң торлағанда,

Бөгде ойлар қонбаған да.

Бәрі жақсы болар ма еді

Мен кішкентай болмағанда

 

Бәрі жақсы болар ма еді

Сен сәл үлкен болмағанда…

*********

Пенделер

 


Қоғамда ерек затым бар өңді

Қолдаусыз келер қай белес

Тағдыр бекіткен жақын жан енді

Неге атына сай емес?

 


Өкпе-наласын тасытты деме

Мінбер емес қой мінәжат

Тағдыр бекіткен бақытты неге

Көре алмайды енді мына жұрт

 


Ақ ниетімді білмей құшады

Не қылам енді бұларды

Тағдыр бекіткен жылу құшағы

Тоңдыратынды шығарды

 


Елемей қояр қалай егесі

Көсіліп сөйлесе көнесі

Ойдағы өсек, өлі өтіріктер

Тартымды ұрлайды неге осы?

 


~Бірі артық, бірі кем келер

Жалпы жаралар емделер

Тағдыр бекіткен өз орындарын

Білсе егер барлық пенделер!
*********
Қызық емес 

 

Сағатым алтыға таяды-ақ

Мен жүрмін өзімді аялап

Қасыңда біреуің болмаса

Қызықсыз екен ғой саябақ

 

Сезгім кеп сезімнің тәуірін

Таңдаппын адамның ауырын

Жаныңда қорғаның болмаса

Қызықсыз екен ғой жауының

 

Күн батты, жүрек те еріді

Көрінбей көп жанның көрігі

Ниеті болмаса, өзгенің

қызықсыз екен ғой көңілі

 

Біреуге көрінбей қылығың,

Біреуге берілмей жылуың

Бөлісе алмасаң қызықты

Қызықсыз ғұмырың

********

Ғашықсың ба?

Сөзімді сұрағың келсе,

Бойыңдағы сезімді сынағың келсе,

Маған жәй ғана ұнағың келсе:

 


Шәмшінің бір әнін айтып берші

Сүгірдің бір күйін тартып берші

Келсең, Қаратау етегіндегі

Жусан иісімен аңқып келші

 


Қаншама адам аңсағанымен

Сен сынағымнан өтіп көрші

Тау самалында  таң самалымен

Хан апамның өлеңін оқып берші

 


Сезімнің тұнығын емес,

Көзіңнің ұшқынын берші

Жаныңның жылуын емес,

Шымкенттің ыстығын берші

 


Ақыры өңіме енсең

Шұбайқызылдың жүз бірін әкелші

Южныйға мен үшін келсең

Северден балмұздақ әперші

 


Көп қой деп талап-тілегің

Ренжіме, жанға қайғы алман

қайтейін енді жүрегім

Осы қалаға байланған

 


Маған ұнағың келсе, ендеше

Шымкентіммен  дос бол.

Ал егер қолыңнан келмесе,

Амал жоқ, Қош бол!

 

©️Ермахан Шұғыла 
Sharapattyn_Shuagy