Өмірдегі ең қымбат байлықтардың бірі

Адамзаттың уақыт пен мекенге мұқтаж екеніне ешқандай талас жоқ. Уақыт- біздің өміріміз. Шын мәнінде, уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыт әрбір адамға, барлық мекенге бірдей берілгендіктен, әлемнің әрбір бұрышында уақыттың маңыздылығы мойындалған.

Бүгінгі күні айдың апталап, аптаның күндеп өтіп жатқанын байқаймыз. Тіпті бір тәуліктегі 24 сағатымыз 17 сағатқа қысқарғандай. Сол қысқа ғана уақытымызда біз еш пайдасыз, жылдам өткен күнге өкінудің орнына, қуанамыз. Теледидардың алдында, ғаламтордың шырмауығында, күнделікті сағаттап отырған уақытымыз біз үшін секундтар секілді.  Қазір дүние, шіркін, дөңгеленіп, ақпарат көзі жедел дамыған мына заман адамдарды уақытты игеру, өзін өзі меңгеру қабілеті­нен айыруда. Ғаламтордың шырмауына байланып, алтын уақытымызды бос өткізіп жатқанымызға ішім ашиды. Сол уақыттарды неге білім алып, сүйікті ісімізбен айналысып, жаңа дүниелер ашуға жұмсамасқа?! Егер сіз уақытты меңгере алмасаңыз, уақыт сізді меңгереді, нәтижесінде ғұмырыңыздың берекесі кетеді. Халқымыз уақытты дүниедегі ең қымбат құндылық болғандықтан да алтынға балайды. Алтының әзірше өзіңде. Оған басқалар көз салмасын десең, дұрыстап сақта.



Бөлісу: