Әрбір адамның өз ортасы бар. Ол ортада өзінің достары болады, жақтырмайтын адамдары да жүреді. Сынайтыны да, сын айтқышы да, мін таққышы да, сыйлайтыны да, сыйламай өткірлері де – бәрі-бәрі әрбір адамның ортасынан табылады. Ондай адамдары болмаса, не ол адамның артық уақыты жоқ, болмаса жасы онға жетпеген бала шығар. Не де болса, адам баласы жақсылығын да, жамандығын да өзінің ортасында жасайды. Ауылдағы оқушы едік, Алматыға келіп, ол ортаға да үйрендік. Дегенмен, әрбір адамның тұрақты негізгі ортасы болады. Мейлің, Алматыда қалыптасқан ортаң болса да, басқа жаққа көшсең, сол жақта жаңадан тұрақты ортаң қалыптасады. Мен де осы күндері төрт қабырға ішінде «жатырмын» (былай айтқанда). Туған жерде «жатқан» жақсы, дей тұрғанмен, «жата беруден» жалығатын адам екенмін. «Көзі ашық адаммын» деп «қатты» кетпей-ақ қояйын, бірақ төрт жыл болса да Алматыда өмір көрген жайымыз бар. Сол өмір көрудің нәтижесінде мақсатым қалыптасыпты, көзқарасым пайда болыпты, қабілетім айқындалыпты. Енді, міне, мұнда «жата бермей», мақсатыма жету үшін күрескім келеді, көзқарасымды кеңейту үшін көргім келеді, қабілетімді дамыту үшін шыңдалғым келеді-ақ. Мұнда Байқоңырда ЦЭНКИ-ден басқа жұмыс көзі жоқ. Мұнда шығармашылықпен айналысып жүрген «орыстар» бар шығар, бірақ көзді кеңірек ашып қарасам, өздері айтпақшы, жәй ғана «самодеятельность». Түйіндеме жазып көрдім, бірақ тапсыруын тапсырмадым. «Бәйтерекке» барсам, ол жерде жұмысшы саны санаулы-ақ екен. Халыққа қызмет көрсету орталығына барсаң, қағаздан бас көтермейсің. Ал ондай жерлерде құбылыстар коллизиясыз, яғни тартыссыз өтпейді. Өзім тартыс деген нәрсеге жолағым-ақ келмейді, бірақ «жегім келетін наным» сол тартысқа байланып тұр. Пьеса жазсаң да, киносценарий жазсаң да, онда тартыс болмаса, есік алдындағы қоқыстардың арасына тастай сал. Міне, осы тартысты жасау өте қиын нәрсе. Бұл қалада деп айтпай-ақ қояйын, көптеген жерлерде айлығы жақсы жұмысқа орналасу үшін танысың мен берер параң болуы қажет-ақ. Дипломға қарап жұмысқа қабылдайтын жерлерге күлкім келеді. Қызыл дипломды сабаққа келмейтін студенттер сатып алып жатқанда... Сөйтіп, бұл қаладан жұмыс табылмағаны мен үшін қуаныш боп, Алматыға, Алла жеткізсе, жол жүрмекшімін. Иә, бұл қалада «әйтеуір» жұмысқа орналасуға болады. Азанда кетесің, кешке келесің. Бұлай қанша жылға созылады екен? Мен бұған шыдамайды екенмін. Бұл жерде, айтарлықтай, аса қиындық көрмейтін сияқтымын. Бірақ бұл жердегі орта маған бейтаныс емес, дегенмен, бұл ортада жәй ғана көлеңке ғұмырды кешетін сияқтымын. Сол себепті жалындаған жас кезімде Алматыға барып, танысатын адамдармен танысып, үйреніп, өзімнің сүйікті ісіммен айналысқым келеді, бір сөзбен – өмір сүргім келеді. Көптеген адамдар қоймайтын сұрақтарды қойып, соған жауап іздеп жатады, ал қою керек сұрақтардан қашып, жауабын біле тұра мойындағысы да келмейді. Мен болсам, өмірді «түсіну» үшін емес, өмірді «өмір сүру» үшін сүргім келеді. Мәселен, біреулер алма шырынын сатып алып ішіп жатады. Бағасы 200 теңгедей болар. Ал енді біреулер сол ақшаға алма сатып алып, оны ыстық шәйға салып, рахаттанып ішіп жатады. Біреулер қарапайым нәрседен бақыт іздесе, біреулері жоқ нәрсені қиялдап, өз өмірін өзі қиындатып, соңында жетем дегеніне жетпей жатады. Мен өзімнің күш-қуатым не нәрсеге жететінін, жетіңкіремейтінін жақсы білемін. Менен саудагер шықпайды, менеджер дегенді түсінбеймін, қағазбен отырғым келмейді, басқарушылық-ұйымдастырушылық қабілетім мүлдем жоқ, үнемі позитив кейіпте жүре алмаймын, т.б. меңгере алмайтын дүниелер толып жатыр. Әзірге поштада «көрер» боп көргім кеп жүр. Біреуге ұнамас, біреуі «өй» дер, дегенмен, бұл – менің таңдауым. Өзім таңдасам, өзімнің рухани күшімді жігерлендіретін, өмірімді көңілдендіретін жолды таңдаймын. Басқасы таңдаса, ол жолда ұзақ жүре алмас та едім. Кейде адамдардың сұхбаттарын оқып жатасың, «сүйікті ісіңіз» деген сұрақтарға тап боласың. Мен осы кезде де сүйікті ісім деп ештеңені дөп басып айта алмас едім. Ал жоғарыда айтқаным, пьеса, киносценарий деген сүйікті ісім емес, бірақ өміріме мән беретін, онсыз өмір рахатын сезе алмайтын дүнием деп айтар едім. Сондықтан кино мен театрдың ортасында жүргім келеді. Ол ортаға қашан қалай кіретінімді, ол ортада қанша жүретінімді өзім де білмеймін. Бір ән айтатын қыз «әнші болғандықтан менімен танысқың келді ме?» деп сұраған болатын. Қаншама танымал адамдарды жұлдыз деп жатса да, оларды қарапайым адамдар деп қабылдаймын. Олар мені қызықтырса, тек өнерімен, еңбегімен қызықтыруы мүмкін. Мәселен, менің де сұхбаттас болғым келетін адамдарым бар. Бекжан Тұрыс ағамен сұхбаттас болғым келеді. Ал Ақан Сатай ағамен танысып, ендігі түсірер киноларының басы-қасында жүргім келеді. Жақсы-жақсы сценаристермен де сұхбаттас болғым келеді. Сұлтанәлі көке «Тірі бол, пысық бол!» деп ақыл берген еді менің тым жұмсақ екенімді көріп. Иә, сондықтан жәйбасарлығыммен, ұялшақтығыммен көп болса екі-үш адаммен сұхбаттас болармын. Оразбай бабамыз да Абай атамызға қарсылас бола бергені «Абаймен есімім бірге аталып жүрсін» деген ниеті екен ғой! Қазан айының он бесінші жұлдызына дейін «Сәби болғым келеді...» драмасын Астанаға жіберуім де керек. Қабілетім жеткенше, жақсы жазуға тырысып та жатырмын. Уақытында көрермін. Бұдан кейін «Біздің елдің жігіттері» деген драманы жазбақ ниетім бар. Ондағы ниетім бауырларды мақтау емес, қайта қарындастарымызға қорған болуға шақырамын. Себебі зорлық-зомбылық дегенге жүрегім ауырады. Мына Байқоңырда қаншама қыз... Рас, кейбір жігіттер көмектескені үшін аты мен затын сұрап жатады, кейбіреулердің ойы тіптен арам. Сүйдім-күйдім демей, дені сау адам сияқты отбасын құрып, дені сау еркек сияқты жанұясын асырамай ме екен! Ақшам жоқ, байлығым жоқ деп қақсай бергенше, үйленіп үй болғаны дұрыс, некесіз «күнә» жасағанша. «Он түп жусан артық шығады» дегенді аталарың еріккеннен айтқан жоқ! Дүниеге келген сәбидің де ризық-несібесі бар, тіпті, үйіңе қонақ келсе де несібесімен келеді. Өмір – бір, тек жолдары бөлек. Кім қай жолда жүрмесін, мейлің, пікірлеріміз қайшы боп астаң-кестең боп жатса да, біріміздікі дұрыс, біріміздікі бұрыс болса да, жек көруден алыс болайық! Әрбір адам өз ісімен айналысса екен, шіркін! Кішкене өмір көріп, бір жиырма шақты кітапты оқып алып, бір кішігірім жетістікке жетіп алсақ та, басқа адамдардың «ісіне» араласпаған жөн шығар. Айтып отырмын ғой, өмірдің жолдары бөлек, ал өмірдің өзі – бір деп. Демек, адамдар біз қалаған жолмен жүрмей жатса, онда олар өз жолдарымен жүріп жатыр деген сөз. Ал жол – өмірге әкеп соғады. «Не суди людей по себе» деп те бекер айтпаған. Қайталап айтамын, өмір – бір, жолдары – бөлек. Өмірді жәй ғана сүрген жөн! Сонымен қатар басқалардың да өмір сүруіне кедергі келтірмеу – адамшылық...