Өмірді сүй, сонда жеңіл өмір сүресің!

Өмірді сүй, сонда жеңіл өмір сүресің!
жеке
блог

Ананың ақылы небір ғұламалардан да, ғалым-профессорлардан да артық.  Әсіресе қыздар жағы жақсы түсінетін шығар. Оңаша қалса, құрбыдай сырласа қалатын ананың әр сөзі көбіне ұлылар айтқан сөзден де мың есе керемет. Себебі қыз бала үшін анадан артық ғұлама, анадан артық сырлас, анадан артық дос табылмасына ешкім дауласа алмас.

Кейде мамамның әңгімесін тыңдааааап отырып, таң қалам. Осыншама ақыл-парасат, кеңшілік пен мейірім, даралық пен даналық бір өзінің бойына қалай дарыды екен деп)) Өзі сондай керемет жан!

Мамамның ана болып, өмірге қыздарын әкелгеннен бастағанын былай қойып, біздің балалық шағымыз бен бойжеткен шағымыздағы барлық еңбектерін айтпағанда, кешеге дейінгі әңгімелерін қоспағанда, кеше кешкі шәйдің үстіндегі әңгімесінің өзі ешбір кітапқа, ғалым-ғұламалардың сөздеріне айырбастауға келмейтін дана сөздер, мен үшін.

Анамның айтқандарынан:

*Бақытқа жетудің бір жолы – сенің дәл қазіргі шешімің мен әрекетің.

*Өмірде қателессең, оны түзетуге мүмкіндігің бар. Бірақ адасуға қақың жоқ!

*Өмірден өз орныңды таппайынша тынбау – жақсы қасиет.

*Жақсы мен жаман алақанның оң және теріс жағы сияқты. Тек ажырата білу керек.

*Кез келген адам үшін өмірдің мәні мәнсап емес, отбасы мен бала. Оны біреу ерте, біреу кеш түсінеді.

*Барлық нәрсе адамның өзіне айналып келеді. Алайда соны ескере бермейміз.

*Кейде пендешілік деп біле тұра жасаймыз жасайтынымызды. Пендешіліктен гөрі адам болуға ұмтылғанымыз жөн-ау.

*Достың да досы бар. Әрқайсысын тани біл.

*Жұрт жаман деген адамнан жиренуге асықпа. Оның да өзіне тән жақсылығы болады.

*Бала тәрбиелеу құрсақтан бастау алады. Өмірге келіп, өсіп-өніп қойған балаға айтқан ақылың далаға кетуі мүмкін. Жүкті әйел осыны ескерсе керек.

*Бойжетіп, айнаға қарап бой түзеген жақсы. Сонымен бірге ойыңды да түзей біл. Ең бастысы сен болашақ анасың. Осыны қаперіңде ұста!

*Ғашық болсаң, анаңмен бөлісуден қысылма. Аналар ғашық болудың бар түрінен өтіп қойған. Түсінеді және көмектесе алады.

*Кез келген адаммен сырласуға бейім болма. Өзіңе сыйдыра алмағанды өзгеніңкіне тықпалау – бос әурешілік.

*Болашақта қара нан мен қара су ішсең де, таңдаған адамыңмен бірге бол!

*Болашақ жарыңмен ешқашан айырылыспа! Ұрғашыға еркек көп. Алайда балалардың әкесі біреу ғана!

*Анаңды қанша жақсы көрсең де, енеңмен салыстырма. Бәрібір анаңа қарағанда енеңмен көбірек өмір сүресің.

*Ер-азаматқа тек еркелеу керекпін деген ойдан аулақ бол. Керек жерде бірлесе күш жұмсағаннан ұтпасаң, ұтылмайсың.

*Өмірде дәл қазіргідей бәрі керемет болады деп ойлама. Қыз баласы болып, майыссаң да, өмірде қайыспауға тырыс.

*Кез келген ер адаммен сөз жарыстырма. Бәрін өз әкеңдей құрметте. Оларда әке немесе болашақ әке.

*Өмірдің оңай-қиындығы сенің көзқарасыңа байланысты. Өмірдің ашық түстерін көре біл.

*Өмірді сүй, сонда жеңіл өмір сүресің!