Сәлем Массагеттіктер!
Сәнияның соңғы жазбасынан кейін көп ойландым. Қиындықтың көбін айналып өтіп кеткен ол қызға қызығып та кеттім. Расында, неге өз өмірімізді өзіміз қиындатамыз?! Неге өзімізге жеңіл, оңай жағына жүгірмейміз осы? Таң қалам ше.
Көзбен көріп, көңілге түйгенімнің басы мынау. Біріншісі тойға қатысты. Студент кезімде Алматының "менмін" деген бір тойханасында 3 жыл жұмыс жасадым. Тойдың неше атасын көрдім. Қазағы бар, немісі бар, орысы бар, Алматыда қандай ұлт бар, соның бәрінің тойын көрдім. Солардың ішінде ең ұнамайтын қазақтардың тойы еді. (Бәрі бірдей емес, керемет, көзіме жас алдырған тойлар да өтті, бірақ 99 пайызы бірсарынды, менің жазбама арқау болып отырған тойлар). Таза қазақтар емес қой, бәрі шала. Кигені мынау, ішкені анау. Таза қазақтың тойы болса қуанасың ғой. Жүрегім айнитын. Тамаққа обал. Шыны керек, "менің тойым болмайды" дейтінмін. "Бұлай той жасағанша..." деймін. Жанымдағылар таң қалады бұл сөзіме. "Керегі жоқ ондай тойдың" дейтінмін.
Менің ұзатуым, тойым болды бірақ. Өйткені менің қолымдағы мәселе емес еді, екі жақтың үлкендері бар, солар шешті. Барынша шығынсыз жасауға, ысырап жасамауға тырыстық. Екі жақ бір-біріне киіт қоймады, өздері солай келісті. Құдалар бір-біріне алтындарын тақты да қойды.Сырға салу, құдалық күту, ұзату бәрі менің және ата-әжемнің үйінде жарты күннің ішінде өтсе, "киім апару", "қызды шығарып салу" дегеннің бәрін 2-3 жеңге ғана атқарды да, адам басын көбейтпедік. Ал "құда шақырушылар" мүлдем болған жоқ, телефон атқарды ол салтты. (Біз жақта ондай да салт бар). Ұзатуда жай көйлекпен жүре бердім.
Екіншісі той көйлекке қатысты. Тойлардағы неше түрлі көйлектерді көріп ашуым келетін. "О, Тоба, неге сол күні қайдағы бір ыңғайсыз, керегі жоқ ақ көйлекті киіп алады келіншек? Ашық-шашық, қай жері әдемі?! Сол көйлекті кимесе келіншек екені білінбей қала ма? Жоқ, әлде сайқымазаққа ұқсап ерекше киінбесе болмай ма? Тағы сол көйлекке пәленбай ақша жұмсапты, сонда не шықты?" деп ойлаймын ғой әлгі жерде. Тағы да өз тойыма келгенде бұл ойым жайына қалды. Кидім. Ең қарапайым көйлек, ең қарапайым шаш үлгісі менде болды. Кейбіреулерге ұнамады менің таңдауым. Не болды сонша? дегендер табылды. Аяғыма жай табан жеңіл аяқ киім кидім. Көргендер күлді. Мейлі. Мен де өзіме ыңғайлысын, оңайын жасадым Сәнияға ұқсап.
Енді ойлап отырмын: Адамдар жалпы көп нәрсені, "жөні осылай екен" деп қиындатып алып жатады. Кішкене өз жағдайларына икемдеп, жеңілдеткенді білмейді. Тағы да сол тойды несие алып жасап, соңынан онысын төлей алмай үйінен, мүлкінен айрылып жатқандар да бар ғой.
Жалпы, бұл мәселе тойға ғана қатысты емес.
Кейбір жазбалардың астына "бұндайды мен оқи алмаймын" деп жазғандарымды көргендеріңіз бар шығар. Сонда жұрттың не ойлайтынын қайдам, мен расында ол жазбаны оқи алмаймын. Қиын ол маған. Неге сонша сөздері қиын, мағынасы ауыр? Сәл жеңілірек етіп жазса болмай ма? Қазақта әдемі сөздер, теңеулер көп қой. Абайдың өзі айтады ғой: "тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы" деп. 70-ке келген Алтынбек атам әдебиетті сүйеді, мен есімді білгелі үнемі кітап оқып отырады. (Менің есімді білгеніме де 20 жылдай боп қалды, сонда оның қанша кітап оқығанын есептей беріңіз). Әлем әдебиеті, қазақ әдебиеті, тарихи романдар, классика, бәрін-бәрін де оқиды. Тапсырыспен кітап алдырып жатады. Сол кісі айтады: "Кәдімгі қара шыбынның ұшқанынан қонғанына дейінгі аралықты айтып кітап жазуға болады" дейді. Түсіндіңіз бе не дегенін? Расында "шыбын ұшты, көтеріліп ананы көрді, мынамен сөйлесті, өйтті, бүйтті" деп көпірте берсең сөз көп қой. Бірақ оның несі қызық?
Сосын тағы бір жағдай. Кейде бір өзімізден өзіміз бұрқылдап, біреулерге ренжіп, көңіл-күйімізді түсіріп жүреміз. Бір мысал: Мектеп кезінде бір кеште өзімнен өзім бір досыма болмайтын нәрсеге ренжіп жүрдім. Кеш дым қызық болмады маған. Басқалар көңіл көтеріп жүр, менен бір-екі рет "не болды?" деп сұрады да қойды, ары қарай маған қараған ешкім жоқ. Бәрі мәз-мейрам. Ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ, ертесінде кештің қызықты өткенін айтып жатыр, ал маған еш қызық болмапты. Сонда мен өзіме өзім ғана қиын қылғаным ғой.
Білмейм, таң жаңа атқан соң ба ойымды еш жинақтап жеткізе алмай отырмын. Мүмкін мен де жазбамды қиындатып жіберген шығармын. ))) Өзіңіз кішкене ойланыңызшы. Осындай өзіміз қолдан ауырлатып отырған, бірақ жеңілдетуге, оңайлатуға болатын жағдайлар бар ғой, ия? "Сонда дүние бұрынғыдан да жақсырақ, өмір сүру жеңілірек болар ма еді" деп ойлаймын мен.
Осы еді менің айтпағым.