Өмірді гүлдендіретін 1000 қарапайым зат
блог
Бүгін сіздерге «1000 Awesome Things», яғни «Өмірді гүлдендіретін 1000 қарапайым зат» деп аталатын блогты таныстырмақшымын. Блогтың мақсаты, өзіміздің басымызда өтетін, алайда мән бермейтін кейбір қуантарлық жәйттарды жазу.
Бұндай идея блог авторына 2008 жылы келген екен. Сол уақыттары жеке өмірінде күйзеліс тапқан ол, өмірдің қарапайым заттарынан ләззат алуды үйрене бастаған. Сөйтіп, күніге жанына не рахат сыйлайды, соны бізбен бөлісіп отырған. Қазіргі таңда, жанға рахат сыйлайтын қарапайым заттардың саны 1000-нан асып, тіпті екінші айналымға өткен.
Былай қарап тұрсақ, өте қарапайым, әркім де осыны сезінеді, көреді, алайда біз ондайға мән бермейміз. Бірақ қазір есімізге салса, дәл солай екен ғой деп, жымиып, өмірге құлшыныс та пайда бола бастайды. Соны оқығаннан бері өзім де кейбір заттарға аса мән беріп, мәз болуға тырысып жүрмін. Пысық блоггер, осындай пайдалы құндылықтарын жинап, кітап та шығарып тастапты.
Сол блогта өмірді гүлдендіретін мынадай қарапайым заттар жазылған:
• Қалтаңыздан ойда-жоқта ақша тауып алу
• Қолыңа кірген тікенектен арылу
• Базарда сатып алған киімдерді үйге келіп, қайта киіп көру
• Қоғамдық жердегі дәретхана тап-таза болып шықса
• Тістеріңнің арасын жіппен тазалау
• Жаңа ақжаймада ұйықтау
• Жаңа жылда қар жауса
• Жаңғырықта күлу
• Сиырдың беретін барлық өнімдері
• Бүгін бейсенбі деп жүрсең, сөйтсе жұма болып шықса
• Түшкіріп, бөтен адам сізге саулығыңызды тілесе
• Жинап болған соң, қаншама қоқыс шығарғаныңызды көру
• Душқа кірсең, ол жайлы температурада тұрса
• Компьютердің қоқыс жәшігін тазарту
• Үйге кеш қайтқанда есік алдында жаңа газет жатса
• Қажет кезде ұзақ құшақтасу
• Жаңа техника әкелгенде, қапталатын целлофандарын тарсылдатып, жару
және т.б.
Өзімнен қосарым:
• Ыстық күнде даладан келіп, салқын үйге кіру
• Автобуста ұзақ тұрып, орын босағанда отыру
• Ып-ыстық бауырсақты шаймен және тосаппен жеу
• Кішкентай сәбиді иіскелеу
• Қарның қатты ашқанда бірнеше тағамды алдыңа әкеліп берсе
• Қатты шөлдегенде тоңазытқышта салқын сусын тұрса
• Үйде ешкім болмай, күні бойы сүйікті сериалдарыңды көріп жатсаң
• Атқа отырып алып, асфальтта тағасымен тоқылдатып жүрсең (шынымен бұрын фильмдерде аттың тақылдап жүргенін қатты жақсы көретінмін)
• Қатты көргің келетін жұлдызды кездейсоқ көріп қалсаң
• Түнде кеш жатып, ертеңінде түске дейін ұйықтасаң
• Ұйықтап жатып, қолың ұйып қалса, оянған соң ұйығаны босаса
• Радио тыңдап келе жатып, бір өлеңді тыңдағың келіп кетсе, сөйтіп сол әнді қойып қалса
• Қызық кітапты оқып болған соңғы сезімдер
• Кинотеатрға барғанда, көрген фильміңнен тамсанып шықсаң
• Ұзақ уақыт, ішің ауырғанша күлсең
• Суретте өте әдемі шықсаң
• Алған киімің өзіңе жақсы жарасып тұрса
• Тағам жасасаң елдің бәрі мақтап, жеп қойса
• Машинада магнитафонның дауысын шығарып, бір өлеңді басынан соңына дейін жаңылыспай айтып шықсаң
• Театрдағы спектакль ұнап, актерлерге ұзағынан шынайы шапалақтасаң
• Ас үйдегі ұзақ әңгімелер
• Табиғи әдемі адамдарды көру, тамсану
• Өзіңе қатты ұнаған затты шегеріммен сатып алсаң…
Жалғастыра берсем бітпейтін сияқты. Жалпы бітпегені де жақсы ғой, сондықтан сіздермен бірге қарапайым ләззат сыйлайтын заттарды еске алуға шақырамын.