Өмір - шексіз керуен!

Өмір - шексіз керуен!
жеке
блог
                         Өмір шексіз керуен!
Өмірімде ешқашанда бір болмаған,
Күйге енемін өмірді ойлап мың толғанам.
Бұл фәниге кімдер келіп кім кетпеген,
Заңдылық бар қандай-дағы тың орнаған?!

 

Өмір шексіз, шегі болмас көп керуен,
Жалықпайсың одан қалмай тек еруден.
Тәлкегіне тап болсаң да сұм тағдырдың,
Бас тарта алмас оны ешкім өткеруден.

 

Кей адамдар өмірді өлшеп білсем дейді,
Өмірдің тек жақсы жағын көрсем дейді.
Өмірді өлшеу, түсіну мүмкін емес-
Өмір- шексіз, ал шексіздік өлшенбейді.

 

Белгілі бір заңы бардай тіршіліктің,
Бәз біреулер өмір сүрер құлшынып мың.
Ал, басқасы талқысына ұшыраған,
Тағдырына айтатындай күрсініп мұң.

 

Өмір тұрар: атар таң мен батар кештен,
Айнымайды керуеннен қатар көшкен.
Кейбіреуге тағдыр тартса қиындығын,
Ал біреуге қуаныштың лебін ескен.

 

Өмір-өзен тоқтаусыз ағып жатқан,
Түскендерге міндетін тағып жатқан.
Адамдар көп өз жолын таппаған да,
Ағынында өз арнасын тауып жатқан.

 

Бұл өмірді тоқтайтындай ете алмайсың,
Сол өмірден асып тағы кете алмайсың.
Өз тұсыңда өміріңді бас салмасаң,
Өтіп кетсе қусаң да жете алмайсың.

 

Өмір қысқа, бағамдағай өтуін тек,
Айтар ем «ол- біреу ғана» -осы мұң деп.
Өмірге адам болып келгеннен соң,
Өмірден адам болып өту міндет! 
                                                                    © Бексұлтан БАСЫҚАРА.