Өмір портреті

Өмір портреті
жеке
блог

 

Бүгін қала сұр бояуға боялды. Өзінің ең қатал әрі сұрықсыз кейпіне енді. Қыздың көз жасындай ыстық емес, қытықсыз, қылаусыз жартастай болып жаратыла салған тәкаппардың суық жасындай болған сұр жаңбыр. Артынша табиғат өз балалары жасыл ағаш, шөпті еш аямай, түйдек-түйдек қарын боратты.

Иә, өз ісіне берік табиғат қашанда бірқалыпты. Ешкімді сүймейді де, жек көрмейді де. Ешкімде шаруасы жоқ Қоңқай шал сияқты өз міндетін атқарады да қояды. Өзгенің мақтауын да, даттауын да күтпейді. Өзгеріссіз... Бұдан неше мың жыл бұрын жауған жаңбыр – сол жаңбыр, жапалақтаған қар – сол қар. Тек тықпыршыған адам жаны ғана тыным тапқан емес. Әйнекке ұрылған шыбындай ол бұл өмірмен күреседі, ақиқатын дәлелдейді, өзінің маңызын көрсетуге тырысады. Тек меңіреу табиғатқа бәрібір. Ол ойын соңы немен аяқталатынын білетіндей миығынан сәл ғана жымиып тұрып, ойыншыны қоздыру үшін келесі бір болмысын көрсетіп қояды. 

Расында өмір деген не? Сіздер үшін қалай екенін білмеймін, ал мен осы жолдардың авторы өзгелердің ойын оқи алмаймын, өмірді тек өз көзқарасыммен, өз санамның призмасынан ғана қабылдаймын. Мүмкін болмыс деген тек менің ойларым мен сезімдерімнен құралған шығар. Мүмкін сіздер менің болмысымның қатысушылары ғана шығарсыздар... 

Ал қар болса әлі де жауып жатыр... Өмір автобусында кетіп бара жатқан адамдар не ойлап бара жатыр екен? Біреуі келешегін, біреуі адасып қалған махаббатын, енді біреуі ақшасын санап әлек болып жатқан шығар.  Олардың әрқайсысының өз болмысы, өз ойыны бар. Алайда өмір атты ойыннан біз бәрібір де жеңіп шыға алмаймыз. Бұл-заңдылық. Табиғат заңдылығы. Бұл ойынның ережесін тек табиғат құрастырады. Одан сәл ауытқысаң болды, ол лезде түзетуші шараларын іске қоса қояды. Мысалы, өмір жолында кейде алдымыздан Гетенің «Фаустындағы» Мефистофель сияқты жын-шайтандар кездеседі. Олар күліп тұрған досың болып та, қасың болып та, тіпті ит болып та кездесуі мүмкін. Сені азапқа салып, жаныңды қинайды, жылатады. Содан соң аяқ астында тапталып мыж-мыж болған жаныңды көтересің де, арқалап әрі қарай өмірдің соқпағымен жүре кетесің. Егер ол сабақтан түйсігіңе керектісін түйіп шықсаң, онда алдыңнан сені қолдап, жебеп жүретін періштелерің шығады. Ондай жанды сен санаңмен емес, жүрегіңмен танып қоясың. Тек жүрегің оған тас қапастай құлыптаулы емес, алыс сапардан баласын күткен ана құшағындай ашық болуы керек. Тот басқан жүрегіңді сүртіп-сүртіп қастерлеуің керек. Сонда ғана ол жерге өмір мәні ұялайды.

Өмір портреті осындай...