Өмір неткен тәтті едің!
жеке
блог
блог
Армысың жаңа дәптер! Кіршіксіз тазалықтай аппақ әлем. Қараңызшы, қыстыгүні қар жауғаннан кейін дүние біткен ақ бояуға боянбай ма? Сонда қар үстіндегі алғашқы іздер есіңізде болар. Тура сол сияқты аппақ әлемге, ақ дәптерге қолымыздағы қалам тағы да өзіндік іздерін салуда. Бұл жаңа жолдар, жаңа ойлар тізбегі. Бұл кеудемде күмбірлеген көңіл сыры, өзіндік оймен өрнектелген өмір сыры.
Ойлы жанар ақ парақтан терезеге қарай ауысты. Сыртқа қарап ойланам. Жас талдың жапырағы діріл қағып тұр.
Ал кішкентай ауланы өзіндік тыныс, тынымсыз тіршілік жайлап алған. Дәліз алдына көліктердің бірі келіп, бірі кетуде. Ар жағыңдағы алаңда балалар алаңсыз ойнауда. Бірі доппен, бірі құммен, бірі әткеншекпен, ал бірі кішкентай ақ күшікпен әлек. Бала да, қасында қызығып қарап тұрған ана да мәз-мейрам. Бала даусы мен күлкісі аулаға ғажап көңіл-күй сыйлауда. Қайнаған, жайнаған өмірдің бір көрінісі.
Бейне бір мына жарқын дүние, ғажап әлемге екінші қабаттан емес, тура ғарыштан көз тастағандайсың. Осылайша, үйіңнен басталған ой аулаңа шығып, шетсіз де шексіз өмір қиырларына сапар шегуде. Иә, жүрегіңмен сезініп, тереңнен толғана түсесің.
Иә, қан тамырларың соққан сайын, өзіңше бір күй кешесің. Өзіндік әлеммен тілдесесің. Әрбір сәттеріңе үңіліп, мына өмірде бар екеніңді ұқтырып, өзіңше бір баға беріп жатасың. Осындайда бір ғұламаның «Адамның жаны үш бөлікке бөлінеді: ақыл, сана және құмарлық. Ақыл мен құмарлық басқа жануарларда да кездеседі, ал сана адамда ғана бар» деген сөзін еріксіз еске аласың.
Қағазға түсіп жатқан қолтаңба өзіңнің өмір сүріп жатқаныңның белгісіндей. Шындығында осынау күнделіктегі жазылған дүниелер адам ретіндегі ойлаған ойларым, ізгілікті сезімдерім, жалпы толғанысқа, тебіреніске толы менің өмірімнің мазасыз сәттері емес пе?! Кейде осынау ақ парақтың ақжайма ақтарылған сырларынан бір рахат күй кешем, рухани күш жинайтын секілдімін. Өзіме үңілген сайын өзгені түсінуге ұмтыламын. Бәрі-бәрі де жұмбақ әлемнің сырлары да адамның жан дүниесінің ішінде жатқан сияқты...
20.08.2011ж.