Өмір деген қызық. Біреуді құлатады, біреуді жұбатады. Біреуге сын айтады, біреуге сыр айтады. Біреуді баптайды, біреуді даттайды.
Кейде өзіңнен үлкен жандар үлкендігін алға тартып, "Мен бәленмін, мен түгенмін, сендер өмір дегенді білмейсіңдер, дым түсінбейсіңдер" деп жатады. Қарап отырсаң, өмірді кішілер емес, солай көп сөзбен көпіретіндер түсінбейді. Қазақ "Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра" дейді. Кейде өзіңнен кіші бауырларың ақыл айтып, ой тастағанда ерекше мәз боласың. Есейген екен дейсің. Олардың сөзіне бөгет болмайсың. Қайта осылай айтқанын жөн санап, құптайсың.
Мен кейбір адамдарды түсінбеймін. Өзгенің іс-әрекетін даттап алып, кейін сол әрекетті өздері қайталайды.
Мен кейбір адамдарды түсінбеймін. Оларға біреу кісен салғандай, орындарынан қозғалмай, әрекет қылмай жатып, жанын салып, ұмтылып жүргенді жамандап, оның әрекетіне кері баға беріп отырады. Сол бір жан оларға кісен салып қойғандай, соны өз кем-кетіктеріне айыпты ете салады.
Мен кейбір адамдарды түсінбеймін. Ештеңе білмей жатып, өзгенің ата-анасына, әпке-бауырларына, достарына, жеке өміріне көз қиығын тастап, оны әңгіме қылады.
Мен кейбір адамдарды түсінбеймін. Өзінің мінін білмей тұрып, өзгенің бойындағы қылықты, мінез-құлықты, өмірлік қағидаттарын айтып, сол туралы сөз қозғайды. Жақсылық емес, соның бойынан жамандық іздеп отырады.
Мен кейбір адамдарды түсінбеймін. Кешегі күнін ұмытып, аспаннан түскендей болып жүреді.
Мен кейбір адамдарды түсінбеймін. Біреудің өміріне иелік еткісі келеді.
Мен кейбір адамдарды түсінбеймін. Өздері мәңгілік өмір сүретіндей, он сегіз мың ғаламды тіреп тұрғандай, өзгенің қуанышы мен қайғысына ортақтаса алмайды.
Иә, өмір деген осы екен