"Вандализм" немесе "Аю қызметі" (медвежья услуга)

"Вандализм" немесе   "Аю қызметі" (медвежья услуга)
жеке
блог

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ  МИНИСТРІНЕ!

Тарихи- мәдени ескерткіштер- тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады. Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткендерінен сыр шертер халықтың байлығы, сол елдің немесе белгілі бір өңірдің өткенін саралайтын, сол өткеннен бүгінгі ұрпаққа мағлұмат беретін дайын информациялық дереккөздер базасы десек те болады. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, оларды зерттеу және насихаттау мемлекеттік деңгейдегі шара. 

Ия, Қазақстанымыз тарихи ескерткіштерге бай елдердің бірі. Бүгінгі таңға дейін сақталып келген әрбір тарихи ескерткіштер еліміздің баға жетпес құндылықтары. Түркістан өңірі де сондай тарихи ескерткіштерге бай өңірлердің бірі.  Сондай Республикалық маңызы бар, 120 жылдық тарихы бар сәулет өнерінің керемет туындылардың бірі- Түркістан темір жол вокзалы болып табылады. 

Түркістан " Темір жол станциясы кешені" 1903 жылы салынған,  Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген тарихи- мәдени ескерткіш. Сол темір жол кешенінің ең негізгі сәулет- құрылыс объектісі ол- Түркістан темір жол вокзалы.

     Түркістан темір жол вокзалы осы уақытқа дейін " Қазақстан Темір Жолы " АҚ меншігінде болып келген. Түркістан облыс орталығы болғалы жергілікті әкімдік КТЖ- мен келісіп,  жергілікті бюджет есебінен темір жол вокзалына  жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз деп, қаланың коммуналдық меншігіне қабылдап алады. Бүкіл Қазақстан облыстары, Ұлттық компаниялары Түркі әлемінің рухани орталығы болған Түркістан қаласына тарту ретінде қаншама ғимараттар мен нысандар салып беріп жатқанда " Қазақстан Темір Жолы " АҚ күнін көре алмағандай темір жол вокзалын қала есебінен жөндеп алыңдар деген сыңай танытқандай болды. Қаланың меншігіне өткіздік дегені тек қағаз жүзінде,  толық пайдаланып отырған сол КТЖ. 

Қош, менің негізгі айтайын дегенім бұл емес еді. Сол темір жол вокзалын қала қабылдап алған соң,  вокзалдың жөндеу жұмыстарына млрд- қа жуық сомаға смета жасатып, жөндеу жұмыстарын бастап кетеді. Өте орынды, әрі дұрыс. Өйткені темір жол вокзалы қаламыздың басты қақпаларының бірі. 

Алайда тарихи ескерткішті жөндеу барысында сол ғимараттың тарихи қалыпта сақталуы, ғасырдан астам бұзылмай тұрған, ішіндегі өнерлеп істелінген келбетіне зиян келмеді ме деген заңды сұрақ туындайды. 

Бүгін бір жақын інім Алматыдан демалысқа шығып, қаламызға қонаққа келеді. Поездан түскенде, вокзал ішіндегі жөндеу жұмыстарын көріп, бей- жай күйге түскенін айтты. Істеліп жатқан жөндеу жұмыстарын нағыз " Вандализм " демесі бар ма. Сол жерде бірнеше сурет кадрларын алып,  маған жолдаған болатын. 

Суреттерге қарап шын мәнінде Істеліп жатқан жұмыстарын "аюдың қызметіне" бағалауға боларлықтай екен.

ҚР заңдарына сәйкес мұндай тарихи ескерткіштерге жөндеу жұмыстарын тек арнайы реставрациялық жұмыстарға лицензиясы бар мекемелер ғана жүргізу қажет. Сонымен қатар Республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ҚР Мәдениет министрлігінің келісімі міндетті. Ал жергілікті әкімдіктердің бірінші кезекте тарихи ескерткіштердің қалпында сақталуын, қорғалуын, тарихи келбетінің өзгермеуін қамтамасыз етуі тікелей заңмен қарастырылған. 

Түркістан вокзалының ішінде бүгінгі күнге жасалып жатқан жұмыстарды көріп, Қазақстандағы тарихи- мәдени ескерткіштердің қорғалуын, сақталуын қамтамасыз ету туралы заңдардың талаптары сақталып отыр деп айту өте қиын. Вокзал ғимаратының ішінде жүргізіліп жатқан вентиляция жүйесі ғимарат қабырғаларын ойып, қабырғадағы әшекей суреттердің үстіне орнатылуда. Бейне бір қойма немесе подвалға жасалған жұмыстар секілді. Ол қабырғалардағы өрнектер мен әшекей суреттердің ғасырдан астам тарихы болуы мүмкін ғой. Мұндай тарихи ескерткішке жасалған сметалық құжаттардың өзі арнайы сараптамадан қалай өткені түсініксіз. Сұрақ көп. Шұғыл түрде арнайы комиссия құрып, сараптама мен зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Қорыта келе тарихи ескерткіштің жөндеу жұмыстары заң талаптарына сәйкес  жүргізіліп жатқанына Қазақстан Республикасы Мәдениет министрі мен Прокуратура органдары заңды жауабын берер. 

Тек бір ғана өтінішім жауаптарыңызды ресми сайттарыңыз арқылы жарияласаңыздар.

Сакен ХАНДИЛЛАЕВ

Түркістан қаласының мәслихат депутаты