Үш облыста волонтерлерді қолдау орталықтары ашылды
блог
2020 жылдың наурыз айынан бастап «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» волонтер жылы аясында «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасын іске асыра бастады.
Жобаның мақсаты — мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту, тарих, мәдениет ескерткіштері мен мемориалдық кешендерді қалпына келтіру және сақтау жөніндегі жобаларға волонтерлерді тарту.
Елімізде карантинге байланысты онлайн-режимде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған викторина, «Әлемдік мұра» челленджі сияқты іс-шаралар өткізілді.
«Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасы аясында ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған каверлер байқауы өтті. Байқауға барлығы жүзден астам орындаушылар қатысты, олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан отыздан астам жас таланттар бар. Байқаудың жүлде қоры 430 мың теңгені құрады. Жеңімпаздарға арнайы сертификаттар табысталды.
Жоба аясында Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстарында волонтерлерді қолдау орталықтары ашылды.
Әр облыста 17 жоба үйлестірушілері тағайындалды, олар волонтерлермен жұмыс, археологиялық-қазба жұмыстары, қайта қалпына келтіру жұмыстары, туристік гид-волонтерлер, мәдени нысандарды бақылау бағыттары бойынша онлайн оқытылды. Оқу барысында халықаралық сарапшылар шақырылды.
Тарихи-мәдени мұраға қызығатын 1000 волонтер оқуды сәтті аяқтап,»Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасының волонтерлер құрамына қабылданғаны туралы сертификат алды. Үздік волонтерлер 2020 жылдың қараша айында қорытынды онлайн форум-көрмеге, мерекелік іс-шараға қатысуға шақырылды. Үздік волонтерлердің жетістіктері мен тәжірибелері Қазақстанның барлық өңірлеріне таратылатын үздік тәжірибелер жинағына кірді.
Жоба волонтерлері Отырар қаласында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге өз үлестерін қосты. Түркістан университеті мен колледж студенттерінен құралған волонтерлер тобының 12 мүшесі Дарбазы қақпасының қабырғасын қалау жұмыстарына қатысты. Екінші топ «Казреставрация» кәсіпорнында өндірілетін реставрациялық керамиканы дайындауға үлес қосты.
Жоба аясында еліміздің түрлі өңірлерінде 68 шағын грант жүзеге асырылды.
«Asyl mura life» республикалық онлайн байқауы жарияланды. Байқаудың мақсаты — балалар мен жастардың, халықтың назарын мәдени мұраға аудару, ұлттық құндылықтар дәріптеу.»Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасының амбассадоры, актер — Әділ Ахметов, қолөнерші, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты — Ырза Тұрсынзада, белгілі коллекционер-этнограф, қазақтың ұлттық сувенирлерін шығаратын «Әдемі-Ай Рluѕ» компаниясының президенті — Бахаргүл Төлегенқызы және басқа да танымал тұлғалар қатысушыларға тарихи — мәдени мұра, дәстүрлер, ұлттық ас үй және ұлттық ойындар бойынша тапсырмалар берді. Барлық тапсырмалар саны 7.
«Birgemiz: Asyl Mura» жобасы аясында ШҚО, СҚО, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Түркістан облыстарында 10 археологиялық жұмыс ұйымдастырылды. Оған 45 волонтер қатысты.
Тарихи-мәдени объектілер туралы ақпаратты ұлғайту мақсатында волонтерлер арасында wikipedia-ны толықтыру бойынша «Асыл Мұра» конкурсы өткізілді, тарихи-мәдени орындар бойынша бейнероликтер конкурсы ұйымдастырылды.
Қазақстанның тарихи жерлері жайында Интернет желісінде көбірек ақпарат қалдыру мақсатында “Асыл Мұра” Wikipedia-ны толтыру” байқауы өткізілді. Байқау 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде 200 қатысушы өз жұмыстарын ұсынған болса, екінші кезеңде солардың арасынан 50 жұмыс іріктеліп алынды. 50 қатысушының жобасы Wikipedia сайтына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүктелінді.
Жоба аясында тарихи-мәдени мұраға халықтың қызығушылығын арттыру мақсатында “Ең үздік волонтер-гид” және “Мониторинг” байқаулары ұйымдастырылды.
Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен жүзеге асырылды.