Тіл - халықтың жаны, тәуелсіздік тұғыры, елдіктің белгісі. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгеніне де талай жылдың жүзі болды. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесі ерекше. Ол қоғамды біріктіруші фактор, тәуелсіздігіміздің бір тірегі. Оны білу - әрбір қазақстандыққа парыз. Бүкіл елімізде, қоғамда осындай жүйе, саясат жүзеге асырылып келеді.
Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін арнайы республика, облыс көлемінде іс-шаралар жоспары қабылданып, орындалуда. Соның маңызды бір бөлігі - қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Қазақ әліпбиі, мемлекеттік тіл мәселесі ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі екені жасырын емес. Осы орайда тіл маманы, филология ғылымының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанның "Ана тілі" газетіне берген сұхбатынан үзінділер келтіруді жөн көрдік.
Тіл маманының айтуынша, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде қоғамда алаңдаушылық барын, себебі, қазақ қоғамының латыннегізді қазақ әліпбиін қоғамдық сананың жаңғыруы ретінде қабылдайтынын атап өтті.
"Осы бір күдік, шынында да, көп адамды мазалайды. Бұл бекер емес. Қоғам қатты алаңдайды. Ол ненің көрінісі? Ол қазақ қоғамы латыннегізді қазақ әліпбиін қоғамдық сананың жаңғыруы ретінде күтіп жүргенінің белгісі. Ұлттық сананың жаңғыруының көрінісі. Ол ұлттық бірегейліктің тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біршама нығайғанының бір дәлелі. Бұл, бір жағынан, бізді қуантады. Бірақ күдік бізде де бар. Себебін жасырмай айтуға тура келеді. 2019 жылдың қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әліпбиді ғалымдар жетілдірсін" деген тапсырма берді. Сол кезде қатты қуандық. Алдында да ғалымдар процеске араласып жүр еді, тіпті оны бастаған да ғалымдар ғой. 1991 жылдан бері көтеріп, айтып жүр. Қоғамның көзқарасын өзгерту оңай шаруа емес. Отыз жыл бойы қоғамның көзқарасын эволюциялық жолмен өзгертуде тілтанушы ғалымдар зор еңбек сіңірді десем, артық болмас", - дейді ғалым.
Ғалымның айтуынша, тілтанушы ғалымдар бұл іске білек сыбана кіріскен. Әліпбиді ауыстыру барысында екі бағытта - теориялық және практикалық тұрғыда жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
"...Ал соңғы, жетілдірілген әліпби жобасы ғалымдардың жетпіс пайыздан астамының қолдауымен жоғары жаққа кетіп отыр. Табан тірейтін мәселе осы. ҚР Үкіметі жанынан Ұлттық комиссия құрылды. Ұлттық комиссия төрт жұмыс тобы арқылы бұл мәселелерді реттеді. Төрт жұмыс тобының құрамындағы барлық мамандардың жетпіс пайыздан астамы осы жоба дұрыс деп қол қойды. Әліпби - неғұрлым аз таңбалармен, солғұрлым көп ақпаратты түсінікті жеткізудің құралы. Осы тұрғыдан келгенде, 70 пайыздан аса ғалымымыз жетілдірілген әліпбиді қолдап отыр.
Сонымен қатар, ғалым әліпбиді жасау барысында жекелеген әріптерге қатысты сын-пікірлерді де ескергендіктерін атап айтты. Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты да өз ойымен бөлісті.
"Тіл туралы сын айтушы әсірекүдіктілер де, тым жайбарақат жүрген топтар да бар. Біріншілердің "қазақ тілі дамымады, отыз жыл бұрын қалай еді, қазір де солай" деген пікірімен келісе алмаймыз. Тіл білімі институтының негізгі мақсаты - зерттеу. Тәуелсіздік алғаннан кейін шыққан сөздік пен тәуелсіздік алғанға дейінгі сөздікті салыстырып қараңыз. Әлдеқайда толыққан. Бір ғана мысал. Бұрынғы сөздікте саудагерді алыпсатар деп қана берген. Қазіргі он бес томдық сөздіктегі саудагердің мағынасы әлдеқайда кең. Толық тарихи шындыққа сәйкес, баға деген сөзді қараңыз. Бұрынғы сөздікте екі-үш мағынасы ғана бар, қазіргі сөздікте қаншама мағына қосылды, бұл біздің экономикалық санамыздың дамығанын көрсетеді. Ол тіл арқылы дамиды.
Дегенмен, қазақ тілінің қолданысы сапалық жағынан да, сандық жағынан да өз деңгейінде көрінбей жатқан салалар да бар. Экономика қаржы секторы, банк саласы, басқару жүйесінде тілдің қолданыс аясы әлі де ақсап жатыр, бірақ бұрынғымен салыстырғанда ілгерілеу бар. Қазір билік қазақ тілінде сөйлейді. Билік өкімдерін, шешімдерін, талқыларын қазақ тілінде жүргізеді. Электорат пен саяси элита арасындағы мемлекеттік тілдегі коммуникация жақсару керек. Ол үшін сол саладағы қазақ тілінің сапасы артуы қажет".
Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының "Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру" мемлекеттік гранты аясында "Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен "Тіл-халық рухы" іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.