ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

     Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов – әлем халықтарына танымал айтулы сөз зергері, қазақ әдебиеті тарихын зерттеуді жолға қойған ғалым. Заманының заңғар тұлғасы, қазіргі күнде де қалдырған еңбектері көкейден кетпес ойлары, ұшан-теңіз білімнің қайнар бұлағы қай кезеңде де өзекті. Оның қаламынан туған шығармалардың сапасы мен салмағы уақыт озған сайын жарқырай түспек. Өйткені жазушының кез келген туындысы қазақ көркем сөз өнеріне жаңа леп әкелді. Қара сөздің хас шебері М.Әуезов – қазақ әдебиетінің кәсіби тұрғыда іргелі әдебиет болып дамуына үлкен үлес қосқан ірі тұлға. Әдебиетке ХХ ғасырдың басында келген жазушының «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Қаралы сұлу», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман», тағы да басқа әңгіме, повестерінде ел өмірінің елеулі кезеңдері шынайы көрініс тапқан. «Абай жолы» арқылы қазақ прозасы күллі дүниежүзілік  әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. XX ғасырдың қырқыншы, елуінші жылдарындағы әдебиетті М.Әуезов бұрын-соңды болып көрмеген ренессансқа айналдырды. Жазушының эпикалық кең құлашты шығармалары М.Әуезовтің сөз өнеріндегі өзіне ғана тән өзгеше қолтаңбасын айқындайтын туындылары болып саналады.

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының атсалысуымен «Әуезов апталығы» аталып өтті. Изгілік пен игілік, парасат пен пайым, ғылым мен тәжірибе қатар жүрген іс-шара Мұхтар Әуезовтің қаламгерлік қолтаңбасын зерделей келіп, жазушылық һәм ғалымдық жолындағы күрделі соқпағының қыр-сырын аша түсті. Мұхтар Әуезов атындағы драма театр мен автордың атындағы мұражайға саяхаттаудан басталған ізгілікті іс-шара өз жалғасын Әуезов апталығына арнады. 

    Аталған апталықтың «Әуезовтану дәрістері» атты күнін танымал ғалымдар-әуезовтанушылар, филология ғылымдарының докторы, профессорлар Ж.Д.Дәдебаев, З-Ғ.Қ.Бисенғали, Ө.Әбдиманұлы ұлы академиктің шығармашылық қыры мен өмір жолынан құнды да таңдай қақтырар дәрістермен толықтыра түсті. 

    Апталықтың келесі бір күні «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясымен» жалғасын тапты. Бұл халықаралық конференцияда белгілі ғалымдар-әуезовтанушылар мәйекті мақалалармен баяндама жасап, бүгінгі таңдағы әдебиеттің жаңашыл бағыттары мен М.Әуезовтің шығармашылық шарайнасын қатар суреттеп, қазақ әдебиетіндегі тұғырлы төрін бағамдап, лайықты бағасын атап өтті.

  Әдебиет және өнер институтының танымал ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш, Қырғыз елінен келген Ыстық-көл мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. профессор Койлубаев Келдибектің баяндамалары мен Туркия елінен онлайн қатысқан профессор Nedim Bakirci мырзаның ыстық лебізі конференцияның мәні мен мазмұнын аша түсті.

     М.О.Әуезов әлемі – көркемдік құбылыстарға бай шексіз байтақ әлем. Оның терең қатпарларына бойлау, сыр-жұмбағына тереңдей ену – уақыт еншісі. Десек те, бүгінгі «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жазушы шығармашылығын тағы бір ой елегінен өткізіп, сан қырлы тағылымдық сипатын танытуға септігін тигізетіні анық.

    «Әуезов оқулары» атты білімділер мен өнерлілер сайысы апталықтың ажарын толықтырып, мазмұынын аша түсті. Осы апталық таным көкжиегінің биік деңгейге көтеріліп, тағылымның талапты сипаты нәтижелі орындалғана дәлел. Оған себеп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының тыңғылықты еңбегі, оқытушылар мен білім алушылардың ынтымақтастық қарым-қатынасы, ауызбіршілігі, жаңашылдыққа құштарлығы. Сәйкесінше апталық «Әуезов оқулары» сайысымен өз мәресіне жетті. Факультетіміздің ізденімпаз, креативті студенттерінен құрылған 5 команда («Өркен», «Сартап», «Парасат», «Таңдаулы», «Бөрте-Матай») сайыс барысында оқу деңгейі, жаңашыл көзқарастары және парасатты пікірлерімен көзге түсіп, өнерлерін паш етті. Апталықтың мазмұнды да тағылымды, нәтижелі өтуіне атсалысқан студенттер (Сұңқар Студенттер Кәсіподағы) диплом, мақтау қағаздары, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

     Қорытындылай келе, қазақ әдебиетінің алтын ғасырын қалыптастырушылардың бірі де біргейі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармашылығына арналған «Әуезов апталығы» жоғары деңгейде аталып өтіп, әлі де жалғасын таппақ.

Алуа Темірболат, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы

Лейла Мекебаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты



Бөлісу: