Тіленшінің тірлігі

Желдің ызғырығы жұқа киімнен өтіп, дене бойыңды тітіркендіреді. Абыр-сабыры көп қым-қуыт базарда адамдар аяғы бір саябырламайды-ау, шіркін. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан олар кейде соқтығысып та қалады. Мәдениеттілері өзінің айыбын біліп, кешірім сұраса, кейбіреуі ала көзімен атып жіберердей балағаттайды келіп. Осындай шуы мен қарасы көп жанталасқан тірлікті сырттай бақылап тұрсаңыз, илеуіне бір кіріп, бір шыққан құмырысқалар әлемі санаңа орала кетеді. Бір адам  бір тағдыр. Әрқайсысы  қажетін іздеп әлек, ал, кейбірі  одан құтылуға асық. Әрине, бұл маңайда Абай дана айтпақшы: «тән қалауының» қамымен жүргендер көп. Осындай сеңдей соқтығысқан базар маңында өзіне тән өмір қалыптастырып алған бір жан көзіңізге түседі. Егер өмірдің қым-қуыт тірлігінен бір сәтке  алыстағыңыз келсе, осы адамның қасына келсеңіз болғаны. Қара торы, денелі, тепсе темір үзетін жігіт дерсіз сырт келбетіне қарап. Қолына көк гитарасын алып «ретро» әндерді бірінен соң бірін ағытады келіп. Қоңыр даусы да құлаққа жағымды, осынау әсемдікті тек алдында тұрған қорабы ғана бұзып тұр. Аз-маз тиын түссе, жүзіне күлкі ұялап, әнін әрмен қарай әуелетіп әкетеді. Әдемі дауыстың иесіне «қайыршы» деп айдар таққың келмейді. Бірақ, заман сұранысы, қоғам қалауы болғасын амал жоқ. Бұл жігітті «мәдениетті қайыршы» десек болатын шығар-ау. Екі қолға бір күрек табылады ғой, әрине, дегенмен ауырдың үстімен, жеңілдің асытымен жүруге әркім құмар-ақ осы кезде. Табатын табысы да жетіп артылатын секілді киген киіміне қарасаңыз. «Әу» демейтін қазақ жоқ менің де көңілім ауып, қолындағы гитарасын алдым да орысша әндерді бірден қазақшалап әндете жөнелдім. Көбіне жастардың назары ауып, екеуміздің алдымызда тұрған қорапқа салдырлатып темір теңгені салып жатты. Біраз жиналып қалды, гитарасын қолына ұстатып, кетуге ишара білдіріп ем, «тағы да келіп тұр» деген  сөзі көзінен көрініп тұрды әлгінің.

Әрмен қарай аяңдай басып, біраз жер жүрген ем, қайыршылардың мекеніне топ ете қалғандай болдым да қалдым. Әкеммен шамалас ергежейлі азамат балаша жүгіп қасыма келді де: “Ассалаумағалейкүм, інішек, жүзің жылы екен! Мына суықты көрдің бе, тоңып қалдым, киіміме қара, жаның ашыса біраз тиын-тебен берші”, – деп іші бауырыма кіріп кетті. Араққа салынғанын көре тұра, ақшамды қалай бергенімді аңғармай қалдым. Қуанғаны соншалық жөн сұрауға мұрша бермей: “Вася, давай нашему точкуын” айтып жолдың арғы бетіндегі жолдасына қол бұлғап, көзден ғайып болды. Жүре бергенім сол-ақ еді жыларман жүзді орыс апам жақындап: “Мальчик дай денги на хлеб, пожалуйста, я только-что из поликлиникам вернулась. Муж нету, одна живу”, – деп қалтамды тағы қағып әкетті. Ол да аларын алып, артына қарамай жөніне кетті. Міне, менің жорығым осылай басталы.

Айналама біраз көз жүгіртіп қарасам, жақын маңда қарапайым, сыпайы ақ жаулықты апамыз төмен қараған күйі үнсіз ғана қолына тақия шамалас бір затты қысып ұстап алған, бейне бір ішінде алтын бардай. Дауыстап ештеңе сұрамайды, бергендерге  алғысын иегімен білдіріп тұр. Қасына жақын барып, аз-маз садақа тастадым. Жүзін көрсеткісі келмей, ішіндегісінің біраз бөлігін қалтасына салып алды. Менің кетпей тұрғанымды байқап, ақырын ғана рахметін айтты. Құдды сол рахметті сұрап алғандай болдым. Жанашырлықпен қойған сауалдарыма қысқа да нұсқа жауап қайырды.  Айтуынша күйеуі жоқ, жалғыз қызы еден жуушы болып қызмет атқарады екен,  алатын зейнетақысы да ештеңеге жетпейді. Көрместің күнін кешіп жүргеніне жүрегі жылайтынын да жасырмады. Бар жағдайды тағдырынан көріп, өз бастарын ала қашқан жандарға қарап тұрып, ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының мына өлеңі есіме орала кетті. «Қайыршы мен Қыдыр» өлеңінде оларды былайша сипаттайды:

Қайыршы киімі жыртық, жалаң аяқ,
Мойнында ескі дорба, қолда таяқ,
Қалада қайыр сұрап жүруші еді,
Күн көріп бергенімен әркім аяп.
Үйіне бай-мырзаның келген шақта,
Қазына салтанатын көрген шақта,
Ойлайтын: «Мұнан артық не керек, – деп,
Осындай Құдай бәрін берген шақта?!
Отырып алтын, күміс ортасында,
Тоймайтын несі, – дейтін, – мал мен баққа?!». «Кедей бай болсам, бай құдай болсам», дейтін сөз содан шыққан болу керек.

Күндердің қасиеттісі – жұма. Мұсылмандардың барлығы мешітке ағылатын уақыт. Қайыршылардың жұмысының қыза түсер  кезі де осы сәт. Мен де солармен бірге мешіт жағалаған жағдайым бар. Шолып шықсам мешіттің үш қақпасы бар екен. Үшеуі бір-бір мемлекет сияқты. Бір қақпасына екі орыс апамыз, біреуіне арбаға таңылған ер жігіт, енді бірінде апа-жеңгеміз орналасқан. Көрінбес шекарасы бар, жерлерін алмастырмайды. Алдымен орыс апаларын бақыладым, біраз отырғасын мешіт айналасын темекі түтініне шомылдырды-ай келіп. Құлшылықтан шыққандарға қазақшалап «қабыл болсынын» айтады. Содан басты кіретін есікке беттесем, арбаға таңылған ағам алдына кәдімгі тақиясын қойып алған. Байқап тұрсам 3 адамның 2-і садақа береді екен бұл жігітке. 5 теңгеден басталатын қаржы, 2000 теңгеге дейін салынып жатыр, салынып жатыр. Бастысы түсіп жатқан ақшаға емес, халықтың мейірімділігіне қуандым. Жұрт аяғы саябырлағасын жаңағы жігітпен әңгіме дүкен құрдым. Көзінен реніш пен ашу ұшқындап тұр. Бесінші қабаттан қастандықпен жерге құлағасын осындай күйге түстім, әлі де күресіп келемін, денсаулығым қалыпқа келе жатыр Құдайға шүкір дейді. Пәтер жалдап тұратынын, мүгедектігіне байланысты өкіметтен өтемақы алып жатқандығын, қосымша жұмыс та жасайтынын жасырмады. Жалпы жағдайы жақсы мүмкіндігі шектеулі азаматтың. “Бұған мен «қайыршылық» емес, «қосымша кәсіп» ретінде қараймын”, – дейді ол. Менің қызығушылығым қойсын ба, табысын сұрасам, 10-15 мың теңгенің көлемі екен, айналдырған 2-3 сағаттың ішінде. Қайыршылар әлеміндегі бәсекелестікке де шек жоқ екенін алға тартып, осы орын үшін талайымен төбелес, тартысқа дейін түскендігін баяндап берді. Мешіт ашылғалы бері жұма сайынғы келетін мекені де осы орын. «Араққа сылқия тойып келетіндерді де талай қуғанмын», – дейді кейіпкеріміз.

«Жағдайымыз төмен, жалақымыз аз», деп ұрандататындардың сөзін жоққа шығарды соңғы кейіпкеріміз. Тәттіні жерге қойсаң құмырысқа мен шыбын үймелеп алады емес пе? Біздің ел маған сол тәттідей көрінді. Себебі, көрші елдерден ағылып келіп, қайыр сұрайтындардың қарасы көбейгені дәлел. Қазақстандағы 80 пайыз қайыршылар шетелдік азаматтар. Осыларға тосқауыл болу үшін арнайы заң қабылданып, елдің мазасын алып, қайыр сұрағандарға 5 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынатын болды. Үкім тек қайыршыларға ғана емес, балгерлер мен жезөкшелерге де арналған. Заң шыққанымен олардың қарасы азаймай тұр, салынған айыппұл да өтелмей жатыр. Қайыр сұрап, өз күінін өзі әрең көріп жүрген жандарға аталмыш заң жығылғанға жұдырық болып тұр.

Менің сапарым әлі аяқталмады, бұл жолы қайырышы емес, болашағыңды болжайтын балгер мен құмалақшылар көздегенім. Іздеудің де қажеті жоқ, олардың отыратын жерін көпшілік жатқа біледі. Барған бетім сол еді 41 құмалақты жайып жіберіп, аты-жөнімді сұрады да, ары қарай сөзден жүйрік мінді де шаба жөнелді. Не айтпады бірін айтып, бірге кетті жарықтық. Бойымдағы қорқыныш пен жасқаншақтығымды баяндап, беймәлім екі адамның жолымды дуалағанынан хабар берді. «Тез арада жолыңды ашқызбасаң қиын болады», деп бір қорқытып алды. Содан бір жолашар емшінің мекенжайы мен ұялы телефонының номерін беріп, қалтама 12 000 теңгені салып баруымды тапсырды. Сонда кез-келген мәселем шешілетін көрінеді. Сөз соңында өзімнің де құмалақшы болғым келетінін айтып, қыр-сырын сұрамақшы едім, «ол үшін саған қасиет дару керек», – деп шорт кесті. Ал, өзі оның «қасиет емес», «қасірет» екенінен бейхабар.

Құмалақшы апаның ақ батасын алып, келесі бәсекелесі немесе әріптесі алпысты алқымдап қалған қарияға құмалақ ашқыздым. Не керек басында «өзің келдің бе, әлде, анау әпкең жіберді ме» деп біраз қипақтады. Уысына құмалақтарын толтырып, ырғап-ырғап жіберіп, үйреншікті әдетіне кірісті. Әлгіндегідей әкем мен өзімнің атымды сұрап алды да біраз лексия оқыды. Тура жаңағыдай жолымның байланғанын алға тартып, ашу керектігін түсіндірді. “Сен бала мені тыңда, мен өзім құмалақшымын, емшімін, әрі жолашармын, 7000 теңге берсең болды, кез-келген мәселеңді шешіп беремін”, – деп алдыңғы соманы азайтып, өзінің кандидаттығын ұсынды. Кейін хабарластынымды айтып құмалақшылар мекенінен алыстай түстім.

Көп айтса көнді,

Жұрт айтса болды –

Әдеті надан адамның, – деген Абай сөзі есіме оралды. «Анау жерде көріпкел-құмалақшы бар, жолыңды ашып, жоғалғаныңды тауып береді», деген көптің сөзіне еріп, жаңылып жүрген жұрт қаншама? Бұрынғы дерт, бүгінгі дерт, әлі де жазылмас жара болып тұр. Соқыр сенімге ерген көп адамның қалтасы қағылып, адасып жүр. Жолымды ашқызамын деп шапқылап өз жолын өзі бөгеп әлек. Оған бардың не, бармадың не, барлығы да өзіне байланысты екенінен бейхабар көпшілік. Қарапайым мысал, ол құмалақшы қыста табанынан сыз, жазда төбесінен күн өтіп, өз күнін өзі әрең көріп отырғанда саған қандай көмек бере алатынын ойлап көрдік пе? «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады», деген тәмсіл көпке жетпей жатқаны өкінішті-ақ. Алла тағала адам баласын жаратқаннан бастап әрбір пенденің өмір жолы белгіленіп қоятын тағдыр тақтасы болады. Өмірге келгеннен, кеткенге дейінгі көрер ырыс-несібесі сонда жазылған. Құмалақшылар сондағы бірлі-екілі айғақты ібіліс арқылы біліп алып, қалғанын ақшаның қамы үшін түрлендіріп әкететіні белгілі. Дін өкілдері осылай дейді. Міне, осыларды «қайрымсыз қайыршылар» деп атауға негіз бар.

Зұлымдығы мен айласы астасқан заманда қай-қайсымыз болмасын опық жеп, адасудың құрбандығына айналмауға әрекет жасағанымыз абзал. Мен кішігірім сапарымнан осындай ой түйдім...

 



Бөлісу: