Кішкентай кезімде үй телефоны көше бойынша бір ғана үйде болатын. Есімде, алыстағы туыстарымен сөйлесу үшін сол көршінің үйіне баратынбыз. Тіпті, көршінің үйіне бізді сұрап хабарласуы да əбестік саналмайтын. Солай, аңсап, армандап жүргенде телефон біздің үйге де орнатылып, қуанышымыз қойнымызға сыймағаны тағы есімде. Содан бері уақыт жаймен сырғи берді, заманның мүмкіншіліктері білінбей арта түсті. Қазір үйдегі байланыс құралдары бұрышта шаң басып, оның орнын адам миынан да ақылды сымсыз, ұялы телефондар басып үлгергенін көреміз. Балалығын 60-70-жылдары өткізген бір əпкем: "Кейін қоңырау шалушының суреті шығып тұратын телефондар пайда болады деп ұстазымыз тың ақпарат айтқанда, мүмкін емес деп сенбеп едік" деген еді. Рас, мүмкін емес нәрсе жоқ болып шықты )).
Енді қымбат дүниеге қол жеткізу арман болғанымен, уақыттың жылдам сырғығаны ма, небəрі 9-сыныпта жұрттан қалмай, алғаш өз телефонымды қолға алдым). Содан бері, осы телефондармен бірге кезең-кезеңге жылжып келе жатырмыз.✔ Бəрі жақсы, бəрі тамаша! Туған-туыс, дос-жараннан бір сəтке де алыстатпайтын құрылғының кереметі шексіз! Ғаламтор қызметіне қосылған сан жетпес бағдарламаның көмегімен еркін хат алмасып, шексіз араласуға болады. Рахмет! Дегенмен, кейде осы "виртуалды араласуға" ренжитін кезім де болатыны шындық. Мысалы, адамдар ауызша емес, жазбаша сөйлесіп, смаиликтермен тілдесуге машықтанды. Ал, онда шынайы эмоцияны тану қиын. Салдарынан, екі жақынның арасында "мылқау түсініспеушілік" пайда болып, арты ренішке соқтыратынын қаншама рет көрдім, кейідім. "Менің хабарламама уақытында жауап бермеді, менің жазғанымды елеусіз қалдырды, т.б." дегендей дəлелденбеген күдік пен саяз ойлаудың нәтижесінде өз-өзіміздің көңілімізге кейде осылай жара салып жататынымыз да бар.
Р.S: Көп сөйлеп кеттім бе, айыпқа бұйырмаңыздар. Айтпағым, ТЕХНИКАНЫҢ ҚҰРЫҒЫНА КЕТІП, ШЫНАЙЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ӨЛТІРІП АЛМАЙЫҚШЫ..