Театрдағы жағдай

Театрдағы жағдай
жеке
блог

Кеше театрға бардым. «Махаббат хикаясы» спектаклі. Бәрі керемет ән де, би де, қойылым да, әртістердің асқан шеберліктері де бірден байқалды.

Бірақ кілең мектеп оқушылары мен мұғалімдері, колледж студенттері жиналған екен. Апалар да болды, көп емес.

Сахна шымылдығы ашылды. Спектакль басталды. Бірақ көрермендер залында тыныштық орнамады. Бірі чипсы жеп, екіншісі телефоннан біреуге бірдене көрсетіп әлек. Мұғалімдері болса бастарын орындықтың артына тығып, телефонмен сабақ түсіндіріп жатыр ма, әйтеуір күбірлесіп жатты. Өзіңіз ойлаңызшы, әртістер бірнеше айлық, жылдық дайындығын  паш етуде, ал біздер есіміз шығып чипсидің сықырлаған пакетін аша алмай әлекпіз. Сөз жоқ, сұмдық.

Бұл уақытта не «бастық» дейтін  үлкендердің бірі тұрып тыныштық шақыруға тырыспады.  

Ең сорақысы, шапалақ та әлсін-әлсін соғылды. Бұл - өнерді сыйламау, еңбекті сыйламау екені сөзсіз.

 Ғашықтар табысты, арадағы мәселелер шешілді, декан өз махаббатын тапты, қойылым аяқталды. Сахна шымылдығы  жабылды. Ал, енді басталды. Бірін-бірі итеріп, жан-жақтан жамыраған көрерменнен әрең отырғандары байқалды. Оқушыларды әлі бала, студенттерді өнерді түсінбес десек, мұғалімдерге не жоқ?! Не оқушыларын, не өздерін тыныштандыруға жарамады. Шымылдық қайта ашылды әртістер бас июге шықты, ал жүздеген адамның ішінен 20 адам ғана орындарынан тұрып, шапалақ соқты. Ұят-ай!

 

Түйіндей келе, қай жерден шалыс басқанымызды түсінбей тұрмын. Не үйде, не мектепте, не колледжде мәдениеттілікті үйретуге, түсіндіруге жарамадық па?! Бұл барымызды бағаламағанымыз. Бұл театрға бармағанымыздың, өнерді сыйламағанымыздың кесірі. Әрине, бәріне «жаппай театрға барыңдар» деп тұрғаным жоқ, сонда да жылына бір рет барғанның өзінде сахнадағыларға сыйластық таныту керек емес пе?!