Таразда қараша айында 60 қоғамдық автобус жаңарады

Таразда қараша айында 60 қоғамдық автобус жаңарады
жеке
блог

Тараз қаласында 72,6 млн теңгеге 30 аялдаманы жаңадан орнату және бұрыннан бар 30 аялдаманың негізін төсеу жұмыстары жоспарланып, заманауи аялдамалар орнатылды. Демонтаждалған ескі аялдама «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ның күшімен басқа аумақтарға қойылуда. 14 млн теңгеге қаладағы саябақтар мен скверлерге және қала көшелерінің бойына 2000 урна және қоқыс жинайтын 100 контейнер орнатылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау алаңшаларын ретке келтіру жұмыстарына құны 50 млн теңгеге шарт жасалып, 65 алаңшаны жөндеуден өткізу жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев айтты. Ол 14 ауланы абаттандыру жұмыстарына құны 265,4 млн теңгеге 3 мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып, бүгінде жұмыстар аяқталу сатысында екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, биыл 7 кіші футбол алаңшалары ағымдағы жөндеуден өткізілсе, «Тастақ», «Родничок», «Рассвет» алқаптарына кіші алаңшалар орнату, «Мамыр» саябағындағы алаңшаны жөндеу жұмыстары басталған. Көше жарығын орналастыру үшін қалалық бюджеттен 200 млн теңге қаралып, 34 көше мен бұрылыстарға құрылыс жұмыстары басталған, аяқталуға жақын. Демеушілер есебінен 6 көше мен бұрылыстарға көше жарықтары орнатылды.

«Қоғамдық көлік тасымалдаушы мекемелермен автобус парктерін жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда, «City-bus» ЖШС 10 бірлік «Golden Dragon» маркалы үлкен сыйымдылықты автобустар сатып алды. Қараша айында «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан 10 бірлік, «City-Bus» ЖШС тарапынан 50 бірлік автобус жаңартылады. Қыркүйек айынан бастап қалалық автобус бағыттарының жұмыс уақыты ұзартылып, бағыттарға қосымша автобустар қосу арқылы олардың жүру аралықтары қысқартылды.

Бүгінде қаладағы базарларды ретке келтіру жұмыстары да назарда. «Мыңбұлақ» шағын ауданында «Зарина», «Гауһар» сауда орталықтарының маңында орналасқан бутиктерді алдық. Бұрынғы бутиктердің орнын абаттандырып жатырмыз. Ал, саудагерлерге «Айрылмас», «Жібек жолы» базарларынан орындар берілді», — деді Ержан Жұматұлы.

«Ауыл Береке» базарында өртке қарсы қауіпсіздікті зерделеу үшін жоспардан тыс өрт-техникалық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 4 өрт қауіпсіздігі ережелері мен нормаларының бұзылуы орын алып, базар басшылығы ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.

Қалабасы «Қақпасыз қала» қағидасымен 150-ден астам қоршау мен 500-ге жуық бейберекет жарнама, 20-дан аса рұқсатсыз қойылған дүңгіршек алынғанын жеткізді. Бұның барлығы қала көркін бұзатындықтан, жұмыстар табанды түрде жүргізілген.
«Дизан код» жобасы бекітілді. Ғимараттардың қасбеттері, коммерциялық нысандар мен сауда павильондары «Дизайн кодқа» сәйкес безендірілуде, 10 үйдің қабырғасына муралдар салынды, 5 көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбеттерін сырлау жұмыстары жүргізілді. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының үлгісінде қалаға жаңа форматтағы МАФтар, күндіз-түні жанып тұратын бағдаршамдар, сары және қызыл жолақты жол белгілері, проекциялық жаяу жүргіншілер жолы орнатылды. Қаланы жылдың 4 мезгіліне сәйкес безендіру жұмыстары жүргізілді», — деді Е.Жылқыбаев.

Ол «Таразға тарту» жобасы туралы да әңгімеледі. Бүгінде жоспарланған 42 нысанның 40-ғында абаттандыру жұмыстары толық аяқталып, халық игілігіне берілсе, 2-уінің жұмысы әлі жалғасуда. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Үшбұлақ» және «Қарасу-3» арналарының жағалауын жаңарту жұмыстары аяқталмақ. Жоба аясында ашылған «Үстел теннисі және гимнастика», «Анаға тағзым» орталықтары, «Денсаулық» саябағы мен скверлер, воркауттар, «Сәби» және «Самұрық» қорларының балалар ойын және спорт алаңдары, қант зауыты аймағындағы 1969 жылдан бері жөндеу көрмеген «Ана мен бала» сквері қаланың көркіне айналды.

«Ағымдағы жылы 959,2 млн теңгеге 6 306 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 8 918 азамат қамтылды және тұрақты жұмыс орындарына 5 261 адам орналасты. Көпбалалы аналардың мәселесі олармен тұрақты түрде диалог орнату арқылы жүйеленді. Кеше ғана ашылған «Анаға тағзым» орталығы бұл жұмысқа қосымша септігін тигізеді. «Асарлатып үй салу» жобасы да іске асуда. Биыл Таразда осы жоба аясында 15 үй соғылуда. Жыл соңына дейін мұқтаж отбасыларға табысталатын болады», — деп уәде берді шаһар басшысы.