Таңдау еркіндігі әлде таңдау жоқтығы ма?

Таңдау еркіндігі әлде таңдау жоқтығы ма?
жеке
блог

Ғаламторда серуендей отырып, аборт жасау процессінің анимациялық бейнесіне кезігіп қалдым. Онда көрсетілгені - дәрігердің жүктіліктің 2-ші триместрінде аборт жасау туралы қысқаша лекциясы. Қалайтындарға бұл бейнеге сілтеме төменде берілген:

Бұдан баяғыдан қайшылық тудыратын аборт мәселесіне қайтадан назар аударғым келеді. 

Шамамен бір ай бұрын zakon.kz жаналықтар сайтында аборт жасауға ресми түрде тыйым салу туралы мақала шыққан: https://www.zakon.kz/4816846-v-kazakhstane-predlozhili-zapretit.html. Онда қазіргі Қазақстанда жылдан жылға аборт саны өсіп келеді делінеді: статистикадан қарасақ, Қазақстаның әр үшінші әйелі кем дегенде бір рет аборт жасаған. Аборт жасауға заңды түрде тыйым салуды ұсынып отырған ең біріншіден дінтанушылар мен психологтар. Аборт жасауға жағымсыз көзқарастар мен оларға қайшы болып келетін пікірлерді қарастырайық:

- әрине, ең бастысы - әйел мен бала деңсаулығы. Аборт жасау әйелді үлкен қауіп-қатерлерге итермелейді. Аборт жасаған әйелдің кейіннен тіпті бала көтере алмауының қаупінің болуы барлығына мәлім шығар. Ал дәрілі аборт жасау кезінде баланың сақталып, кейіннен түрлі ауытқулармен туылуының үлкен қаупі де бар.

- екіншіден, адам өмірінің мәселесі. Әр адамның өмір сүруге ең басты құқығы бар. Ал туылмаған бала ше? Оны адам ретінде санауға бола ма? Жауап "иә" болса, оның өз өмірін сақтап қалу құқығы бар ма екен? Аборт қағидалары бойынша оны жүктіліктің ерте мерзімдерінде, ұрық адам ретінде қалыптаспаған кезінде жасауға болады. Дегенмен, көптеген жас әйелдер жүктіліктерін созып, абортты кеш жасауға мәжбүр болады. Ендеше олар кісі өлтіру үшін жауапты болулары керек пе?

- үшіншіден, діни көзқарас: адамға өмірін сыйлаған - Құдай делінеді. Ендеше, іште жатқан баланың өмірін қию үлкен күнә ретінде санала ма? Мұндай жағдайда, бұл кім үшін күнә болады: жүкті әйел үшін бе әлде дәрігер үшін бе? Бұл қыр да қайшылық туғызады.

- төртіншіден, маған қызық болып көрінгені - Қазақстанның халық санының өте төмен болуы. Абортқа тыйым салу Қазақстанда адам санын көтеруге көмектеседі деп ұсынылады. Бірақ бұл шынымен де демографияны көтеруге үлес қоса алады ма? 

Алайда, аборт жасайтын әйелдердің көбісі - қоғамның айыптауынан қорыққан және психологиялық түрде дайынсыз жас қыздар немесе жарлылыққа шалдыққан әйелдер болып келеді. Олар үшін баланы сақтап қалу қиындықтар туғызады. Аборт жасауға тыйым салу қылмыстықтың өсуіне де әкеп соқтырады. Аборт жасамаған кезде, балалар көптеп балалар үйлеріне түседі. Мұндай үйлердің жағдайлары да әрқашан жақсы бола қоймайды.

Бұл себеп-салдарды талқылай отырып, аборт жасауға тыйым салудан бұрын, ең алдымен қоғам ішінде әйел мен балаға жағдайлар жасалуы керек деп ойлаймын. Бір жағынан, аборт - әйел үшін таңдау еркіндігі. Басқа жағынан аборт - нәрестенің таңдау еркіндігінің жоқтығы. Егер де қоғамда айыптау жойылса, жас әйелдерге, кедей отбасыларға және балалар үйлерінің жетімдеріне жағдай жасалған кезде аборттардың саны мүмкін өзімен-өзі азаятын шығар.