Таксист айтқан тағылым

Таксист айтқан тағылым
жеке
блог

  

Талай көліктің тоғысуына себеп болған, ұзын жол үнсіз жатыр. Бірін-бірі басып озып, тоқтаусыз жүріп  жатқан көліктер. Тынымсыз тіршілік.

         Бүгін жексенбі. Қыстың аязы бетіңді қариды. Таңмен таласа тұрып, күнделікті жұмысына бұл жанда асықты. Көлігін оталдырды. Трубадан қышқыл иісті түтін бұрқ етті. Жеті күн бойы демалыссыз жұмыс жасайды. Бұл жұмысты қолға алып, ыстығына көніп, суығына тоңғанына биыл, міне, жеті жыл болды.  Бір бойында бірнеше мамандығы болса да осы саланы жанына жақын көреді.

         Әдеттегі дағдысы бойынша қазақы әуенін қосып, байыпты қалпын өзгерпестен жол жиегімен келе жатты.  Абай мен Ленина көшелерінің қиылысына келе бергенде төрт қыз  қолдарын сермеп көлік тоқтатты.

-         Сәлеметсіз бе, аға. Сайран – 300.

-         Сәлеметсіңдер, қыздарым! Жарайды отырыңдар.

       Қыздар машинаға жайғасты. Бағдаршамның қызыл жарығы жанды, тағатты тауыспай жасыл жарық та жарқ етті.

       Машина іші жинақы, таза, орындықтар үйлесімді қапталған. Қазақы әуен де баяу қосылып тұр. Көлік жүргізуші егде тартқан орта жастағы  ер адам. Рөлді ұстаған қолдары қара жұмыстың да дәмін сезген секілді.  «Қыздарым» деп жақын тарқан жылы сөзі де бұл адамның сабырлығы мен қамқорлығын сездіргендей.

        Артқы орындыққа жайғасқан қыздардың қолдарында телефон. Интернет әлемінің қызығына еніп кеткен. Машина іші, баяу әуен, кептеліс оларды қызықтырмайды да.

         Ал, жүргізушінің жанына төрт қыздың біреуі жайғасқан еді. Әкесіндей адамның жылы шырай танытқандығына өзін еркін ұстап, әңгімеге тартты.

-         Аға, не үшін осы саланы таңдадыңыз? Неге кеңсе де емес, неге көше де?

-         (Ақырын ғана езу тартып). Қызым-ау, менің бір емес, екі мамандығым бар. Бірақ мен осы саланы таңдадым. Қай саланың болмасын өз қызығы мен қиыншылығы болады ғой. Астымда көлігім болды. Жол ережесін білемін. Неге таксист болмасқа?

-         Осы жұмысыңыздан тапқан табысыңыз жанұяңызды жарылқайды деп сенесіз?

-         Шүкір. Алматыдан екі қабатты үй салып, асып-тасып жатпасам да, жүріп – тұруыма, тамағымды талғауға жетеді. (Сәл ойланып барып) Жанұяңыз дейсің бе?

-         Иа жанұяңыз?

-         Мен негізі ажырасқанмын. Бүгінде өзім жалғыз тұрамын. Ажырасқаныма 4 жылдай болды. Балаларым анасымен бірге. Қарашы, қызым, бұл менің басымдағы жағдайым немесе сәтсіздігім. Бірақ Алла тағала сүйген құлына көтере алмайтын сынақ бермейді –дейді. Барлық нәрсеге сабырмен қарап, шүкір деу керек.

-         «Сонда не үшін адамаға қиындық береді?».

-         Бұл – өмір ғой. Егер өмір тек қана ақтан тұрса, өмір тек жақсылықтан тұрса қызықты болар ма еді. Қиындық әркімнің басында болады. Төзе білу керек. Шыдам мен қанағат керек. Бәріміз өмір сүру үшін жүрміз дейміз. Бірақ өмірдің мәні не екенін білмейміз? Ақша ма? Ақша жеткізбейді. Түсінесің бе, қызым, қанағат керек. Мен де мысалы ақша табу үшін жүрмін. Дегенмен ақша саған имандылық пен шүкіршілік бермейді. Тек өзіңді материалдық жағынан қамтамасыз ету үшін ғана беріледі. Бұл нәрсенің бәрін біле тұрсаң да, ақша үшін жұмыс жасайсың. Себебі бұл – өмірдің заңы. Аға, мысалы сізге отырған жолаушылардың бәрі бірдей ақыл тоқтатқан егде адамдар бола бермейді ғой. Жастар да болады. Мінезі мұң құбылатын жандар да болады?

-         Баламмен бірдей балаларыммен жаға ұстаспаймын ғой. Сабырмен қараймын. Жасаған жақсылықтың адамнан қайтпаса да, Алладан қайтатына сенемін.

     Көпті көріп, көкейге түйгенін қыздармен бөлісіп келе жатып Сайранға да жетті. Арттағы қыздар да телефоннан бастарын алды. Қыздар заттарын алып, түсуге ыңғайланып, жолақысын ұсынды.

-         Ниеттерің үшін де рахмет, қыздарым.  Студентсіңдер ғой. Ақша бермей-ақ қойыңдар. Ең бастысы – ата-ана берген тәрбиені ұмытпасаңдар болғаны.  Жолдарың болсын, аман жүріңдер.

-         Рахмет, аға. Сізге де Алла разы болсын.

         Қыздар да, аға да көңілді. Ол кісі ақшаның маңызды дүние емес екенін дәлелдегендей. Ағаның алмаған ақшасы ол қыздардың бір күнгі тамақтары немесе бір күнгі жолақылары болуы мүмкін. Бұл – сауап. Бұл – есті адамның ісі.

        Неде болса, ол кісі – осы салада жүргеніне мүлдем өкінбейді. Жоққа-сабыр, барға-қанағат – өмірлік ұстанымына айналғандай.