Сіз жарнамалаушысыз
блог
Өндірушінің тауары туралы ақпарат беру мен тұтынушылардың сұранысын көбейтуде жарнаманың рөлі маңызды. Жарнаманың газет-журнал, теледидар, радио, сайттар,әлеуметтік желілерде және көшеге ілінетін плакаттар сияқты түрлері көп-ақ. Бұның бәрі де өндірушінің кіріс есебіне жұмыс істейді. Аталған жарнамаларды жариялау үшін белгілі бір мекемеге, жарнама таратушыға келісімді қаржы төленеді. Дегенмен тауар өндірушінің тегін жарнама жасатушылары да аз емес, тіпті ақылы жарнамашылардан да көп. Олар кімдер? Олар – біз, қарапайым тұтынушылар.
Кейбір сайттардан ақпарат оқығанда жыпырлаған жарнамалардың назарымызыды бөліп жіберетіні бар. Теледидардан берілген киноның қым-қуыт шиеленіскен тұсына келгенде «құмырадан шыға келген жын секілді» жарнаманың жарқ етіп шыға келетіні тағы бар, бара-бара жаттанды жарнамалардан мезі де боламыз.
Бірақ,өзіміз біле бермейміз, күнделікті тұрмыста бәріміз жарнамалаушымыз және өндірушінің мүддесі үшін тегін жұмыс жасаймыз. Ол бір ғана тауар емес. Көп, өте көп. Мысалы: сіз сатып алған жаңа смартфонды сіздікіне қарап досыңыздың алғысы келгендігі, әлеуметтік желідегі сіздің тамаша демалыс орнында түскен суретіңізді көріп келесіде басқалардың да сол жерден табылуы немесе көшеде, автобус аялдамасында сізбен қатарлас қыздың сіз киген әдемі көйлекке қызығып кетуі де сіздің «үнсіз» жарнамаңыздың әсері. Солай-солай жалғасып кете береді.
Тіпті өмірде адамдар бір-бірімізді де жарнамалаймыз. Кейде тіпті сондай жарнамалардың әсерінен жарасымды жұптар да шығып, соңы баянды махаббатқа да ұласып жатады. Ең бастысы, біз – тегін жарнама жасаушылар қашанда, қандай жағдайда да, не туралы болса да шындықты айтсақ, бәрі жақсы болады: өзіміз үшін де, басқалар үшін де!
Е.Сағатбек