Адамзат баласы басына түскен қайғыны кіммен бөліседі. Тағдыр тауқыметін тартқан, өмірдің қайғы-қасіретін шеккен жан кімнен көмек сұрайды.Осындай қиындыққа тап болған адам сырласатын,демеу болып, қайғысына ортақтасатын, жүрегіндегі жарасын жазатын, жүзіне жылулық сезімін ұялататын жанды іздеп кетері анық.
Қиындықтан шығар жол таба алмай,өмірдің ақ-қарасын ажырата алмай жүрген жастарымыз баршылық. Осындай тығырықтан шығуыңа, кейінгі өміріңнің күрт өзгеруіне кім септігін тигізе алады. Ол әрине сенің өміріңдегі ең аяулы да ардақты жандардың бірі - ата-анаң. Ата-ана қашанда баласына жамандық тілеуден аулақ. Ата-анадай жанашырлықты ешкім таныта алмасы сөзсіз.Осыны түсінбейтін жастарды көргенімде шыны керек қарным ашады. Олай деуімнің себебі ата-анасына мұңын шағып, барлық ішкі сырын ақтарып төгілетін жастар кемде-кем. Олар керісінше бір жайт болар болса, достарына жүгіре жөнеледі. Басынан өткен жағдайларды досына барынша түсіндірумен болады.
Ақыл-кеңесті, ынта-жігерді, бойына даритын күшті достарынан сұрап әлек болады. Ата-анадай жанашырлық танытатын достардың болуы мүмкін емес. Болса да мыңнан бірі болар. Кейбірі шын ниетімен жанашырлық танытып, қолынан келгенінше қолқабыс етіп, жол көрсетер болса, енді бірі өтірік мүләйімсіп, жанашырлық сыңай танытқандай болады.Кімнің ниеті түзу екені бір құдайға мәлім. Кімнің кімге мұңын шағуы, сырын ақтаруы өз ырқында. Ең бастысы қашанда тілеуімізді тілеп жүретін, айтқан уәждерімізге бас ие қарайтын, қайғымызбен қашанда ортақтасатын, біз үшін жанын құрбан қылатын ата-анамызды ұмытпасақ болғаны.