Сүйікті сыныбым - сағынышым

Сүйікті сыныбым - сағынышым
жеке
блог

              2013 жыл... Ызғарлы да долы боранымен әсерлі, ақ мамықтай ақша қарымен әдемі, ұйытқи соққан екпінді желімен әуезді қыс мезгілі де келіп жетті. Айнала ақ көрпесін жамылып, үнсіз ғана жатыр. Табиғаттың  құдіреттілігі сондай – айналаның көрінісі адамды еріксіз қанаттандырып, қияға қарғытады.                                                                                                                                                                                                          

Бұл мезгіл біздің сыныптың ең жақсы көретін уақыты еді.

         Сыныптастарыммен өткен әрбір қызықты кездерім, бақытқа толы балғын күндерім, ұмытылмас сәттерім санамда мәңгі сақталып, сағыныш сарайымда сайрап жатады. Мен еш уақытта бұл сарайдан алыстағым келмейді. Себебі таңғы шықтың мөлдірлігіндей таза ниет, адал достық, риясыз сенім, сырға толы сыйластық, бауырмалдылық – бәрі-бәрі осы бір сарайдан табылады. Осы сарайдағы қылықты күндердің тәтті естеліктерінен сіздерге арнап сыр шертсем деймін...

          Қыстың жаймашуақ бір күні. Таң бозарып, атып келеді. Таңмен бірге жағаласып, мектеп есігі де ашылды. Сабақ басталды. Сыныпта оқушылар әлі түгел емес еді. Бір-екі қыз бала кітапқа үңіліп сабақ оқып, енді біреулері әңгіме соғып, бірен-саран оқушы ұйқының ауылын қия алмай, маужырап отыр. Ал күндіз-түні “үйге ештеңе берген жоқ” деген ұранмен еріншектікке салынып жүрген сынып көкелері жанталасып, бір дәптерге таласып, үй тапсырмасын көшіруде.

          Ішке қоңырау соғылды. Сөмкесін қойнына қысып, мұғалім де кіріп келді. Оқушылар тегістей тұрып амандасты. Тек артқы партадағы оқушылар ғана бұл ісімізді құптамады. Олардың ойынша мұғалім бізді көрмейді-мыс.

         Сыныптың іші тып-тыныш. Мұғалім журналды ашып, оқушыларды түгелдеп, үй тапсырмасын сұрай бастады.

         Бір кезде сыныптың есігі қағылды. Ішке аяғын ақырын басып, кінәлі көздің жанарымен бізге қарап Мұрат та кірді. Мұғалім қатал жүзімен ашуланып :

-Неге кешіктің ?

-Кешіріңіз, апай, сағатым тоқтап қалыпты.

-Кеше неге кешіктің?

-Үйдің сағаты артта қалып қойыпты.

-Жарайды, отыршы (ашуланып).

         Бұл сабақ «Абайтану» курсы еді. Барлығымыз Ұлы ақын Абай өлеңдерін жатқа айтып тапсыратынбыз. Апайдың өзіндік бір ерекше әдісі сабақты алдыңғы партада отырған оқушыдан бастап сұрайтын . Өлеңді  жаттаған оқушылар алға , ал жаттамаған оқушылар артқы партаға ауысып кететінбіз.

         Тағы бір айта кететіндей жағдай, апай ұмытшақтау еді. Көп нәрсені ұмытып қалатын (Оны біздің балалар ұтымды пайдаланатын).

         Сейфуллинше айтқанда «Тар жол, тайғақ кешу» кезеңі басталып, алдыңғы партадағылардың  «Жанталасы» , «Қан мен терге»  ұласты.           

-Нұрланқызы,- деді апай(қатал жүзбен).

 -Кешіріңіз, апай , қайталап алсам бола ма?

-Жарайды, келесі оқушы.

-«Әбдірахман өліміне»  А.Құнанбаев  – деді  Наурызбек орнынан тыпыршып тұрып:

                                                 Талаптың мініп,тұлпарын,

                                                 Тас қияға өрледің.

                                                 Бір ғылым еді іңкәрің,

                                                 Әр қияға сермедің...

-Жақсы отыр (Наурызбек бұл өлеңді осымен үш рет айтып тұр . Алдыңғы сабақтарда артқы партада отырып, үзіліс болып, оған уақыт жетпей қалған еді).

         Ол өлең айтып жатырған кезде, бір-екі оқушы қағаз лақтырып, ойындары осылып отыр еді. Оны мұғалім көріп қалып, тартып алды. Қағазды ашып оқыса:

 «Сәлем,қалайсың?

-Жақсы өзің?

-Осыдан соң қар атысуға шығамыз. Қыздарға айт. Дайын болсын.

-Иә, жарайды. Бірақ, қатты лақтыру жоқ.

-Аха

-Мхм».

Апай қағазды оқыды да, күліп, шығып кетті.

Біз де осыны күтіп отырғанбыз, айқайлап, шулап, орнымыздан тұрып кеттік. Мектептің жылытқышына қолғаптарымызды жайып қойған едік. Соның кеткенін күтіп, есіміз кетіп жүр. Әдеттегідей, бір оқушы оқып отыр, бір оқушы аяқ киімін сүртіп, үсті – басын қағып, тазаланып отыр. Енді бірі ұялы  телефонның ішіне кіріп кете жаздап отырса, енді біреуіне дәліздегі өмір қызық, яғни  есіктен сығалап мұғалім қарап жүретін . Біздің сыныпта арнайы есік күзетшісі болатын.

Бір кезде Ерасыл: «Апай, келе жатыр» - деп дабыл берді. Бәріміз ештеңе білмегендей, орнымызға отыра калдық. Апай сыныпқа кіріп, орнына отырып, журналды ашып қалды да: «Бұны кім істеді?»,- деп айқайлады.

Біз шошып кеттік. Қарасақ,  журналдың арасында «қара бүйе» тұр. Ойыншық, әрине. Біздің сыныпта «Қожа табылды»-деп бір күліп алдық. Кімнің Қожа болып отырғанын білетінбіз...

Көптен күткен бақытты сәт. Қоңырау соғылды. Барлығымыз тысқа мұғалімнен бұрын шығып кеттік. Оқымысты қыздар ғана үй тапсырмасын алып, келесі сабақты дайындап, тақтаны сүртіп, тірлік жасап жүр.

Қыздар жиналып сыртқа шықсақ ,балалардың қолында көсек-көсек қар. «Қыздар,қайдасыңдар?»-деп тұр. Қар лақтыру басталды. Айқай-шу. Бақырған қыздардың  даусы. Бір қызға бір-екі бала жабылып, қармен қауыштырып жатыр. Енді бірі бір қызды қуып мектеп айналып кетті.

         Аппақ, тап-таза қарда құшағын бізге ашып жатқандай тып-тыныш. Бір уақытта сыныптағы Аида есімді қыз қарға құлап, қолын ауыртып алды. Қолы шығып кеткен. Содан соң біз қар атысуымызды қоя қойдық. Бірақ, ол ешбір балаға ренжіген де жоқ. Себебі, сыныптастарына деген ықыласы ерекше еді.

         Осылайша, сыныптастарымның бір күнгі қызығы аяқталды. Біздің әр күніміз тек бақытқа толы болатын. Бұл оқиға өткеннің еншісіндегі естеліктер еді.

Қазіргі таңда бәріміз Қазақстанның түкпір-түкпіріндеміз. Әрбір жан қалаған мамандығына оқуға түсіп, кемел келешегі мен жарқын болашағы үшін ұмтылып жатыр.

                                                          “Сабақ десе оқымайтын,

                                                           Вечер десе топырлайтын,

                                                           Меніңсыныптастарым... ”                                                                                                                                        Сендерді қатты  сағынамын және қатты жақсы көремін.

С-сыныққа сылтау іздейтін,

Ы-ынтымақты үзбейтін,

Н-не істесе де бәрінде,

Ы-ыммен жүріп істейтін.

П-партаға отыру білмейтін,

Т-тентектікті көздейтін

А-ақылмен жүріп түйіндейтін,

С-сүйікті менің сыныптастарым.

Т- тапқырлықты сүйетін,

А-аңқылдап әркез жүретін.

Р-риясыз таза көңілмен,

Ы-ыстық ықылас-ниетпен,   

М-мен сіздерді жақсы көремін.