Суицид – қиындықтан құтылудың жолы емес!

Суицид – қиындықтан құтылудың жолы емес!
жеке
блог

 

Суицид – адамзат басына төнген ортақ қауіп. Бұлай демеске амалымыз да жоқ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша әр 40 секунд сайын бір адам өз – өзіне қол жұмсаса, дәл осы суицидтің кесірінен жылына 800 000 жан өмірімен қоштасып кете барады. Соғыссыз, не бір табиғи апатсыз осынша жұрттың жаппай қырылуына не себеп? Өз – өзіне қол жұмсау қиындықтан құтылудың тура жолы емес, күнаның нағыз ауыры екенін неге ескермейміз?

Суицид ұғымы XVII ғасырда пайда болғанымен, дәл бүгінгідей адамзаттың өмірін жалмаған жағдайға жетпеген еді. Сондықтан, қазіргі қоғамда өзін – өзі өлтіруге итермелейтін жайттардың да көбейгенін мойындауымыз керек. Мамандардың дәлелдегеніндей, өзін өлімге қиятындардың: 19% - жазалау алдындағы қорқыныштан, 18% - рухани дерттен, 18% - отбасылық уайым-қайғыдан, 6%- қорқыныштан, 3% – қаржылық мәселелерден, 1,5% - өмірден жалығудан, 1,2% – ауруға шалдығудан орын алса, 41% өлімнің себебі белгісіз күйінде қалып отыр. Сорақысы сол, елімізде де суицид оқиғалары өршіп тұр. Өз – өзіне қол жұмсаудан - Қазақстан Орта Азия мемлекеттерінің арасында бірінші орында болса, әлем бойынша алғашқы бестікте тұр. Бұл дегеніміз елімізде аталған дертке қарсы шараларды жандандыру керек деген сөз.

Өзіне-өзі қол жұмсаудың негізгі себептері белгілі болғандықтан, олармен күресу арқылы бұл мәселені түбегейлі жоймағанымызбен, салдарын азайтуға

әбден болады. Ол үшін психологтар, дін өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер, салауатты өмір салтын насихаттаушылар, ұстаздар, ата – аналар, жалпы айтқанда біртұтас қоғам болып күресуіміз керек. Өзіне қол жұмсап тірі қалғандардың айтуымен белгілі болғандай, олардың дені өмірмен шын қоштасқысы келмеген, тек өздеріне қоғамның назарын аударуға тырысқан. Сондықтан, түрлі мәселелерге тап болып, депрессияда жүрген айналамыздағыларға жанашырлықпен қарап, сырымен бөлісуге мүмкіндік жасап, өмірдің жақсы жақтарын көбірек айтып, оның мәселесін шешуге жәрдем беруге тырысуымыз маңызды. Осы арқылы біреудің өмірін сақтап қалуымыз да әбден мүмкін.

Суицидтің шығу себептері:

Нарық экономикасына байланысты ең өзекті мәселе материалдық тұрмыстық қиыншылықтар;

Тұқым қуалаушылық фактілер;

Отбасылық ұрыс – керіс, ата – ананың ажырасуы, жалғыздық, махаббатта жолы болмау;

Дімкәс, денсаулық, психикалық сырқаттық, белсіздік пен бедеулік;

Қылмыстық жауапкершліктен қашу, істеген ісінің ұятығынан қорқыныш;

Оқу орнындағы даулы мәселелер мен сәтсіздіктер;

Әр түрлі секталарға кіріп, одан шығу жолын таппау;

«Өмір сүруден шаршадың ба» атты арнайы сайтан интернет сайттар т.б..

Теледидардан көрсетіліп жатқан қарақшылық, жауыздық туралы фильмдер;

Арақ ішу, насыбай ату, нарктиктер пайдалану – осының бәрі жастардың миына кері әсер етуі.

 

Қандай қауіпке болмасын алғашқы болып ұрынуға бейім, оң – солын толық танып үлгермеген жастарымыз – суицид аталатын аждаһаның да құрбаны болып отыр. Өткен жылғы көрсеткішке сай, Қазақстанда 15 – 29 жас аралығындағы жастар өзіне қол жұмсаудан әлемде 4 орынды алған. Бұл жастар арасында да суицидке қарсы насихат шараларын көбейту керектігін көрсетеді.

Ал енді осы нәрсеге діни көзқараспен қарайықшы. Өз – өзіне қол жұмсау, фәни дүниені айтпағанда, ертеңгі мәңгілік өмірде де пенденің алдынан зиян болып шығары анық. Себебі, біздің жанымыз Алланың аманаты. Оған қиянат жасауымыз – ауыр күнә болмақ. Алла Тағала Құранда былай деген: «Күмәнсіз, Алла сендерге аманатты өз иелеріне табыс етуді және адамдардың арасында билік қылатын болсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етті» (Ниса: 58). Сондықтан, жаратушының әміріне бойұсынып, өзі берген жанын қайтарып алғанша мына өмірдің сынағына сабырлылықпен қарағанамыз абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті үмметерін өз – өзіне қол салудың ауыр азабынан сақтандырып кеткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Өзін-өзі тұншықтырып өлтірген адам, тозақ отында тұншықтырылады. Өзіне пышақ салып өлген адам, тозақта пышақталады. Өзін жардан тастап өлген адам, тозақ отына лақтырылады,- деген» (Имам Ахмад, Әбу Дәут риуаят етті). Сонымен бірге : «Сендерден бұрын қауым болды. Олардың ішінде біреуі жаралы болатын, кейін жарақатына төзе алмады. Ол пышақ алып, жарақатты қолынан сылып, алып тастады. Қаны тоқтамай ағып, соның салдарынан ол адам қайтыс болды. Кейін ол Алла Тағаланың құзырына барған уақытта. Алла Тағала: – Пендем Менің алдыма өзін өлтіріп келді. Мен оған жәннатты харам қылдым, – деп айтты» (Имам Бұхари, Мүслим риуаят етті).

Бұдан түйгеніміз - суицидке бару, адамды екі дүниеде де орыны толмас өкінішке ұрындарады. Басқа түскен уақытша қиындыққа мойымай, оны жеңіп шығу, қайсарлық таныту біздің нақты ұстанымымыз болуы керек. Әлемде мұсылман елдерінде өз – өзін өлтіру неге жоқтың қасы? Себебі, ол жерлерде Ислам дінін түсінген адам, бүгін алдымыздан шыққан мәселе – уақытша сынақ екенін ұғынып, өз өмірін қию Алланың қаһарына ұшырататынын білгеннен ондай қадамға бармайды. Біз де осы айтылғандарды жадымызда ұстап, тек өзімізді ғана емес, айналамыздағыларды да суицидке ұрынудан қорғап жүрейік!