Шын мүгедектер

Көре алмайтын мына жарық ғаламды,

Қараңғылық байлап қалған жанарды.

Мүмкіндігі шектеулірек болса да

Көріп жүрмін еңбек еткен адамды.

Қалса-дағы өзі арбаға таңылып,

Отырған жоқ бекер жылап, қамығып.

Сол еңбекқор адамдарға қараңдар

Кеткен кезде бұл өмірден жалығып.

Көріп пе едің екі қолсыз адамның,

Чемпиондай теннис ойнап жүргенін?

Екі аяғы жүре алмайтын баланың,

Қолөнерден бақыт тауып, күлгенін?

Сенесің бе, міне, солар бақытты,

Қиындықтан таба білген қуаныш.

Кейбіреулер дені сап-сау болғанмен,

Жүр емес пе адамдықтан тым алыс.

Саулар емес, осы жандар біледі,

Өзгелерге зор қиянат етпеуді.

Осыларға қарайсың да, ойлайсың,

Қайсысының мүмкіндігі шектеулі?

Біз күнделікті байқамайтын ұсақ-түйек әрекеттер біреу үшін арман екен ғой...

Әрбір отырып-тұрғанымыз, жүргеніміз, кітап оқығанымыз, тіпті, таңертең көзімізді ашып, жарық күнді көргеніміз де біреу үшін бақыт болар еді. Неге адамдар өзіне берілген шексіз сый-денсаулықты міндетті заттай көреді? 

Елестетіп көріңізші, қас-қағым сәтте сіз жанарыңыздан немесе екі аяғыңыздан айырылып қалсаңыз, қандай күйде болар едіңіз? Күн сайын бағасына жете алмаған денсаулығыңыздың формуласы өзінің бір элементін жоғалтса, сіз өзіңізді толыққанды адам сезінбейсіз. Ал сондай толық емес құрылыммен туған адамдардың жағдайы қандай?

Әрбір мүмкіндігі шектеулі жан бір күні міндетті түрде сау болып оянатынына сенімін жоғалтпайды. Кейбіреулерге қарағанда уақытын бос өткізбей, өзіндік бір жұмыстармен айналысып, жаны қалағанды істейді. Мысалы, екі қолынан айырылған жанның теннис ойнап жүргенін естуіңіз бар ма?

Иә, ол да мүмкін жағдай. Егер адам бір нәрсені шын жүрекпен қаласа, ол міндетті түрде соған қол жеткізеді. 

Бүгінгі күні қоғамда дені сау мүгедектер қаптап, қылмыс пен жауыздық белең алғанда, бір мүшесі кем жандарды "мүгедек" деу қателік болар. Адамның миына кіріп-шықпайтын, адамдықтың ауылынан алыс әрекеттер жасалып жүрген ғасырда мүгедек емес мүгедектер көбейіп барады. Дені сау болғанмен, ақыл-есінде анық ақау бар айуандардың саны азаятын емес. Солардың жанында неге біз өзгелерді "мүмкіндігі шектеулі" деуіміз керек? Керісінше, олар-еңбек ете алатын, нағыз өмірдің мәнін түсінген толыққанды, бақытты адамдар. Санасының тарлығынан жауыздық пен аяусыздықтан өзгені білмейтіндер-шын мүгедектер. Әйтпесе, олар сондай қылмыстарға бара ма?

Сіздің ойыңызша шынайы мүгедектер кімдер? 



Бөлісу: