Шет тілін білмесең
блог
Кейіпкеріміз Сұлтан Құсайынов – Қостанай педагогика колледжінің студенті. 17 жасынан бастап бірнеше кәсіби, әлеуметтік жобамен айналысып жүр. Оның жобалары ағылшын тілімен байланысты. Мысалы, жаңа жобасы «KeepUp». «Жобаның негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларын тегін оқытып, карантин кезінде ала алмаған білімнің орнын толтыру. Жоба төрт айға есептелген, осы төрт айдың ішінде 100 баланың ағылшын тілі деңгейін intermediate деңгейіне көтеруді қолға алып отырмыз», – дейді Сұлтан.
Әңгіме барысында Сұлтаннан тіл біліп, қалай кәсіп ашуға болатынын сұрадық. Кейіпкеріміз тіл үйренудегі және тіл үйретудегі өзі қолданған барлық тәсілді айтты.
– Тіл үйрену менің тәжірибемде ортаны өзгертуден, яғни шағын ауылдан аудан орталығына көшуден басталды. Аудан мектебіндегі мұғалімдер тілге әуестігім бар екенін байқады. Уақыт өте келе, ағылшын тілі бойынша барлық олимпиадаға мені қатыстыратын болды. Өзіңізге қызықты тақырыптағы мақалаларды оқу, бағдарламаларды көру арқылы құлақты ағылшын сөздеріне үйрету тәсілін ұсынамын. Мен өз бетімше үйренген адаммын. Ақшаға ешқашан ешқандай курс сатып алған емеспін. Әрине, тілді аз уақытта үйреніп алу керек болса, мұғалім керек. Ол қателеріңізді көрсетіп, дұрыстауға көмектеседі. Сонымен бірге жеке тіл үйрену жоспарын береді.
Дегенмен, өзіңіздің де жылдам үйренуге мүмкіндігіңіз бар. Бірінші, ағылшын тіліндегі 12 шақты меңгеріңіз. Екінші, жеке сөздерді емес, сөйлемдер мен сөз тіркестерін жаттаңыз. Үшінші, ағылшын тілінде сөйлейтін ортаны тауып, топтасып сөйлеуге жаттығыңыз. Айта кетейін, белгілі бір тілде еркін сөйлеу үйренушінің мотивациясына, уақыт бөлуіне, әдіс-тәсілдеріне, жүйелі айна-лысуына, адамның қайда өмір сүретініне байланысты. Адамның күтетін нақты нәтижесі болса жарты, әлде бір жылдың ішінде еркін сөйлеуі әбден мүмкін.
17 ЖАСЫНДА РЕПЕТИТОР БОЛДЫ
– Мектептегі ағылшын тілі бағдарламасы pre-intermediate деңгейін қамтыған. Өкініштісі, еліміздегі орта білім беру жүйесінде бұл мүмкін болмай тұр. Себебі мектепте педагогтардың білім беруі практикадан гөрі теорияға негізделген. Теория керек десек те, оқушы сол білгенін практикада қолданбаса, одан не пайда? Осы олқылықтар менің тіл үйрету орталығын ашуыма себепші болды. Жобаны жүзеге асыру барысында қиындықтар болды. Алғашында аудиторияға қалай қызықты контент ұсынуды білген жоқпын. Уақыт өте келе ағылшын тілін үйренуге арналған қысқа бейнероликтер түсірсем мақсатты аудитория жинай алатынымды түсіндім. Бұл ойым нәтижелі болды. Басында қатарластарым да жобама аса мән бермеді. Кейбірі бұл салада бәсеке көп екенін айтып, райымнан қайтарғысы келді.
Дегенмен, уақыт өткен сайын мен түсірген видеолардың қаралымы артқанын көріп, ойын өзгертті. Ата-анамның тарапынан сенімсіздік болған жоқ. Олар қолынан келгенше көмектесті. Алғашқы шәкіртім маған жұмыс іздеп жазған, яғни менің тіл үйрету мектебімде түрік тілінің мұғалімі болғысы келді. Жұмысқа қабылданғаннан кейін ағылшын тілін менен үйренуге шешім қабылдапты. Бұл уақытта менде репетитор болу туралы ой болмаған. Жеңілдікпен тіл үйретуімді сұрап, екі ай бойы менің студен-тім болды. Нәтижесінде, өз ойын айта алатын дәрежеге жетті.
Әрине, айлар бойы тер төккен еңбекті сатылымға шығару үшін көпшіліктің сеніміне ие болу маңызды. Сенімге ие болу өзіңе сенуден басталады. Мен өз біліміме, әдіс-тәсілдеріме күмәнданған жоқпын. Сондықтан «17 жас-тағы менің ұстаздығыма кім сенеді?» деген қорқыныш болмады. Әрдайым сенімсіздікке ерік беру табысты болу мүмкіндігіңнен айырады. Тіл үйренушінің қызығушылығын ағылшын тілімен ұштастыра-мын. Оқу барысында, жаңа қабілетті игеру кезінде қиындықтың болуы заңдылық. Дегенмен, ұстаз ретінде оқушының көңіл-күйін қадағалап, барлық жағдайға тек позитив қырынан қарауға тырысамын.
Өзіндік идеясы бар жасөспірімдердің болуы еліміздегі білім саласы мен жастардың әлеуетін арттыру үшін маңызды. Айтып өткенімдей, тіл білсек кез келгеніміз кәсіп иесіне айнала аламыз. Бірақ, кәсіпкерге бір ғана білім аздық етеді. Трендтен қалмай, өзгерістерден қорықпай, жаңа жобаларды ойлағаныңыз жөн. «Онлайн сабақ беретін мың сан бағдарлама бар, қалай даралануға болады?» деген сұрақ мазалайтыны анық. Білім беру саласын қызмет көрсету саласына жатқызамыз. Сондықтан қызмет көрсету деңгейіңізді бақылауда ұстаңыз. Мысалы, маған жазатындардың басым бөлігі – оқушылар мен студенттер. Мен оларға тіл үйренудегі қажеттіліктеріне сай арнайы ұсыныстар жасаймын. Айтпақшы, өзге ешкімде жоқ құралыңыз болса тіпті жақсы. Менде ол құрал Oxford оқулықтарының негізінде құрылған курс бағдарламасы.
Білім беру жобасын іске асырғыңыз келсе, 50–60 мың теңге қаражат жеткілікті. Бұл соманың едәуір бөлігін жарнамаға жұмсайсыз. Идея-ңызды тек сынап көргіңіз келсе, ешқандай рұқсат қағаз немесе лицензия алу қажет емес. Бәрі ойдағыдай іске асса, тұтынушы саны көбейсе, бизнесіңізді одан әрі кеңейткіңіз келсе, лицензия алу міндетті. Олай болмаған жағдайда, жауапкершілікке тартыласыз. Әзірге қашықтан білім беру орталықтарының жұмысы тоқтайды деп қорық-паңыз. Себебі 2023 жылға қарай онлайн білім беру нарығының көлемі 282 миллиард долларға жетуі мүмкін.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Тіл үйрететін курс авторларының бар құпиясы осы. Бастысы, сенім мен білім болуы керек. Сұлтанның батылдығы, білімін қызметке айналдырып ұсына білуі ой салған болар. Олай болса, болашақта «Ұланнан» өзіңіздің жобаңыз туралы оқып отыруыңыз мүмкін.