Қазір бәрі интернетте пайда болған мына видео туралы шулап жатыр. Бұл видеода бір жігіттің кассир қызды ұрып жатқаны бейнеленген.
Ең басында бұны көріп, өз басым жағамды ұстадым. Атам қазақ әу бастан «қыз - қонақ» деп, қыз баланы өте қатты құрметтеген. Оны төріне шығарып, аялап өсірген. Ал мына бейтаныс еркек қызға өзі бірінші болып қол көтергенімен қоймай, жетіп келіп тепкілеп жатыр. Қоғамның азғаны ма бұл? Кассир қызды тепкінің астына алатындай ол кім? Ашуына тиген кез келген бейтаныс адамды ұрып жығатындай көк тіреп тұр ма екен?
Сөйтсек, бұның шіренетіндей жөні бар екен. Бейтаныс «батыр» жігіттің аты-жөні белгілі болды. Ол - премьер-министр канцеляриясы бас инспекторы Болат Тұракелдиевтің баласы болып шықты. Яғни шенеуніктің баласы екен. «Әй, бәсе» деймін мен. Әйтпесе кез келген өзіңе ұнамаған адамды ұрып-жығу үшін артыңда тіреп тұрған сенімді адамың болу керек мына заманда.
Бір рет менің де басымнан бір жайт өткен. Пәтер жалдап тұрамын. Пәтерге емін-еркін кіріп-шығу мен үшін қиын, себебі, көршілер әйтеуір бірдеңе деп қалады. Мен қаланың элиталы ауданынан пәтер жалдағандықтан да көршілеріміздің көбі өз пәтерлерінің қожайындары болды. Бір күні досыммен подъезде кездесіп тұрсам, бір жап-жас бала, жасы 16-ларда шамасы, лифт істемей қалғандықтан, төменге баспалдақпен жүгіріп түсіп бара жатыр екен. Бізді қағып-соғып өте шықты. «Жолдан былай тұрмайсыңдар ма?» деп сөйлеп қояды. Менің досым да қарап тұра алмады. «Ей, бала, өзіңнен үлкендерге қалай сөйлейсің?» деді. Сонда әлгі бала жанымызға жетіп келіп: «Квартиранттар, білесіңдер ме, менің кімнің баласы екенімді?» деп сес көрсетті. Мен сонда «квартирант екенім бетіме жазылып тұр ма?» деп таңғалдым ішімнен. Досым бірдеңе-бірдеңе деп қарсы сөз айтып жатты, бірақ, мен басымдағы жалдамалы пәтерден айырылып, далада қалам ба деп қорыққандықтан, досымды одан әрі сөйлетпей, балкон жаққа сүйреп әкеттім. «Кімнің баласысың?» деп те сұрамадым. Әйтеуір «менің кімнің баласы екенімді білесіңдер ме?» дегеніне қарап, бір дөкейдің баласы шығар деп шамаладым.
Шынымен біздің елімізде әкесі жоғары қызметте істесе, баласының бәріне менсінбей қараушылығы кең таралған. Мысалы, Мақсат Үсенов әкесі шенеунік болғандықтан, адамды көлікпен қағып өлтірсе де, жазаланбай қалды. Егер оның орнында қарапайым адам болса, адам өлтіргені үшін түрмеге қамалатыны айтпаса да, түсінікті. Және бұл халықтың көз алдында болып жатқан оқиға. Ал біз білмейтіндер қаншама?
Бұл тіпті көз үйреніп кеткен жайтқа айналып бара жатқан сияқты. Керісінше, жоғары қызметтегілердің ұл-қыздары өздерінің білімімен, тәрбиесімен басқалардан бір саты жоғары тұруы керек. Өйткені олар кез келген адамның жағдайы жетпейтін көптеген мүмкіндікке ие. Шетелге шығуға, саяхаттауға, ақсүйектердің ортасында жүруге, өздері қалаған оқу оқуға, өздері қалаған кез келген жиынға қатысуға олар үшін жол ашық. Ендеше жоғары қызметтегілердің балаларының дөрекі әрекеттерін «дүниеге тойыну» дейміз бе, не дейміз?
Біздің елімізде осының бәріне парақорлық кінәлі. Параны жоғары қызметтегілерден бастап кез келген адам алатын заман болды. Дәрігерге, мұғалімге пара беру көбейді. Еден жуушы болып қызметке тұрғың келсе, пара бер де, кіре бер. Мәселен, қазіргі ставка мектептегі еден жуушы қызметі үшін - 200 мың теңге. Одан арыға бармай-ақ қояйық... "Балық басынан шіриді" деген осы шығар.