Періште
блог
Періште.
Қараша күз. Ызғары бет шымшытады. Тоңазыған денесін жылытпақ болып үйге асығып бара жатқан Балдырғанның ойын ілгерідегі үйдің маңынан шыққан ащы дауыс еріксіз елең еткізді:
-Өлді...Өлді ғой...Ойбай скорый шақырыңдар...Не жазығы бар еді...Қу тағдыр ай...-деген дауыстардың мәнісін білмек оймен көпшілік топырлап жиналған жерге жақындап барды. Қаптаған адамның арасыннан не жәйт болғанын аңғаралмай жатыр. Кенет таныс сұлба аңғарғандай болды ма Балдырғанның көңілі тітіркене бастады.
-Мүмкін ол емес шығар деп іштей күбірлеп жүр. Неде болса ойылған ортаға ойыспақ болып,жұрттың арасын бұза жара ортаға қарай тақай берді.
Таныс. Ортаға жақындаған сайын қан жосы жүзін таныды. Жоқ. Мүмкін емес. Ол емес. Жооқ, жоқ, жоқ деген оймен арпалысып ортада жатқан жансыз дененің қасына жақындағанда сылқ отыра кетті. Еріндері дірілдеп қозғалақтай:
-Жо...жо,жоқ. Жоооооқ!!!-шыңғырған ащы даусын жаңғырта жансыз денені құшақтай қапсырата қойнына басты:
-Жоқ. Жаным ау бұл қалай болғаны. Неге бұл жерде жатырсың. Не болды? Өтінем ашшы көзіңді. Балапаным ау! Жоқ! Өлме! Жаным, ботақаным ау! Ояншы! - зар дауысымен жылай жансыз балғын денені сілкіп жатыр. Қоршағандар басу айтып жатыр ма жан жақтан шыққан дауыстары:
-Арты иманды болсын! Пешенесіне жазылған ғой.-десе,біреуі:
-Бейшара анасына қиын болды ау. Өзі өрімдей екен. Әй, қу тағдыр ай. Бекем бол айналайын!-деп жатқандардың Балдырған дауысын естіген жоқ. Құшағыңдағы өрімдей жансыз қыздың бетін сипалап сүйіп зар еңіреп жылап отыр. Одан сайын құса болды. Келген жедел жәрдем Балдырғанның құшағынан жансыз өрімдей денені ұзақ қа дейін босата алмай әбігерге түсті. Ақ матамен жабылған өрімдей денені жедел жәрдемге салып жатқандарға ұмытылған Балдырғанды көпшілік жібермей құшағына баса:
-Бекем бол қызым! Тағдырдың жазғаны,амалсыз көнесің. Бекем бол! Арты иманды болсын!-деп өздеріде жылай демеп жатыр.
Ұзаған жедел жәрдемге қарап жиналғандар жылап тарқаса бастады. Балдырған көп жылағаннан ба әлсіреп,көз алды қарауытып талып қалды. Есін жиса ауруханада жатыр. Тұрмақ болып еді әлсіз дененің шамасы келмеді. Қасындағы сөмкесін қопарып ұялы телефоннын алып,біреуге қоңырау шалды.
-Алло,Балдырған қайдасың жұмысқа қашан келесің. Сыныбың күтіп отыр ғой.-деген тұтқанын ар жағынан алаңдаған дауыс шықты. Ішіндегі өксігін баса алмай жылаған Балдырған:
-Шолпан...Мөлдір қайтыс болды. Менің мөлдіреген болашағым қайтыс болды Шолпан...
-Не дейсің? Қайдағы Мөлдір...? Тоқтай тұр...Мүмкін емес. Құдайым- ау. Жоқ. Жоқ.Мүмкін емес. Бекем бол. Қайдасың?
-Ауруханадамын. Келші.
-Қазір барам.
Сене алмай отыр. Сенгісіде келмейді. Өрімдей қыздың дүниеден озғанына сенгісі жоқ. Өзінің сүйікті оқушысы Мөлдірдің былай фәниден кеткеніне сене алмай,күйзеліп отыр. Мөлдіреген болашағы зор еді ау. Неге? Кім кінәлі?! Болашағы неге сөнді? Бар өмірі әлі алда еді ғой. Әлде...
Осынау күймен арпалысып отырған Балдырған өткенді есіне түсірді. Алтыншы сыныпқа сынып жетекші болып келгенде ең алғашқы бауырына тартқаны Мөлдір еді. Балғын қыздың өмірге деген қызығушылығы еректұғын. Қашанда күлімдеп,жайдары жүретін. Тілдескенде үлкендерше ойлы сөйлейтін. Бірде талдырмаш қыздың ашуланып:
-Балдырған апай айтыңызшы әлем неге пайдасыз заттарды жаратта береді. Мысалы,менің ата-анам ішіп жүрген арақты. Одан не пайда,біздің болашаққа қандай пайдасы бар?!-деп сұрағанына не деп жауап берерін білмей абдырап қалғаны бар. Ата-анасының ішімдікке салынуы жанына батса да көрсетпеуге тырысатын қайратты қыз. Ата анасын ешқандай жамандыққа қимайтын. Өзгерет деп сеніп жүрді. Мөлдірдің сыныпта жазған бір шығармасын оқыған еді.
"Әжем айтады:"Сенің періштең бар. Оны Құдай жіберді. Ол сені жебеп жүреді." Ал ата анамдыкі қайда? Ол кісілерді зиянды арақтан кім жебеп жүреді?! Менің арманым өскенде ата-анамның періштесі болам" деген бала арманы неткен заңғар еді. Амал нешік...Ей қайран қу дүние-ай! Пенденің өмірін зілзала қылған. Не жазығы бар еді қайсар қыздың? Баланың болашағына балта шапқан байыпсыз дүние-ай. Баланы осындай ойға жетелеп балалығынан алыстатқан мейірімсіз тағдыр. Неге? Не үшін тағдыр? Ойлармен шарпысқан Балдырған өксікке басты. Палатаға жанұшыра кіріп келген Шолпанды көріп:
-Мөлдірімнен айырылып қалдым-деп,палатаны басына көшірді.
-Бекем бол! Жылап ал! Амал нешік пешенесіне жазғаны болар! Арты иманды болсын! Қызымызды өзіне өзі қол жұмсауға нендей себеп итермеледі екен?-деген Шолпан құрбысын құшақтап бірге жыласты. Құрбысының құшағынан суырыла:
-Не дейсің Шолпан? Қайдағы қол жұмсау? Мөлдір, жоқ олай болу мүмкін емес?!
-Менде сенгім келмейді. Бірақ шындығы сол қызымыз өз үйінің балконынан секіріпті. Инспекторлар айтады. Ата анасы ештеңе білмейді екен.
Балдырған Мөлдірдің мұндайға барғанына сенгісі келмейді. Көз алдында жайдары бейнесі сағымданып қол бұлғайды.
Періште қыз...
Жалғас ӘЛІМҒАЗЫ.