Өзіңді ізде

   Бір замандарда Үндістанда өзі егде жасқа келген, жалғыз басты, бірақ дана әйел өмір сүріпті. Күндердің бір күнінде көршілері кәрі әйелдің көшеде еңбектеп, жерді қолымен сыйпалап бір нәрсе іздеп жүргенін көреді. Кәрілік жеңіп, жанары сыр берген жанға көмек бермек болып, не жоғалтқанын білмекке көршілері келеді. Алғашында көршілері әйелден не жоғалтқанын сұрағанда ол жауап қатпай, іздеуді жалғастыра береді. Тек сәлден соң:
  - Инемді жоғалттым,  - дейді. Мұны естіп, жиналғандар көздерімен жерді сүзе бастайды. Жолдың үлкендігін байқап,  біреу тұрып, әлгі әйелден:
  - Бұл жер үлкен. Нақты қай жерде жоғалттыңыз? Оны осы жерде жоғалтқаныңызға сенімдісіз бе? - деп сұрайды. Сонда әйел:
  - Жоқ. Оны мен үйімде жоғалттым, - дейді. Мұны естіген көршілері таңданып:
  - Үйде жоғалтсаңыз, онда үйден табасыз да. Бұл жерден жоғалған инеңізді неге іздейсіз?!
  - Үйімнің іші қараңғы. Ал мұнда жарық.  Сол үшін осы жерден іздеймін, - деген екен. 

        Ойланып көріңіз. Ал біз бақытты қайдан іздейміз? Өзгелердің мал-мүлкінен, байлығынан, кейді тіпті жердің қарама-қарсы бетінен, өзге елден. Өзгелердің өмірінен іздесек мейлі, онымен қоймай оларға қызғыға да қызғана қараймыз. Солардай болуға тырысамыз. Бірақ, сіз ше? Сіздің өміріңіз ше? 

        Әрбір адам дара жаратылыс. Барлығымыз өмірге түпнұсқа болып келеміз. Түпнұсқадан өзге адамның көшірмесін жасаудың қажеті жоқ! Сіздің өміріңіз, ол сіздің өміріңіз! Сіздің бақытыңыз,  тек сіздің бақытыңыз! Бақытты іздеңіз, бірақ өзіңізден! Сізге өмір сыйлайтын жүрегіңізден, сізге бостандық да беретін, тар қапаста, қорқынышта ұстайтын сіздің санаңыздан іздеңіз. Алысқа барудың қажеті жоқ. Есіңізде болсын "қараңғыда жұлдыздар жарық көрінеді". Бақытты, тіпті шынайы "меніңізді" күнделікті көріп, естіп жүрген қоршаған ортадан, "жарық әлемнен" емес, әлдеқайда "қараңғы" өзіңіздің ішкі әлеміңізден, көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын жан дүниеңізден іздеңіз! Жұмыртқа сыртынан жарылса өмір тоқтайды. Жұмыртқа ішінен жарылса өмір басталады. 

P.S. Африканы ауыз сумен қамтамасыз етуге ақшасы жетпейтін, бірақ қашықтағы Марстан суды іздеуге қаржысы жететін жандардың тірлігін жасамаңыз. 

P.P.S. Ал сіз, оқырман, жоғарыдағы тәмсілден өзіңізге не алдыңыз? 



Бөлісу: