Бірде: «Өмір өзгерген сайын, адам да өзгереді. Өзгермесең көштен қалып қоясың» - деп еді Серік Шайман ағайым. Ол кісі нағыз журналист және айтқан сөздерінің барлығы да ой саларлық. Сабақ үстінде сыбырлаған осы сөзі (жоғарыдағы) мені шынымен де толғандырды. Адамзат қатты өзгеріп барамыз, жалпы қоғам өзгеруде. Неге және Қалай?
Өмір – алмасып жатқан күн мен түн және саған бір-ақ рет берілетін үлкен мүмкіндік. Оны қалай пайдаланамын десең де өз еркің. Тек тура жолдан тайып, адаспасаң болғаны. Бәріміз де шағын ғана ауылдан шыққан қарапайым ғана қазақтың қара домалақ ұл-қыздарымыз. Біздің тәрбиемізден әлі де ауылдың исі аңқып тұр. Әттең, қала тұрғындарына бұл сөз таңсық. Түптің түбінде кіндік қаның тамған жер сол ауыл болып шығары сөзссіз. Ауыл адамдары қандай қарапайым, ақжарқын десеңші. Бір-бірімен тату, туыс, қашанда амандығы түзу. Жүздері мен жүректері де мейірімділікке толы.
Сол жандар қалаға барса, сол шаһардың тұрғынына айналса не болады, кім болады? Әрине, ауылдан келген қалалық, кейін келе нағыз қалалық болып шығады. Өзі тап болған ортасына қарай өзгереді. Заман талабы солай болар. Технология қарыштап дамыған уақытта ілесе білу де оңай емес. Сондықтан адамдар бірін-бірі аямайды, бәрінде бәсекелестік, қатігездік, жүздерінде суықтық қана қалғандай. Сен үндемей жүрсең сорлысың, құрмет көрсетсең ақымақсың, жақсылық жасасаң жындысың. Дөрекі айтылса да, шындық солай. Бұдан кейін қалай өзгермейсің, бұлай жүре берсең шын мәнінде көштен қаласың. Жан дүниең де өзгеріске дайындалады. Қызық, осының бәріне не себеп болады екен? Өмірдің мәнін түсінбегеннен бе?
«Өмірдің мағынасы барынша рахат көру» дейді біреулер. Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас. Амалын тапсаң азаптан қаш та, жеңіл жолмен бұл өмірдің ләззатына бөленіп жата бер. Күні қазірге дейін өмірдің мәнін осылай кері түсіндіретін саяз адамдар қоғамда жетіп артылады. Бірақ, сондай жандар өмірдің көшіне ілесуде. Дегенмен, жер бетіндегі пенденің бәрі «Адам» деген атты иемденгісі келеді. Ол үшін сөзің мен ісің сай болсын ағайын. Бәріміз де «адам» деген атқа лайық болайық!