Отбасында бақытты адам Отанын бақытты ете алады

«Дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі» депті британ жазушысы, ойшыл Томас Карлейль. Денсаулық жеке адамның ғана емес, өмір сүріп отырған қоғамның баға жетпес байлығы.

Адамға денсаулық сыйлау үшін тер төгіп, білімін жетілдіріп, қиындықтармен күресіп жүрген астаналық Нармановтар отбасының өз тарихы бар. Қанат Тасболатұлы Астана темір жол ауруханасының компьютерлік томография дәрігері, 1 дәрежелі нейрохирург. Жұбайы Орынгүл нефролог дәрігер, еліміздегі бүйректі ауыстыру отасын тұңғыш ұйымдастырушылардың бірі. Ол Мәскеуден докторлық диссертациясын қорғап, тәжірибе жинап, 2013 жылы Шымкент қаласында осы сала бойынша клиника ашып, қазір 60-тан астам оталардың сәтті жасалуына себепші болды.  

Қанат пен Орынгүлдің отбасы туралы көзқарасы да ойланарлық. Алдымен адам отбасында бақытты болуы керек. Сонда ғана одан нағыз Отанының ұлдары мен қыздары шығады! Бақытсыз адам – өзгені бақытты ете алар ма?! Көріп жүргеніміздей, мықты кәсіби мамандар бар, бірақ жанұясында түсіністік болмай жатады. Ондай жандар жаны күйзелісте болғандықтан барынша беріліп шығармашылығын шыңға шығара алмай жатады...

Иә, Нармановтар бәрінен жоғары отбасы бақытын қойған жандар. Бұл үйде балалардың көңіл-күйі олардың жан дүниесінен хабар беріп тұратын ата-ана үшін аса маңызды көрсеткіш боп табылады. Олар әр күні балаларының ішкі әлеміне үңілуге тырысады. Ерлі-зайыпты дәрігерлер Нармановтардың ойынша, «балаға барлық жағдай жасадым» деген түсініктің астарында тек материалдық заттар ғана жатыр. Олар өмір сүруге жасалған материалдық нәрсе баланың келешегінің дұрыс болуына кепіл бола алмайтынын айтады.

- ылғи балаларымызға «қандай қателік жасасаң да бізден жасырма. Қорықпай ашық айт. Қандай жағдайға тап болсаң да бар көмегіміз жасаймыз» деп айтып отырамыз дейді Орынгүл Жақсыбайқызы. «Қоғамдағы жастар арасындағы зұлымдық, түсік тастау, нашақорлық, т.б. келеңсіздіктер отбасынан бастау алған, тәрбиедегі жауапсыздықтың ғана жемісі», - деді Орынгүл Жақсыбайқызы. Соған сәйкес, өздері үйдегі қыздарымен  қоғамдағы елеулі мәселелер туралы ашық айтып, талқылап отыруға бейжай қарамайды.    

Бұл отбасының көрікті қыздары Астанада, алыс шетелдерде білім алды, бір-бір кәсіпті жетік меңгерген абыройлы мамандар. Олар өнерден де құралақан емес. Әсел мен Алтынай, Ғазиза шығармашылыққа жақын, сезімтал қыздар. Ән де салады, би де билейді. Кенжесі Таир мектеп табалдырығын биыл аттады. Ата-ана оның кішкене жасына қармастан адамгершілік қағидаларына тәрбиелеп, қай мамандықты таңдайтынын, өскенде кім болатынын қателеспей таңдауды өзіне қалдырып отыр.  

Адамдар арасында мейлі ол емделуші ма, әріптес пе, туысың ба, балаң ба, бөгде адам ба, тіл табысу маңызды болғандықтан дәрігерге психолог болу шарт. Осы негізден Орынгүлдің екінші мамандығы – психолог.

Нармановтардың пікірінше, мансап жолы бала тәрбиесіне, қоғамдағы адаммен қарым-қатынасқа қарағанда оңай жол.  

Қанат та, жұбайы да балалар музыка мектебінде домбыра аспабына ойнауды жақсы меңгерді. Қазір отбасында, музыкалық кештер ұйымдастырып, балаларына домбырада ойнап береді. Екеуі де өздері оқыған Ақтөбе медицина институтының халық аспаптар оркестрінде домбырада ойнады. Осы танымал оркестрмен гастрольге де шығып жүрді. Сөйтіп көңіл жарастырып, отау құрды. «Тұрмысқа шығатынымды әкеме айтқанда, оңтүстіктің жігітіне қалай шықпақсың? Салты басқа, дәстүрі өзгеше, ғылымыңды қалай жалғастырмақсың сонда? деп шошыды», деп күліп алды ғалым. Иә, қазір сол күйеу балалары олардың ең сыйлы, сүйікті баласындай боп кетті. Қанат жұбайының ғылыми ізденістеріне бөгет болмай, барлық жағдайын жасады. Диссертация жазған кездері балаларға қарап, асын да пісіріп қойды.  

«Біздің өмірлік ұстанымымыз – әрқашан да мықты болу», - дейді олар. Жоғары дәрежелі нефролог дәрігер Орынгүл Жақсыбайқызы мінезі де, ойлау жүйесі де өзгеше жандардың бірі. Ол өз ісіне біржола бетбұрып,  тоқсаныншы жылдардың ортасындағы қиын кезеңде, газ да, жарық та, жылу да болмаған суық үйде тұрып жатқан «салқын» кезеңде Мәскеуге аспирантураға түсуге бел буды. Мықты мамандардың өздері нанын әрең тапқан сол кезеңде көптеген дәрігерлердің бала-шаға қамы үшін базарға саудаға кеткенін көзіміз көрді... Орынгүлдің шешіміне «қайдағы ғылымды айтасың?» деп күлгендер де болды. Бірақ оны нефрология ғылымы саласына қызығушылығы алға жетеледі. Алған жолынан қайтпай, ол үш жылда кандидаттық диссертациясын қорғап шықты...  

«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген ғой философ Артур Шопенгауэр. Дертке шалдығып жанына сая, ауруына дауа іздеген талай жанның жасына, ұлтына қарамай, қолұшын беріп, сауығып кетуіне себепкер боп жүрген ерлі-зайыпты Нармановтар шын мәніндегі кәсіби мамандық иелері. Олар отбасында бақытты, ең бастысы, адам атына сай өмір сүруді ұстаным еткен абзал жандар.   



Бөлісу: